Медицина • 19 Қыркүйек, 2018

Жаһандық конференцияда жаңа декларация қабылданады

662 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада 25-26 қазанда Алматы декларациясының 40 жылдығына  орай медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуге арналған жаһандық конференция өтеді. Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, ДДҰ Бас директорының көмекшісі Наоко Ямамото және ЮНИСЕФ Атқарушы директорының жаһандық бағдарламалар жөніндегі орынбасары Тед Чайбанның қатысуымен конференцияға дайындық мәселелері бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Жаһандық конференцияда жаңа декларация қабылданады

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді одан әрі дамытуға серпін беретін және заманауи жаһандық денсаулық сақтау жүйесінде Қазақстанның жаңа рөлін қалыптастыруға ықпал ететін конференцияны өткізуді Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов биылғы жылдың 26 сәуірінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесуспен Женевадағы кездесуі кезінде ұсынған болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Қазақстан Үкіметі ұйымдастырып отырған алқалы жиынға ДДҰ-ға мүше 100-ден аса елден делегация шақырылған. Басқосуда медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің практикалық мәселелері талқыланып, осы сала бойынша енгізіліп отырған жаңа заңнамалық өзгерістер таныстырылады. Сондай-ақ, еліміздің білікті, білімді мамандарымен қатар еңбек жолын енді бастаған жас мамандар шетелдің тәжірибелі дәрігерлерімен өзара тәжірибе алмасады.

XX ғасырдағы денсаулық сақтау ісінің ұлы хартиясы атанған Алматы  декларациясы халық денсаулығын қорғаудың басты құжаты болғаны анық.  Сарапшылардың айтуынша, 40 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда халық денсаулығы жақсара түскен, өмір сүру жасы да анағұрлым ұзарған.

Наоко Ямамотоның қазақстандық дәрігерлер халық денсаулығын сақтауда қарқынды қадам жасағанын атап өтті. «1978 жылы қол қойылған Алматы декларациясы баршаның денсаулығына қол жеткізудің негізгі стратегиясы ретінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті насихаттайтын тұңғыш халықаралық декларация болды. Медициналық қызметтің сапасы барлық елде өзекті. бірақ оған толықтай жету оңай емес. Ол үшін дәрігерлер жұртшылыққа жақын болуымыз керек. Біз алдағы басқосу арқылы денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік аламыз. Әлемдік сарапшылар мен болашақ мамандар денсаулық сақтау саласының мәселелерін бірлікте талқылайтын боламыз», деді ДДҰ Бас директорының көмекшісі Наоко Ямамото.

Конференция кезінде жаңадан Астана декларациясы қабылданбақ.  Жиынға қатысушылар бұл әлемдегі бастапқы денсаулық сақтауды одан әрі дамыту бағытын анықтайтынын айтты. Министр Е.Біртанов Алматы мен Астана декларацияларының негізгі айырмашылығына тоқталып: «Қырық жылдан астам уақытта Қазақстанның ғана емес, әлем халықтарының өмір сүру жасы артты. Демек, қарттар медициналық қызметті көбірек пайдаланады. Сондай-ақ, қырық жыл бұрын инфекциялық аурулар - өте маңызды аурулар қатарында болса, алғашқы медициналық көмектің арқасында көптеген аурулар жойылды. Қазір жұқпалы емес аурулар - қант диабеті, бауыр, өкпе аурулары дүние жүзінде өзекті болып отыр. Олардың алдын алу үшін профилактикаға көңіл бөлген жөн. Үшінші маңызды фактор - жаңа технологиялар. Қырық жыл бұрынғы медицина мен қазіргі медицинаның арасы жер мен көктей. Ақпараттық технологиялардың рөлі көбейіп жатыр. Осының барлығын тиімді пайдалануымыз керек», деді.

Айта кетейік, конференцияда жоғары деңгейдегі 6 пленарлық отырыс, 18 қатар сессия өтеді. Сондай-ақ конференцияның бірінші күні саяси көшбасшылардың денсаулықты медициналық-санитариялық алғашқы көмек арқылы сақтауға адалдығын атап өту үшін конференцияға шақырылған мемлекет басшыларымен кездесу өткізілетін болады.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»