Өнер • 25 Қыркүйек, 2018

Ән сайыста Әділхан озды

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында эстрада орындаушыларының республикалық «Жұлдыз-2018» ән байқауы қатарынан сегізінші мәрте өтті. Кіл мықтыны анықтайтын конкурс биыл Астананың 20 жылдығына арналды. Өнер додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 18 үміткер қатысып, бас жүлде үшін өзара бақ сынасқан болатын. 

 

Ән сайыста Әділхан озды

Байқаудың талабына сай, әрбір үміткер екі әннен орын­дап шықты. Бірінші кезекте әлемдік хит әндер орындалса, шешуші кезеңде қазақтың танымал туындылары шырқалды.

Талабы таудай талант иелерін анықтап, оларды шы­ғармашылыққа баулу мақ­сатында өткен респуб­ликалық ән байқауына еліміз­ге белгілі мәдениет қай­рат­керлері мен әншілер қа­зылық етті. Қазылар алқасы мүшелерінің бірі, «МұзАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің айтуынша, мұндай өнер бай­қаулары әншілердің кәсіби деңгейге көтерілуіне тіке­лей ықпал етеді. Сон­дай-ақ осыған балама болатын ән конкурстары жиі өткізілсе деген тілек те айтылды.

Сонымен байқау нә­тижесі бойынша Дәс­түр Асылхан (Астана қала­сы), Анар Тәжен­таева (Қа­ра­ғанды облысы) және Ай­лина Лепесова (Алма­ты қа­ласы) дипломант атанса, Пав­лодардан келген На­талья Процкая көрермендер көз­айымына айналды.

Байқаудың үшінші жүл­десіне Мержан Қаб­долов (Атырау облысы) пен Жанер­ке Қабатаева (ШҚО) лайық деп танылды. Түркістан облысының әншісі Ерік Төленов екінші жүлдеге ие болса, бірінші орын Алматы облысынан келген үміткер Қарлығаш Биғазықызына бұйырды. Ал «Жұлдыз-2018» респуб­ликалық байқауының Гран-при жүлдесіне Солтүстік Қазақстан облысынан келген Әділхан Макин ие болды.

Конкурста үздік шық­қандарға дипломдар мен ақша­лай сертификаттар табыс етілді. Байқау соңы кон­курс жеңімпаздары мен қазылар алқасының мүше­лері және қазақ эстрадасы жұлдыз­дары­ның қа­тысуымен өткен гала-кон­цертке ұласты.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