Президент • 25 Қыркүйек, 2018

Көп көрсеткішке көңіл толмайды

277 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы» атты халыққа Үндеуі тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік екені белгілі. Президенттің өзі басымдық берген бес бастама өңірлерде де жүзеге асырылуда.

Көп көрсеткішке көңіл толмайды

Үндеуде көрсетілген әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың жалақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту және елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру сияқты бес бастаманың маңызы тұрғындар үшін өте зор. Президент белгілеп берген бес бастаманың Жамбыл облысында насихатталуы қай деңгейде?

Бүгінде баспана басты мәселесіне айналған адам көп. Бұл орайда әрбір тұрғынның баспаналы болуына «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарл­амасының тигізер көмегі орасан. Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшы­сы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрбол Қалдыбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңірде 311,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 72,2 процентке орындалыпты. Сонымен қатар бүгінгі таңда әкімдіктерде арендалық тұрғын үй алу үшін 23055 адам кезекте тұр екен. Олардың ішінде 12 986 азамат халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобының өкілі болса, 7354 азамат бюджеттік мекеме қызметкерлері болып саналады. Ал кезекте тұрған 2706 адам жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қал­ған балалар болса, 8-і Ұлы Отан соғысының ардагері, 1 азаматтың үйі апатты жағдайда деп танылған. Дей тұрғанмен, биыл 953 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл көр­сеткіш кезекте тұрған тұрғын­дардың 4,1 процентін қамтиды екен. «Осындай қарқында тұрғын үй салынатын болса, бүгінге дейін кезекке тұрғандарды және жыл сайын кезекке тұратындарды есептемегенде, 24 жылда тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз етеміз. Соңғы 3 жылда жасалған мониторинг бойынша, орта есеппен жылына 1900 адам кезекке тұруда», дейді Нұрбол Қалдыбаев.

Өңірдегі тұрғын үйлер негізінен республикалық бюджет есебінен салынуда. Аталған басқарманың мәліметінше, «Нұрлы жер» мем­лекет­т­ік бағдарламасына сәйкес, республикалық бюджет есебінен жылына 35,0 миллиард теңге қаралып, ол еліміздегі 17 өңірге бірдей бөлінгенде 2,187 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл қаражатқа 1 шаршы метрін 140,0 мың теңгеден есептегенде, 3-5 көпқабатты тұрғын үй салуға болады екен. Сонымен қатар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалының мәліметінше, облыс бойынша 44 648 салымшы есебінен 99,5 миллиард теңге жинақталған. Осы орайда Нұрбол Қалдыбаев ағымдағы жылы тапсырылатын 800 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйден пәтер алуға 1039 азаматтың ниет білдіргенін айтты. Олардан түскен 308 өтініш қаралып, 228 азаматтың төлем қабілеттілігі бойынша растау алынған. «Қалған 572 пәтерді сату мақсатында биыл 17 қыркүйектен бастап өтініштерді қабылдау туралы хабарлама берілген. Ал «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктерге 125,7 миллион теңгеге 11 өтініш түсіп, 69,9 мил­лион теңгеге 7 өтініш бойынша несие берілді», дейді ол.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасының орындалуын бақылау туралы жиында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бұл көр­сет­кіштерге көңілінің толмайтынын жеткізген болатын. Яғни әкім бұл бағыттағы жұмыстардың жүйесіздігін сынға алып, алдағы уақытта тұрғындар арасында түсін­діру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керектігін айтқан еді. «АТФ» банкі Тараз қалалық филиалының директоры Гуля Оразбаева да бүгінде «7 – 20 – 25» бағдарламасына қатысты түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын алға тартты. Облыс әкімі әкімдік, банк және «Баспана» ипотекалық компаниясы өкілдерінің бір ғимаратта бірлесе түсіндіру жұмыстарын жүргізу бас­тамасы тек сөз жүзінде қалып отырғанын ескертті. 
Елбасы белгілеп берген бастамада студенттерді жатақханамен қамту жайы да айтылған болатын. Қазір Тараз қаласында үш жоғары оқу орны жұмыс істейді. Екі жоғары оқу орнында 1264 орынға арналған жатақхана болса, бүгінде өңірде 1637 студенттің жатақханаға мұқ­таж екені белгілі болып отыр. Мәселен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 657 орынға, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде 780 орынға және Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 200 орынға жатақхана қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар облыстағы үш колледж студенттері үшін 750 орындық жатақхана салу қажет. Дегенмен, Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­лекет­тік университетінің балансында 1,5 гектар жер телімі бар. Сондықтан бүгінде аталған оқу орны тарапынан «ПИКО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестор ретінде анықталыпты. Сонымен қатар басқарма басшысы жобалық құны 1 миллиард 350 миллион теңге болатын жобалық-сметалық құжаттардың ашық порталға салынғанын, қазіргі таңда жобаны қаржыландыру үшін еліміздің Білім және ғылым министрлігі тарапынан жасалып жатқан типтік үшжақты келісімшарт пен мемлекеттік тапсы­рыс­ты орналас­тыру жөніндегі Ереженің бекітілуі күтілуде екенін айтты. 

Ал Тараз Мемлекеттік педа­гогикалық университетінің балансында 0,7 гектар жер телімі бар екен. Бүгінде аталған оқу орны мен Қазақстан ипотекалық компаниясы өзара меморандумға қол қойған. Сонымен қатар жобалық құны 1 миллиард 160 миллион теңге болатын жобалық-сметалық құжаттары толығымен әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Енді министрлік тарапынан тиісті Ереже мен келісімшарт жобасы бекітілсе, қол қойылған меморандум аясында екінші деңгейлі банк­тер арқылы қаржыландыру мен инвес тор тарту жұмыстары жүргізіледі.
Президент ұсынған бес әлеуметтік бастамада айтылған шағын несие беруді көбейту бойынша да өңірде қолға алынған жобалар бар. Облыста өз ісін бастауға ынталы азаматтар үшін тиімді шарттарға негізделген шағын несие беру мекемесі құрылады. Аталған мекеменің негізгі қорына өңір кәсіпкерлері мен Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы салған қаражат есебінен шағын несиелер беріледі. Сонымен қатар қор қаражаты көлемін үш жылда 3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған.

Бес әлеуметтік бастама негізінде тұр­ғындарды газбен қамту да өзекті мәселе. Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаровтың мәлі­метінше, бүгінде өңірдегі елді­ мекендердің 48 проценті газбен қамтылған. Ал бұл көрсеткішті 2018-2025 жылдары 94 процентке жеткі­зу жоспарда бар. Нақты айтсақ, соң­ғы он жыл ішінде 133 елді мекен газдан­дырылған. 

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындауда көңіл көншітерлік те, көңіл толмайтын да көрсеткіштер бар. Ең бас­тысы, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар бақылауда. Сонымен қатар нақты жобалар мен жоспарлар да жетерлік.

 Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы