Әдебиет • 27 Қыркүйек, 2018

Ақиқаты аңызға айналған Мүсілім Дайырбеков

1307 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мүсілім Дайырбеков... Бұл есімді зиялы қауымның білмейтіні аз. Алдын көргендер жомарттығын жыр қылады. Атағын естігендер аңызын ауыздан-ауызға таратады. Ол туралы айтушылардың дені – ана ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдарындағы бір дәуір бір дәуірді ығыстырып, әлемнің алты құрлығын қалтыратқан алып империяның тарих аренасынан кету қарсаңын көзімен көріп, ойы, санасы арқылы өткізгендер.

Ақиқаты аңызға айналған Мүсілім Дайырбеков

Тұрлаулы тарихтың қойнау-қолтығында қалып бара жатқан сол ауысу мен алмасудың күрделі кезеңі еске оралған сайын менің жадымда жаңғыратын он сан оқиғалардың бірі – Дайырбеков есімді қатардағы тіс дәрігерінің тағдыры. Орталықтың арнайы тапсырмасын желеу етіп, «қолдан миллионер» жасап, арнаулы орындардың оны қудалауға қалай салғаны, кімдердің салғызғаны, соңғы ширек ғасырдан асып жығылар мерзім ішінде сан мәрте жазылды... Қолдан жасалған жалған дақпырт, жазықсыз жа­залау жалпақ жұрт есімін көп біле бермейтін Мүсілім Дайыр­беков деген азаматтың атын бір-ақ күнде айдай әлемге жайды. «Казахстанская правда» газе­тінің бетінде жарияланған «Антиподы» дейтін көшқұлаш мақала Алматының ағысы қат­ты өміріне енді-енді араласа бастаған қырықтың қырқасына жаңа іліккен жас жігіттің адам шошырдай «жаман атын» шығарды. «Алтын тіс», «Алтын адам» деген айдар тағылды. Бол­мадыны болды қып, алмадыны алды қып, Дайырбековті тұқырту арқылы ірілер ірілермен алысып, есеп айырысып жатты.  Айыбы толық дәлелденбеген тіс дәрігері  «совет миллионері» деген, ол дәуір үшін аса ауыр қылмыс саналар, ауыр сөзді арқалап, түрмеге жабылды...

 Ол кезде қазіргідей желдей есер әлеуметтік желі де, интернет те жоқ. Бірақ қоғамдағы пікір­лерден бұлжытпай ақпарат берер «жіпсіз телефон», «ұзынқұлақ» дейтін болатын. Сол «жіпсіз телефон» мен «ұзынқұлақ» істі болған азамат өмірінің күнгейлі қырларын айта бастады. Мүсілім Дайырбековтің жомарттығы мен мәрттігі, кісілігі мен кішілігі, қи­нал­ғандарға қолұшын бе­ріп, қамқорлық көрсетуге әзір тұра­тын елгезектігі жайлы аңызға бер­гісіз ақиқаттар ел ішін кезді. 

Сондай күндердің бірінде мен бір ақсақалмен сапарлас болдым. Әңгіме жол қысқартады. Купеде қатар отырған сапарлас кісім аты-жөн сұрасқаннан соң маған:

– Шырағым, қалам ұстаған адам екенсің... Сендер осы тасқа түскен сөздің арты неге алып баратынын ойлайсыңдар ма? – деп ойлы көзін қадады.

Мен өз ойымды айттым. Ол кісі өз пікірін шегелеуге тырыс­ты. Сөздің ақыры сол кезде «ел құлағын елу» етіп, Қазақстанды қы­дырып жүрген Мүсілім Дайыр­­беков хақындағы әңгімеге ойыс­­ты. Күдігі мен күмәні, обалы мен сауабы көңілді алаңдатып жүр­ген тақырып болғандықтан, ақсақалдың әңгімесін бар ынты-шынтыммен тыңдадым. 

– Мүсілімді көріп пе едің? 

– Жоқ. 

– Ендеше... Көрген кісінің, Мүсілімді бала күнінен білетін кісінің әңгімесін тыңда, – деді. Деді де ақсақал «Антиподтар» атты белгілі  мақаланың кейіпкері хақында әңгімесін бастады.  

