Әдебиет • 26 Қыркүйек, 2018

Сөз сойыл №67

790 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №67

Бірде...

Бір коньяк пен екі коньяк

Бiр жолы жазушы Баянғали Әлімжановқа сатирик Көпен Әмiрбековтың немере туысы әрi құрдасы, фототiлшi Берсiнбек Сәрсенов: «Көпендi сабап берсең, бiр коньяк қоямын», – дептi.

Сонда Баянғали: «Көпен екi коньяк қойса қайтем?» – деген екен.

***

Уылдырық пен тұмылдырық

Баянғалидың досы Рақымжан Отарбаев Атырауға барарында: «Мен саған уылдырық әкеп берем!» – дептi. Содан Алматыға бiраз кешiгiп оралады. Сөйтсе, уылдырығымен әуежайда милиция ұстап, әрең құтылған екен. Сонда Баянғали:

«Досыңа әкелем деп уылдырық,

Кие жаздап қалдың-ау тұмылдырық!» – деген екен.

***

Ұрлап-жырлап...

Бiр жолы бастықтардың бiрi Баянғалиға: «Сен бiрiншi орынға ат мiнiп, кiлем алып жүрсiң, байтын болдың ғой!» – дептi. Сонда Баянғали: «Үкiметтi жегендей болмайды екен», – дептi.

Тағы бiр әкім : «Осы сен бiр жерге барасың да , бiр-екi ауыз өлең айтып, ат мiнiп, дүние алып келесiң. Елден алып жатсың, алып жатсың...» – дептi Баянғалиға. «Иә, аға, екеумiз де халықтан аламыз. Бiрақ мен жырлап аламын, сiз ұрлап аласыз!» – дептi сонда ақын.

***

Кішіпейіл шопыр

Бiр күнi Баянғалидың машинасына мiнген бiр тәжiрибелi шопырлар: «Мынадай бұрылыста қайтесiң? Мынадай қиылыста мына жағыңнан машиналар келiп қалса қайтесiң? Қай жерде кiм бiрiншi өтуi керек?» – деп сұрай берiптi. Сонда Баянғали: «Мен өзi кiшiпейiл адаммын, ешкiммен таласпай, тоқтаймын да, бәрiн өткiзiп жiберемiн. Олар кеткесiн жол өзiме қалады ғой! – деген екен.

Көрген БІЛГЕНОВ

Астана

***

Ойпырмай, ә!

Екі туыс бір бөтелкені алып ортаға,

Әңгімені былайша қуып отыр.

 – Әмериканың фермерлері

Шеттерінен бай болады екен,

Ірілі-уақты техникасы сай болады екен.

Жанармайы да көп секілді,

Өндірмейтін нәрсесі де жоқ секілді.

Өздері болады екен ұқыпты,

Дүние жүзінде осылай

Бірінші орынға шығыпты.

 – Ойпырмай, ә!

 – Жапондықтар

Радиотехникадан мықты,

Теледидарлары жеп-жеңіл,

Қабырғаға іліп көреді екен тіпті.

 – Ойпырмай, ә!

– Түріктер де епсекті,

Жиып алып жүн-жұрқа, тері – терсекті

Кереметтерді істейді,

Кілемдерінің бағасы,

Әлемдік базарда да түспейді.

 – Ойпырмай, ә!

 – Немістердің автокөлігі

Ойқы-шойқы жолыңда

Жылдам жүрсе де шыдайды,

Соғып алсаң да сынбайды дейді.

Түу, сапасын айтсай, сапасын,

Бұзылса бөлшек іздеп сандалмай,

Мінеді екен жаңасын.

 – Ойпырмай, ә!

 – Итальяндықтар

Өнерді бағалайды дейді,

Озғанын күндеп,

Ақындарын сабамайды дейді.

 – Ойпырмай, ә!

 – Бразиялықтар

Аяқ допта алдына жан салмайды,

Бір доп тепкішінің өзі

Біздің команданы түгел алдайды.

 – Ойпырмай, ә!

Үндінің киносы-ай!..

Ойпырмай, ә!

Шіркін, грузияның виносы-ай!..

Ойпырмай, ә!

Ал біздің қандастар ше?

Е, жартысы өзге тілде сөйлейді,

Таңданумен шетелге,

Тауысы алмай жүр ғой, ғөй-гөйді.

Ойпырмай, ә!

***

Әупейдің жиырма бесі

«Қылмыңдаған жиырма бес,

Жылмыңдаған жиырма бес»

Деген өлеңнің әуені

Әупейдің есіне түсіп отыр,

Өйткені кеше 26-ға толғанын тойлап,

Басы қатып, беті ысып отыр.

