Білім • 25 Қыркүйек, 2018

Түркиялық ғалым дәріс оқыды

581 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркия Республикасы Президент әкімшілігінің қолдауымен Юнус Эмре институты тарапынан ұйымдастырылып отырған Таяу Шығыс техникалық университетінің профессоры Мелахат Білге Демиркөз  Түрік академиялық және ғылыми ынтымақтастық жобасы («TABİP») аясында Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. 

Түркиялық ғалым дәріс оқыды

Бұл жоба Түркияның ғы­лы­ми әлеуетін таныта отырып, бауыр­лас елдің ғалымдары және ма­мандарының өзара ынтымақ­тас­тығын арттыру мақсатында жүргізіліп отыр.  Ал қазіргі таңда кез келген да­мы­ған ел ғарыш саласын бейбіт мақсатта игеруге көп көңіл бө­леді. Бұлардың қатарында Түр­кия мемлекеті де бар. Түрік елінде әлемнің ең үздік уни­вер­ситеттерінің ғарышқа қатысты зерттеу жұмыстарына атсалы­сып жүрген көптеген жас маман­дар мен ғалымдар бар. Солар­дың бірі –  Массачусетс техно­ло­гиялық институты (MIT)  мен Окс­форд сияқты әлемнің ең үздік уни­верситеттерінде білім алған  жас профессор, Швециядағы Еу­ро­палық ядролық зерттеулер орта­лығы CERN-дегі Түркияның  өкі­лі Білге Демиркөз. Ол Юнус Эм­ре институтының қолдауымен 2017 жылы Белоруссияда жа­рия­ланған «Білім жылы» шара­сы аясында ғалымдармен кездесіп, кон­ференция өткізген болатын. Профессор осы жылы Қазақ­стан­ның үш қаласында ғалымдар және студенттермен кездесуді жоспарлап отыр.

Аталған шара аясында Білге Де­миркөз Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орта­лығының ұйымдастыруымен кеше Назарбаев Университетте студенттер мен ғалымдарға арнап конференция өткізді.  Кон­фе­ренцияның тақырыбы «Түркияда ғарыштық радиация тестерін жасау жобасы: CERN-мен ынтымақтастық».  

«Біз қазіргі уақытта ғарыштық радиацияның зияндарын зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар адам баласының осы радиацияға төзімділігі қаншалықты, оны қа­лай күшейтуіміз керек сол жа­ғы­нан біршама жұмыс атқа­рудамыз. Конференциялар үшін мен Қазақстанды таңдауым бекер емес. Өйткені Қазақстан – ға­рышқа жол салған, ғарыш индустриясы дамып келе жатқан ел. Қазақстан 1993 жылғы ақпан айындағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лығына сәйкес ғарыш саласын дамытуға арналған өкілетті орган «Қазғарыш» ордалы бір ұйымға ай­налып үлгерді. Жә­не де мен өзім­нің көптеген шә­кірт­те­рім ар­қылы Қазақстан жайлы ақ­па­рат­тарға қанық болдым», деді ол.

Таяу Шығыс техникалық уни­вер­ситетінің профессоры бұған дейін бірнеше лауазымдық қыз­меттерді атқарып, өз сала­сы­ның білікті маманына айнал­ған. Дәлірек айтқанда, 2013-2014 жылдары Түркияның ғылы­ми-технологиялық зерттеу ұйы­мы­ның (TÜBİTAK) Космос инсти­тутында кеңесші, 2014-2015 жыл­дары аралығында Түркия Рес­публикасы Энергия және пайдалы қазбалар министрінің кеңесшісі, 2015 жылдан бастап Таяу Шығыс техникалық университеті Қоғам мен білім ор­талығында басқарма мүшесі, 2013 жылы TÜBİTAK Білім кеңесі және тағы да басқа жауапты жұмыстарды абы­роймен атқарып, 2018 жылы ROKETSAN (Ракета өндірісі индустрия­сы) кеңесшісі болып тағайындалған. 

Білге Демиркөз ғалымдар және студенттерге арналған конференциясын алдағы уақытта Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде және Ал­матыдағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразиялық зерттеу институтында жалғастырады.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»