Медицина • 26 Қыркүйек, 2018

Іскер әйелдер отбасын да, Отанын да өрге сүйреп жүр

1780 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 40 проценттен астамын нәзік жандылар басқарады. Ал жалпы жұмыс істейтін әйелдер үлесі бойынша Қазақстан әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында екен. Яғни, еліміздегі еңбек күшінің едәуір бөлігі арулардың еншісінде деген сөз.  

Іскер әйелдер отбасын да, Отанын да өрге сүйреп жүр

Қазір әйелдер бизнесін дамыту мем­лекеттік бағдарламалар арқылы да, халықаралық қаржы инсти­туттарының арнасы арқылы да іске асырылып жатыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, «Бизнестің жол картасы-2020» аясында биыл әйелдер кәсіпкерлігіндегі 244 жоба­ға немесе жалпы жобалардың 34 процентіне субсидия беріліпті. Әйел­дер кәсіпкерлігіне шағын несие беру бағдарламасын 2010 жылдан бері «Даму» қоры жүзеге асырып келеді. Бүгінге дейін 1,5 мыңнан астам заемшыға 14 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Мұның бәрі осыдан 20 жыл бұрын Президент жанынан құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ілкімді бастамаларымен жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесі деу­ге болады. Бұл ретте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі де ауқымды шаруа атқарып жүр. 

«Негізінен әйелдер кәсіпкерлі­гінің әлеуетін әлеуметтік маңызы бар салаларға бағыттау керек», дейді аталған Кеңестің төрайымы Лаззат Рамазанова. Өйткені БҰҰ деректеріне сәйкес, мемлекеттің тұрақтылығы әйелдердің эконо­микалық, әлеуметтік және саяси құқықтарына тікелей байланыс­ты екен. Оған көптеген зерттеу­лер дәлел. Мәселен, Бостон Консалтинг групп зерттеуі көрсеткендей, әйел­дер құрған компаниялар ер-азамат­тар бас­қа­ратын компанияларға қара­ғанда, табысты көбірек табады екен. Өйткені кәсіпкерлікпен айналысу әр адам­ның жеке мүм­кіндігі мен қарым-қабілетіне, көш­басшылық қасиетіне тікелей байланысты.

«Қазақстанда гендерлік теңге­рім­­нің рөлі ең жоғары деңгейде баға­ланған, нақты міндеттер мен көрсеткіштер Қазақстан дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында белгіленген. Аталған құжат бағыттарының бірі – кәсіп­керлік қызметке қажетті ресурс­тардың барлық түрлеріне ерлер мен әйелдердің бірдей қол жеткi­зуiн қамтамасыз ету. Бұл шаралар гендерлік аспектіде мемлекеттік қыз­меттердің қолжетімділігінің талдауы мен ШОБ субъектілерін мем­лекеттік қолдау, әйелдер кәсіп­керлігіндегі әкімшілік кедергілерді қысқартуды қамтиды. Сондай-ақ «Атамекен» кеңес беруші орган­дардың арасынан бірінші болып өз алаңында Іскер әйелдер кеңесін құрды», деді Кеңес төрайымы. 

Екі жыл ішінде Іскер әйелдер кеңесі қанатын кеңге жайып,  16 өңірлік кеңес және 170 аудан орта­лығында кеңестер құрылған. Оларды қазір белсенді қыз-келін­шектер бас­қа­рып отыр.

«Қазақстанның барлық өңі­рін­­де­гі белсенді әрі табысты іс­кер­ әйел­дердің басын қостық деп се­нім­мен айтуға болады. «Ата­мекен» кәсіпке енді аяқ басқан және белсенді жұмыс істеп жатқан кәсіп­кер әйелдерге Іскер әйелдер кеңе­сі арқылы түрлі қолдау көр­се­туде. Биыл 3 стратегиялық ба­ғыт­ты қамтыған дамудың жаңа дең­гейін белгіледік», дейді  Л.Рама­занова. Оның бірінші бағыты – қар­жылан­дыруға қолжетімділікті қам­тамасыз ету. Екінші бағыт – әйелдер кәсіпкерлігінің білім беру бағдарламаларын іске қосу және шағын несие беру арқылы жүзеге асырылатын бизнес жобаларды қолдау. Үшінші бағыт –  әйелдердің кооперациялық кәсіпкерлігін дамыту. Бұл ұзақмерзімді әрі стра­тегиялық бағыт.  Осы­лайша, еліміз­де әйелдер әлеуе­тін бизнес ортаға тартуға күш салынбақ. 

