Әдебиет • 25 Қыркүйек, 2018

Жауқазын жырлар жалыны

580 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жауқазын жырларымен оқырмандарын елең еткізіп, болашағынан үлкен үміт күттірген ақын, журналист Назгүл Өтенованың есімі өңірде жан-жақты ұлықталып келеді.

Жауқазын жырлар жалыны

Облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің бастамасымен былтыр «Тілім жатыр тамырынан қырқылып, Жана­рымда жасым содан тұр тұнып.Туған жұртым қалмасын деп іркіліп, Жан жүрегім жүр ғой менің жыртылып» деген орамды ойлар, сергек сезімдер, кестелі тілдер молынан кездесетін өлеңдер, публицистикалық мақалалар топтастырылған жинақ жарық көрді. Ол білім алған М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде «Тіл – қа­зына» жобасы аясында дәрісхана ашыл­ды. Өмірі мен шығармашылығы сыныптан тыс оқу сабағына енгізілді. Енді, міне екі мүшел жасында қырмызы гүлдей мезгілсіз солған жерлесіміздің құрметіне ұйымдастырылған жас ақындар мүшәйрасы өз мәресіне жетіп, қорытындысы жария етілді.

– Жұртшылыққа алдымен айтыскер ақын, кейін отты жырларымен танылған Назгүл қысқа ғана ғұмырында жасындай жарқылдап өтті. Мінезі өршіл, арманы асқақ еді. Сұм ажал арамыздан беймезгіл алып кеткеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, кешегідей көз алдымызда жүрген сияқты, дей келіп, Қазақстан Жазушылар одағы жергілікті бөлім­шесінің төрағасы, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Жарас­бай Сүлейменов әдеби кешке жиналғандарға тырнақалды мәдени шара­ның жыл сайын өткізілетін дәстүрге айналатынын, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сафуан Шаймерденов, тағы басқа ұлт тұлғаларына қатысты жобалардың жү­зеге асырылып жатқанын жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының мү­шесі, арқалы ақын Зейнолла Әкім­жанов, алғашқы ұстаздарының бірі Бектұрған Рамазанов, сіңлісі Айман Тель­манқызы, дәрісхана жетекшісі Лина Ысқақова ақынның ешкімге ұқ­са­майтын болмыс-бітімі, ұлтжанды қа­сиеттері жайлы естеліктермен бөлісті.

Арнайы комиссия жыр бәйге­сіне үкілеп қосылған қырыққа жуық үміткердің ішінен ең таңдау­лы­­ларын іріктеді. Бірінші орынға Ә.Досмұхамбетов атындағы облыс­тық дарынды балаларға маман­дан­ды­рылған гимназия-интернаттың оқушысы Дильфуза Абдукаюмова лайық деп табылды. Екінші орынды пав­лодарлық Алтынбек Мақсатхан, үшінші орынды мамлюттік Гүлжамал Сүлейменова иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, өнер өлкесіне қа­дам басқан басқа да талапкерлерге де ақшалай, заттай сыйлықтар табыс етілді. Жыр мүшәйрасын ұйым­дастыруға белсене қатысқан ұстаздар Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы