Спорт • 25 Қыркүйек, 2018

Бүгін Бакуде белдескен қос балуанымыз ұтылды

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дзюдодан Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін тағы екі салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Өкінішке қарай, жарыс жолына шыққан қос жерлесімізде ұтылып қалды. 

Бүгін Бакуде белдескен қос балуанымыз ұтылды

100 кило салмақта Виктор Демьяненкоға сенім артылған еді. Ол өзінің тұсаукесер кездесуінде Иван Ремаренкомен күш сынасты. Молдовада туып-өсіп, кейіннен Біріккен Араб әмірліктеріне қоныс аударған 30 жастағы бұл балуан бұған дейін де біраз белестерді бағындырған болатын. Атап айтсақ, ол 2014 жылы Челябіде өткен әлем чемпионаты мен 2017 жылы Бакуде алауы тұтанған Ислам ынтымақтастығы ойындарында қола жүлдегер атанды. Осы азулы қарсыласқа жерлесіміздің әлі жетпеді. 

78 кило салмақ дәрежесінде Зарина Райфова боз кілемге шықты. Алғашқы айналымда ол гвинеялық Мамадама Сюллаға сан соқтырғанымен, іле-шала франциялық Маделеин Малонғаға есе жіберді. 

Ертең алыптардың айқасын тамашалаймыз. Ерлер арасындағы +100 келі салмақта Ерасыл Қажыбаев татамиге шығады. Ол Чили спортшысы Франциско Солиспен тіреседі.  Әйелдер бәсекесінде +78 кило салмақта қос жерлесіміз жарыс көрігін қыздырады. Тұсаукесер кездесуін Қамила Берліқаш украиналық Елизавета Каланинаға қарсы өткізесе, Гүлжан Исанова Пурто-Рико дзюдошысы Мелисса Мохикамен күреседі.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»