– Жадыңа тоқып ал, інім!.. Мен білетін Мүсілім ана газеттегі қап-қап алтын арқалаған Мүсілімге он қайнаса сорпасы қосылмайды.  Бұл – жала! Қолдан жасалған жала! Имансыздардың ісі! Алладан – әділ, Құдайдан құдіретті күш жоқ. Бәрін реттейді әлі... Мүсілімді жөргегіне орап, бесігіне бөлеген ата-анасын білемін. Біреудің ала жібін аттау­ды білмейтін әулет...

Соғыстан кейінгі елдің өз қо­лы өз аузына жетпей қина­лып тұрған тұсы. Көп балалы отбасының үлкені болған Мүсілім еңбекке ерте араласады. Әкесі мен шешесіне болысып, нәпақа айыруға да ертерек үй­ренген. Сондай қара жұмыс атқарып, еңбек нарығына алғаш барған күні үйіне бір күлше нан алып қайтқан. Нан туралы әңгімені нан ұстап тұрып айтса да болар еді... Өзі ашығып жүргеніне қарамай, бала Мүсілім бір күнгі маңдай терімен тапқан күлшеге тісін де тигізбей, бүтін қалпы кешке анасына әкеліп тапсырғанын ауылдастары жыр қып айтады... Кейін осы әң­гімені өзінен сұрағанымда: «Иә, көке, айтқаныңыз шын­дық. Ашық­қаным рас. Шыт көй­легімнің ішіндегі күлшеге қолым тиген сайын, үйде аш отырған ба­уыр­ларым көзіме елестейді. Жо­лым­ды күтіп, зарығып отыр­ған анам елестейді... Бір күлше нанды бауырыма қысып үйге жет­тім-ау! Күлше қолына тиген сәттегі анамның мейірлене қуанғаны көз алдымнан кетпейді. Анамның маңдайымнан иіскеп, көзінің ұшындағы қос тамшыны саусағының ұшымен байқатпай сүртіп тұрып: «Өзің ашығып қалдың-ау... Шаршап-шалдығып жеттің бе, шырағым!» деп бауырына басқанын қалай ұмытайын?! Әкем үнсіз күрсінді. Сол сәт мен үшін әлем үнсіз қуа­нып, үнсіз күрсініп тұрғандай көрініп еді... Иә, көке, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп қазақ атамыз біліп айтқан ғой. Сол жолғы әкемнің сөзі, әлденуақ қасына отырғызып,  көзіме көзін қадағаны есімнен кетпейді. «Ел аман болса, елдің іргесі берік болса, бәрі қалпына келеді. Соғыс та, соғыстың ел жүрегіне салған жарасы да жазылады. Елдің батасын алған адамның жолы қашанда ашық. «Аруақты жерден ат үркеді». Кім екеніңді, қайдан шыққаныңды ұмытпа, ұлым! Сен Алаш аузына қара­ған Төбе бидің тұқымысың. Тура жүр! Ешкімнің обалын кө­тер­ме!» деген әке сөздері қай­да жүрсем де құлағымда тұра­ды...» деген Мүсілімнің дауысы соңғы күндері тынышымды алып жүр», деп күрсініп еді ақсақал қоштасарында.

Мен үшін сол күнгі жаңалық­тың үлкені – түрмеде жатқан тіс дәрігері Дайырбековтің қалың қазақ аузына қараған Үйсін Төле бидің жетінші ұрпағы болғаны. Соны естіп, біліп отырып, ұлт тарихының ұлы беттерін «тайға басқан таңбадай етіп» ақыл-парасаттарымен өріп, бір бүтін қазақты үшке бөлшектемей, «Алқа­көл сұлама, ақтабан шұбы­рынды» дейтін жоңғар атының тұяғы Ұлы Даланың арқасын теп­кілеп, омырауын дал-дұл жасаған қиын дәуірде ел еңсесін сөзімен тіктеп,  ісімен бүтіндеген атақты үш ұлы бидің бірінің тұқымы жазықсыз түрмеде отыр деген сөз арқамды аяздай қарыды.

Сол күні түсіме үш би кірді. Қаз дауысты Қазыбек би мен Әйте­ке би екеуі екен деймін... Екеуі екі жақтап, Төле би бабамызды ортаға алып, сабырға шақыр­ғандай болады... Қайсысы айтқаны есімде жоқ. Бірі «Сабыр түбі – сары алтын» десе, екіншісі, «Жоғалған тұмарың табылады» дейді... «Иә, Аруақ! Аруақ!» дескен қалың дауыстан ояндым. Қара терге малшынып жатып ояндым... 