Өйдөйт 25-тің кезінде

Әупекең жап-жақсы шарықтады,

Біреулер сыра таппай сандалғанда

Ақаңның өзіне тарықпады.

Жігіттің бір науқаны төбелес деп

Талайлармен алысты,

Талайлармен салысты.

Сол кезде мұны біреулер:

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Талайды сабап, қан етіп,

Талайлардан жайрапты»,

деп өлеңге де қосты.

темекіні тартқанда

Түтіні қайтып шықпай қалатын еді,

Ондай кезде не болғанын

Өзі де ұқпай қалатын еді.

Билегенде би алаңының

Шығарыпты шаңын,

Ойламапты бірақта

Үй болудың қамын.

«Не алған білім жоқ,

Не үйренген түгім жоқ,

Не орысша сөйлер сөзім,

Не қазақша тілім жоқ.

Аға деп үлкенді,

Іні деп кішіні сыйламаппын,

Дәлдумен жүріп,

Дұрыс қасиеттің бірін де жинамаппын»,

деп Әупей бүгінде

Өз басын өзі тоқпақтайды.

Нұрмахан ЕЛТАЙ

Қызылорда облысы

***

Мойындау

– Сен құрылыста жұмыс істепсің ғой.

– Иә.

– Онда қандай маман болдың?

– Бәрін істейтінмін... Кірпіш тасыдым, цемент тасыдым, құм тасыдым.

– Ол жерден неге шығып кеттің?

– Үйімді салып болдым ғой.

***

Бірнеше күн ішімдікті татып алмап едім – ыңқыл-сыңқылым сап тыйылып, денсаулық тәуір болған сияқты. Көңіл күй де көтеріңкі, ерте тұрып күні бойы сергек жүресің. Күш-қуат та арта түскен сияқты. Үйде де бедел-қасиет пайда болып, жалпы өмір ғажап бола бастағандай... қалай ойлайсың, осы үшін сыраханаға бас сұғып тартып кеп жіберсем бе екен?

***

Компьютерім сынып қалған болатын. Әйелім баланы қыдыртып кел деген соң қызымды жетектеп зоопаркке бағыт алдым. Жолда білгенім – қызым деп жетекке алғаным немерем екен...

***

Ұзақ ғұмыр кешкен сайын «еркек» деген сөздің түп-мағынасы ерте гректердің «ақша» деген сөзіне барып тірелетініне көзім жетті...

***

Жиеннің «желмаясы»

Өзді-өзі болып аталас жиен хабарласып оңаша кездесейік деп өтініш жасағанында, ойыма «Желке ас болмас, жиен ел болмас» деген мақалдың орала қалғанын жасырмаймын.

Зейнетке шығып зерігіп жүр емеспін бе, оның үстіне ылғи ат үстіндегі үлкен мекеменің басшысы шақырып отырса – айтқан уақытында, сілтеген жеріне сарт ете қалдым.

Кішігірім мейрамханада отырмыз.

Тапсырыс беріп жатып жиен:

– Жүз грамыңыз қалып кеткен жоқ па? – деп қағытқан болды.

– Жеңгеңнің ол арманы әзірше орындалмай тұр, – дедім.

Ішіп-жеген болып, аз-маз хал-жағдай сұрасқан болып, жиен әңгімесін төтесінен бастады:

– Нағашы көке, қызметке ішетін, ішкенде түбін түсіретіндер керек... – дегенінде, ала берген «жүз грамыма» шашалып қала жаздадым.

– Көке, бүкпесіз шыным, заман басқа, қазір елдің көбі ішуді доғарған кез, әсіресе, қызметте ішетіндер сап тыйылып тұрғаны, – деп таңдана қараған маған мән-жайды түсіндіре бастады.

– Ішетіндерге қызығамын, мәселен, солар той-домалақтың сәні. Сілтеп алып әзіл-қалжыңмен отырған ортасын ойран-асыр етеді... Тойып алып тайраңдай билеп, төңірегін ду-думен етеді... Мына сізде соның бір өкілісіз, өткен жылғы жиеншардың үйлену тойындағы ағыңыздан жарыла айтқан әзіл-әжуа, қағытпаларыңыз әлі есімде... Сондағы тиісе айтқан тікенек сөздеріңізді әлі ұмыта қойған жоқпын... Көке, айтарымның тоқетері – қызметтегі ұжымыма ішетіндер керек болып тұр... Бірен-саран «жасамыстар» зейнетке кетіп тынды. Бір-екеуі бар, олар ішкенмен аузы буылған өгіздер... Қанша сілтесе де бүлк етпейді-ау, бүлк етпейді. Олардың барынан жоғы, «мерасын» біледі, енді-енді «қалпына келе бастағанда» кетіп қалып, мысыңды басады... Жастарға сенім жоқ, ауыз тиген болады, сонысы «вино-сино» сияқты жеңіл желпі... қайтесің, заманына қарай – адамы, талғап ішеді, тартынып ішеді. Ішіп алып ырың-жырың болып отырған ортасын көрмейсің. Бәрі сауысқаннан сақ, бірін бірі аңдыған асқан ақылдылар... Көпті көрген Бәкең марқұм қандай еді! «Ішірткісін» ішіп алып, айда кеп ойындағысын айтып, ойран-асыр етуші еді... Ондайда қызмет басшысы еді-ау дегенді ысырып қойып, айда кеп кемшілік-кетігіңді жіпке тізіп түгендеп шығушы еді... О баста «мұнысы несі!?» деп оқыраңдағанмен, ойлана келіп, айтқанын сараптап көріп... не керек, айтқаны айдай анық болып, сабаңа түсіруші еді... – деп жиен сәл кідіріп:

