Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2018

Міндет – сапалы байланыспен қамтамасыз ету

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Қазмедиа орталығында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда ақпарат, ақпараттық коммуникациялық технологиялар және мемлекеттік қызметтерді көрсету салаларын дамыту мәселелері қаралды. Шараға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қоғамдық кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов қатысты.

Міндет – сапалы байланыспен қамтамасыз ету

Қоғамдық кеңес мүшелері отырыс барысында төрт негізгі мәселені талқыға салды. Оның алғашқысы, қала мен ауылдағы телефон байланысын дамытудың өзекті мәселелеріне арналды. Қоғамдық кеңестің мүшесі Дулат Оразалинов тақырып бойынша баяндама жасап, қазіргі таңда тұтас Қазақстанды сапалы байланыспен қамтамасыз етудің жолдарымен таныстырып өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда мобильді байланыс саласындағы кеңжолақты интернетке қолжетімділік 2015 жылдан бері күрт артқан. Әсіресе еліміздегі қала тұрғындарының LTE байланыс жүйесі енгізілгелі бері ғаламторға қолжетімділігі артса, ауылдар мен аудандық орталықтар одан кенжелеу қалды. Себебі аудан орталықтарында арнайы техникалар аз.

Сонымен бірге ауылдар мен қала тұрғындары арасында стационарлық телефоннан бас тартып, ұялы байланыс телефондарына көшушілер саны көбеюде. «Бүгінде Қазақстанның 4 процент халқын есептемегенде, еліміздің барлық тұрғындары 2 G деңгейінде ұялы байланыс желісімен толық қамтылған. Еліміздің ұялы байланыс операторлары халық саны мыңнан асатын ауылдарға байланыс орнатып, 2020 жылға дейін 500-ден асатын тұрғыны бар ауылдарға байланыс желісін орнатуға міндеттеме алған. Бұл тұрғындар саны өте аз ауылдарға да 2 G деңгейлі ұялы байланыс келеді деген сөз. Әуел баста ауылдарға байланыс орнатушы ұялы байланыс операторлары шығынға ұшырады. Сол себепті 2004 жылдан бастап байланыстың осы түрін субсидиялау туралы арнайы заңнама қабылданды. Бүгінгі таңда қабылданған шара өзіне артылған жүкті толыққанды өтеп, ірі ауылдардағы субсидиялауды тоқтатуға болатындығын, сонымен бірге ұялы байланыс операторларының арасында еркін бәсекелестік жүргізу мүмкін екендігін көрсетіп отыр. Алайда тұрғындар саны өте аз, 50-100 шақты адамнан құралатын ауыл­дарда байланыс жоқ. Болған күннің өзінде оларда ұялы байланыс операторлары арасында бәсекелестік болуы мүмкін емес. Сондықтан субсидиялауды тоқтату мүмкін емес», деді Д.Оразалинов. 

Қоғамдық кеңес отырысы барысында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының қызметі туралы, сонымен қатар ашық үкіметті дамыту, оның ішінде азаматтарды ашық үкіметті қалыптастыруға тарту мәселелері, министрліктің әдеп жөніндегі уәкілінің қызметі туралы сөз болды.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»