Жалпы мәліметке сүйенсек, Қазақ­станда қазір 34 әйел – Пар­ла­мент депутаты. Яғни «халық қа­лау­л­ыларының» жалпы саны­ның 22 процентін «қыздар қауы­мы» құрайды. Сондай-ақ кор­поративтік секторда басшы әйел­дердің өкі­леттігі 34 процентке жуық. Іскер әйел­дер қатары да қар­қынды көбейіп келеді. Мәселен, биылдың өзінде 1,2 млн жеке кәсіп­кер тіркелсе, оның 560,9 мыңы­на әйелдер жетекшілік ете­тіні анық­талған.

Ерікеннен еңбектеніп жүрген жоқ

Жоғарыда атап өтке­німіздей, кейбір деректер бойынша Қазақ­станда жұмыс істейтін әйелдердің үлесі жағынан әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Әрине, мұндай көрсеткіш гендерлік саясат тұрғы­сынан алғанда мақтануға болатындай жетістік шығар. Алайда «таяқтың екі ұшы болатынын» да  естен шығара алмаймыз. Себебі еңбек нарығындағы ауыртпалықты аруларға артып қоюға әсте бол­май­тыны тағы бар. Онсыз да отба­сындағы шаруа, бала тәрбиесі, тұрмыс­тағы күйбең тіршіліктің бел ортасында жүретін әйелдер қауымына Қазақстан экономикасын қарыштату миссия­сын міндеттей алмаспыз. Тек, теңдікті тіке ұстап, қоғамнан қаға­жу көрмей, ерлерден ерекшеленбей, еңбекке араласса деген ниет. Енд­еше, жұмыс істейтін әйелдердің үлесі жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрғанымыздың өзі бір жағынан жақсылыққа баланса, енді бір жағынан бұл қаншалықты орынды деген де ой туғызады. Еңбек етіп жүрген әйел­дің еркін де ескерген жөн. Қазір ешкім еріккеннен жұмыс істемейтіні анық. Көпшілігінде – кірістің аздығы, күнкөрістің қамы. Әсіресе, елімізде әйелдер үшін декреттік демалыс үш жылға созыл­ғанымен, балаға төленетін әлеуметтік төлем бір жылға ғана жалғасатынын білеміз. Ал бұл ретте, амал жоқ, бала бір жасқа толы­сымен-ақ әйелдер жұмысқа шығуға «асығады».

Бұрын, сондай-ақ әйел жұмыссыз болса, декреттік демалысты күйеуіне рәсімдеуге мүмкіндігі бар болатын, қазір оның да мүмкіндігі шектелген. Егер күйеуіне рәсім­делсе, ол да жұмыстан босатылып үйде отыруы керек. Бұл отбасы бюджеті үшін тиімсіз бол­ған­дықтан, жас бала­сы бар аналардың өзі жұ­мысқа ұмтылады.

Оған қоса, еңбек өтілі аз, жұ­мыс тәжі­рибесі жоқ мамандарға жұмыс табу қиын. Сол себептен де әйелдер қауымы бала-шағасының «шаруасына» шырмалып жүрсе де, жұмыстан қол үзбеуге мәжбүр.

Бұған соңғы жылдары әйел­дер­дің зейнетке шығу жасының да ұл­ғайып келе жатқанын қосыңыз. Ен­деше, «таяқтың екі ұшы» деп отыр­ғанымыз осы. «Жұмыс істейтін әйелдер қатары көбейді» дегенді желеу еткеннен гөрі, олардың қандай іспен, қанша жалақыға, қандай жағдайда жұмыс істеп жүргендерін де есепке алған жөн.

Олай болса, көп айтылатын ген­дерлік саясаттың да бір мінде­ті сол –  әйелдердің түйткілді мә­се­­лелерін шешіп, тұрмыстық ауырт­палығын азайтуға ықпал ету. Әйтпесе, әйел теңдігі оның қанша­сының еңбекке араласуымен ғана өлшенбесе керек. Іскерлік пен жұмыс­бастылықты шатастыруға болмайды.

Әйгілі Наполеон «Өрке­ниетті әрі білімді ұрпақтың қалыптасқанын қаласаңыздар, бірінші аналарға білім беріңдер» деген екен. Ал қазіргі заманда білім өмірлік тәжірибемен, қоғамдағы белсенділікпен де келеті­нін ескерсек, ешкімнің қоғам дамуынан қалыс қалуына болмайды. М.Әуезовтің «ұлт болам десең бесі­гіңді түзе» дегені де, сол бесік­ті тербететін әйелдер рөлімен тіке­лей байланысты. Ендеше,  қай қоғам­да да әйелдің арқалаған жүгі жеңіл емес. Бұл тұрғыда әйелдер іскерлігін ілгерілетудің, ханымдарды кәсіп­керлікке бейімдеудің  жөні бөлек еке­ні рас. Оған әрдайым қолдау қажет.

Динара БІТІК, 

«Егемен Қазақстан»