– Алып отырсаңызшы, – деп алтыншы рөмкеге құйған болды.

Мен де үнсіз қалғанды жөн көрмей:

– «Арақ ішпейтіндер – не сараң, не арам», «Ішкен адамға Тобыл тобықтан, Байкал бақайдан келмейді», «Шарап ішкен мақау – сандуғашқа айналады», «Арақ атаңнан үлкен, шарап шешеңнен үлкен», «Арақ дегенде атам да басын көтеріпті», – деп мақалдап та жібердім.

Жиен шатып-бұтқан мақал сияқтыларыма қарық болып:

– Міне, дәп өзі! Қалай-қалай тауып айтқан ә! – деп риза кейіппен:

– Көке, «жаман сырын айтамын деп шынын айтады» демекші, өзіңізге өзімшелеп шынымды жайып салып отырмын... Тоқетері, қызметке кемі екі-үш ішкіш керек... әлбетте ішетін пенде ішкен бойда «өнерінің» шетін шығарып, қағытпасын астарлап айтып, біртіндеп «өнері» өрге озып бізге де жетіп, әйда кеп айды аспанға бір-ақ шығарса деймін-ау!.. Әсіресе, кемшілігімізді бетке басып, олпы-солпылығымызды табаға сап қуырып өтсе... яғни, айтқаны айдай анық болып, бетіміздің оты шықса, теріміз тітіркеніп, маңдайдан ащы тер ағыл-тегіл ағытылса... өз басым риза болар едім! Ризашылығымды қолдан келер жақсылықтар жасап, үнемі құрмет көрсетумен болар едім, – дегені есімде, әрісі бұлыңғыр, ертесінде есеңгіреп орнымнан тұрсам, бәйбішем:

– Есалаң неме, сонша ес-түссіз ішкенің не! Қолтықтап әкелген жиеннен ұят-ай, онда не әкеңнің құны кетіп еді, аузыңнан ақ ит кіріп, көк ит шыққанда кірерге жер таппадым, – деді.

Екі күннен соң жиен шақыртып, белден басып мені кадр бөліміне қызметке қабылдап: «Көке, ұжымның ұйытқысы бола біліңіз, өзекті шаруаны өзіңізге сеніп тапсырдым», деп ойламаған жерден «желмаяға» мінгізіп айды аспанға бір-ақ шығарғаны...

Ерсұлтан МАҒЖАН

Алматы облысы

***

Саясаттағы солақай сөз

Монархизм мен социализмнің айырмасы – монархизмде билік әкеден балаға көшіп отырады, ал социализмде шалдан-шалға.

***

Маршал Жуков Сталиннің кабинетінен шығып бара жатып: «Мұртты сайтан!» – деп күбірлейді.

Қабылдау бөлмесінде отырған Берия мұны қолма-қол Сталинге жеткізеді.

– Шақыр! – дейді ол Берияға бірден.

Берия Жуковты алып келеді.

– Жолдас Жуков, сіз менің кабинетімнен шығып бара жатып: «Мұртты сайтан», – депсіз, кімді айттыңыз?

– Гитлерді! Одан басқа кімді айтушы едім, жолдас Сталин?

– Ал сіз кімді айтты деп ойладыңыз, жолдас Берия?..

***

Кеңес одағын көп жыл басқарған Леонид Брежневтің шешесі баласының үйіне келіп, ондағы қымбат та аса бағалы бұйымдарды, өңі тұрмақ түсінде көрмеген мәшине секілді заттарды көріп жүріп:

– Балам-ай, егерде қызылдар қайтып келсе күніміз не болады-ай! – деп жылап жіберген екен.

***

Ұлыбритания елшілігіндегі сұрақ-жауап:

– Англиядан саяси баспана алу үшін не қажет екен?

– Еліңізден кемінде 100 миллион доллар ұрлап әкелсеңіз жетіп жатыр.

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР