Парламент • 27 Қыркүйек, 2018

Маңызды заң жобалары мақұлданды

411 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Төр­ағасы Нұрлан Нығ­матулиннің жетекшілігімен болған палатаның кезекті жалпы отырысында қол қойылған бірқатар халықаралық хаттама мен келісімдерді ратификациялау жөніндегі заң жобалары талқыланып, мақұлданды.

Маңызды заң жобалары мақұлданды

Отырыста «Қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер болып табылатын есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын, атыс қаруын, оның негізгі бөліктерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды беру тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы жөніндегі баяндаманы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жасады. Оның айтуына қарағанда, бұл халықаралық хаттамаға 2017 жылғы 16 қазанда ТМД-ға мүше елдер қол қойған. 

«Хаттаманы қабылдау сауалдамаларды рәсімдеу мен орындау тетіктерін реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге хаттамаға қол қойған мемлекеттер арасындағы заттай дәлелдемелерді беру мен қайтаруды қамтамасыз етеді. Заңды қабылдау қосымша қаржы шығынын талап етпейді», деді министр өзінің баяндамасында. 

Заң жобасына қатысты депутаттар министрге көптеген сұрақтар қойды. Соның ішінде депутат Светлана Бычкова: «Заң жобасы заттай дәлелдемелерді беруді де қамти ма?» деп сұрады. Оған министр Минск және Кишинев конвенцияларына сәйкес шекарадан өткізілетін қару-жарақ, есірткі заңсыз болып табылатынын, енді мына келісімнен кейін дәлелдеме болса, ондай заттардың бәрі берілетін болады деді. Депутат Амангелді Дәуренбаев баяндамада заң жобасы қаржы шығындарын талап етпейді делінгеніне назар аударып, олай болса дәлелдемелерге жататын есірткі құралдарын, қару-жарақтарды әкелу мен әкетудің ақысын кім төлейді? Олар белгілі бір шығынды талап етеді ғой деп сұрады. Оған министр заң қабылданғаннан кейін ондай шығындарға арнайы қаржы қарастырылатынын жеткізді. Депутат Мансұрхан Махамбетов заң жобасының бір бабында дәлелдемелерді беру ұлттық мүддеге қайшы келетін болса, беруден бас тартылады делінсе, тағы бір бапта оларды беру міндетті делінген. Сонда осылардың қайсысы басымды болады деген сауал қойды. Оған министр дәлелдемелерді әкетуге келгендердің күзет қызметі болмаса, олардың жоғалуы мүмкін болған жағдайда беруден бас тартылады деді.

Заң жобасы бойынша қо­сым­ша баяндаманы Заңнама және сот-құқықтық реформа ко­ми­тетінің мүшесі Балаим Кесе­баева жасады. Бұл құжат қыл­мыс­тың жаһандануын және олар­­дың адамзатқа тигізетін қаупі­­нің жоғарылығын, сондай-ақ транс­ұлттық ұйымдасқан қылмыс­тық топтардың әрекеттерін құрықтауға пайдасын ти­гізеді. Хаттама осындай қыл­мыс­тармен күрес жүргізу үшін мемлекетаралық ынтымақ­тастықты күшейту және халық­аралық заңнаманы одан әрі же­тілдіру мақсатымен жасалған, деді ол. Заң жобасын талқылауға қатысқан депутат Нұрлан Әбдіров жаһанданудың көптеген келеңсіз құбылыстар да тудыратынын айта келіп, бірінші кезекте ол есірткі таралымына байланысты екенін атап өтті. Одан әрі Қазақстанның бұл індетпен көптен күресіп келе жатқанын, енді хаттамаға қол қойған мемлекеттердің күшімен оған қарсы тұру жеңілдейтінін айтты. 

Талқылауда екінші болып сөй­леген депутат Асылбек Смағұлов хаттаманың негізгі мақсаты – қа­тысушы мемлекеттердің зат­тай дәлелдемелерді беру ынты­мақ­тастығын реттеу болып табылатынын айтты. Заң жобасы осы заттардың беру мен тасымалдау тәртіптерін қамтамасыз етіп, жасалған қылмыстар үшін жаза­сыз қалмау принципін сақтауға көмектеседі. Құжатта мемле­кеттердің осы мәселемен айналысатын құзыретті органдары да айқындалған, деді ол. Сөзінің соңында депутат әріптестеріне заң жобасын мақұлдауды ұсын­ды. Осыдан кейін заң жобасы дауысқа қойылып, тұтастай ма­құлданды. 

Жалпы, отырыста қаралған екінші үлкен мәселе – Қазақстан мен Ресей Федерациясы Үкі­мет­терінің «Туймазы – Омбы – Но­восибирск-2» және «Омбы – Пав­лодар» магистралдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісімін ратификациялау туралы заң жобасын талқылауға арналды. Бұл туралы баяндама­ны Энергетика министрі Қанат Бо­зымбаев жасады. Ол Кеңес өкі­меті тарағаннан кейін атал­ған мұнай құбырларындағы 62048 тонна және 141728 тонна тех­но­логиялық мұнайдың меншіктелуі шешілмегенін жеткізді. Аталған мұнай көлемі аумақтық қағидатқа сай нақтылы тапсырылмаса да екі елдің «ҚазТрансОйл» жә­не «ТрансНефть» мұнай компа­ния­ларының балансына берілген көрі­неді. Ұсынылып отырған заң жо­басы солардың арасындағы 79680 тонна айырмашылықтың Қазақ­станға қайтарылуын қамта­ма­сыз ететін құқықтық құжат екен. Сайып келгенде бұл келісім елі­міздің экономикасына қосым­ша пайда әкеледі, деді министр. 

Қысқа талқылаудан кейін заң жобасы толықтай мақұлданды. Сонымен қатар кешегі отырыс­та Мәжіліске түскен «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қоры­тынды әзірлеудің мерзімі анық­талды. Күн тәртібіндегі мәсе­лелер қаралып болған соң де­путаттардың орталық атқарушы органдарға жолдайтын сауалдары жарияланды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»