Әдебиет • 25 Қыркүйек, 2018

Кемел Тоқаевтың шығармалар жинағының тұсауы кесілді

1674 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда ғана «Ана тілі» баспасынан Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша қазақ прозасындағы детектив жанрының негізін салған қаламгер Кемел Тоқаевтың 5-томдық  шығармалар жинағы жарық көрген болатын. Ғылым ордасында бас қосқан әдеби қауым оқырманға қайта жол тартқан тағылымы мол   туындылардың тұсауын кесті.

Кемел Тоқаевтың шығармалар жинағының тұсауы кесілді

Қалың оқырманға қанат қаққан бес томдықтың алғашқы кітабына жазушының өз заманында  аса жоғары бағаланған сүбелі шығармасы «Солдат соғысқа кетті» романы мен «Түнде атылған оқ», «Тасқын» повестері енген. «Ұлы Отан соғысында 22 жасында ерлік өліммен қаза тапқан политрук Қасым Болтаевқа арнаймын»  деген эпиграфқа қарап автордың бұл шығармасына айрықша шынайылықпен, көкейін тескен тебіреністі күймен қалам тербегенін аңғаруға болады. Ал қаламгердің күрделі шығармасы саналатын – «Соңғы соққы» романы екінші томда орын тепкен. «Жазушының таңдаған тақырыбына терең зерттеу арқылы  барып, өткен өмірдің қиын-қысталаң шағындағы дерегі мен дәйегі, шындығы мен аңызы араласып кеткен оқиғалардың тінін ашуға тайсалмай барғаны тәнті етеді. Осы тақырыпты игеру жолында қандай қиындықтар мен кедергілердің барын біле тұра қаламын қайсарлықпен сілтей білуіне қарап, қаламгердің рухани қуатының қандай болғанын бағалай аламыз» дейді зиялы қауым өкілдері.

Қазақ прозасында детектив жанрының жолашары бола білген жазушының қалам қуатын танытатын жинақтың үшінші томында «Ұясынан безген құс» романы мен «Қастандық» повесі жарық көрген. Оқырманын баурап әкететін  туындыдан  ізгілікті әрі иланымды ұстанымды көреміз. Өмірде болған оқиғалар ізімен жазылған, шытырман оқиғалы шығармалар кім-кімді болсын бей-жай қалдырмайды. Өмірдің өз шындығын көз алдыңа әкеледі.

Қаламгердің көп тер төккен тақырыбы, қазақ прозасына тың үрдіс әкелген шығармалары. Әсіресе көпке мәлім – шытырман оқиғалы повестері. Қаламгердің бұл шығармалары («Сарғабанда болған оқиға», «Көшпенді үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық», «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында») төртінші томнан орын алған. Бесінші томға Кемел Тоқаевтың «Замандастар сыры» деп аталатын Қасым Қайсенов туралы деректі повесімен бірге жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы замандастары мен қаламдастарының естеліктері енген.

Соғыс тақырыбына қалам тербеген қаламгерлер қатарында Кемел Тоқаевтың есімі ерекше аталады. Бейбіт күннің құтын қашырған соғыстың сұрапыл күндерінде ел мен жерді қорғауға қатысқан қаламгер жастық шағының жарқылдаған күндерін соғыстың суық та сұрқай шебінде, оқ пен оттың арасында өткізді. Мұның бәрі ұмытылмады, оның бейбіт өмірге келгеннен кейінгі өмір жолында қаламына-қуат, шабытына – шуақ берді. Кейіпкерлерін өмірдің өзінен алды. Жазушыны қалың оқырман шытырман оқиғалы дүниелер жазатын әрі онысы көп тиражбен шығатын қаламгер ретінде біледі. Оқиғалары тосын, шиеленісті болып, адамды бірден баурап әкетер, сюжеті қалың қатпарлы повестерін қызыға оқып жоғары бағалайды. Кемел Тоқаевтың болмысын, қаламгерлік қарымын тану үшін жазғандарын оқу керек. Ал оқыған жанның өз дәуірінің болмысын көркем сөзбен кестелеген қаламгердің еңбегіне риясыз ықыласты болары сөзсіз, – дейді жинақты құрастырушы жазушы Жақау Дәуренбеков.

Сұрапыл соғыс өмірін шынайы көрсететін шығармалар мен бүгінде кенжелеп қалған детектив жанрының биігінен орын алған көркем туындылардың басын қосқан бес томдық жинақтың әр томы бес мың данамен  жарық көріп отыр.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