Араға бір жылдан астам уақыт салып, Мүсілім Дайырбеков түрме­ден шығыпты деген қуа­ныш­ты хабар келді. 

«Халық айтса, қалт айтпай­дыға» құлақ ассақ, бүгінгі әңгі­мемізге арқау болған қазақ жұр­тының тебінгілі, текті ұлдарының бірі туралы, оның стоматология саласындағы ұшан-теңіз еңбегі мен осы салада дайындаған шә­кірттері жайлы жазылған мақалалар, сұхбаттар, әңгімелер жетіп артылады. Журналистер... Кәсіби мамандар... Боксшылар... Кос­монавтар... Әртістер... Бизнесмендер... Депутаттар... Академиктер... Жазушылар... Ақындар... Мүсілім Дайырбеков жайлы «алыстан толғап, жақын­нан тербеп» жыр жазған аға буын, іні буын ақындардың өзі­ бір төбе. Басқасын айтпай-ақ, Алаш жұртының абырой-беде­лін әлемге жайған қазақтың қай­сар мінезді ұлы ақыны Олжас Сүлей­меновтің Дайырбеков туралы, басын бәйгеге тігіп жүріп, Кеңестер Одағы тұсында араша сұрап, жоғарғы билікке әлденеше рет барғанының өзі неге тұрады?! Ол жазықсыз жапа шеккен замандас-досы туралы бір емес, бірнеше мәрте мақала жазды. Өткір, өрісті, өнегелі мақалалар. Ол мақалаларда Кеңес Одағы тұсындағы кейбір солақайлықтар мен солақай басшылар ащы сынға алынғаны есімізде.

Уақыт дейтін ұлы сыншы дүниедегі артық-кем құбылыстың бәрін түбі өз орнына қоятынына көзіміз жетіп келеді. Осындай келелі әңгімеге тартқан бір тұста ол кісі біраз үнсіз отырып барып: 

– Нұреке, жасыңыз кіші болғанмен, жолыңыз үлкен азаматсыз ғой... – деп сөзін бастады: – Олай дейтінім сіз кешегі арыс­тар мен алыптар өз қолдарымен құрған қарашаңырақты басқарып отырсыз. Кешегі Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұста­финдер отырған төрде отырсыз. Қазақтар – шешен тілді, көсем мінезді халық. Тіліміз қандай құнарлы, көркем, бейнелі. Кейде сол тілде көсіле шауып, еркін сөйлейтін азаматтарды көргенде қуанамын. Шүкір! Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты төрткүл дүние танып, мойындайды. Қазақты да, Қазақстанды да әлем біледі. Мысалы, мына мен – кәсіпкермін. Әлемді көп аралап, ұлттық стоматологияны жетілдіру үшін тынымсыз әрекет жасаймын. Бірақ, мойындау керек, біз – кешегінің адамдарымыз. Кешегінің кәсіпкерлеріміз. Бүгінгі бизнес құлағында жүрген жастар алға кетті. Экономикамыз да озып барады. Дұрыс! Уақыт бәрін орнына қоятынына сенемін. Дегенмен... Менің көкірегімде қайырылған майдай болып кілкіп тұратын бір нәрсе бар. Ол – тіл. Қазақ тілінің бүгіні, болашағы! Сөз жоқ, үш тілді білетін ұрпақ ел ертеңі үшін ауадай қажет. Әуелі мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, еркін ойлап, еркін өмір сүруіміз қажет! Жазушылар, ға­лым­дар, қоғам қайраткерлері, би­лік құлағында отырған азаматтар тіл тағдырына  аса ыждаһатты болуы керек деп ойлаймын... – дегені есімде. 

Уақыт дегеннен шығады... 

Мүсілім Дайырбеков – ұлы мәртебелі Уақыт дейтін ұлы сын­шының таразы-талқысын бір адамдай көрген, қызығын да бір адамдай көріп келе жатқан адам.  Ол – Қазақстанның Ең­бек сіңірген қайраткері, «Ең­бек Қызыл Ту», «Құрмет», «Па­ра­сат» ордендерінің иегері. Онда­ған әлемдік марапаттар мен медальдардың иегері... Ұлы Жаратушы – әділ! Мұның бәрі бүгінгі күннің шуақ-нұры... Ана­сының жасығын жұбатып, балаларын шырылдатып, жан жары Неля есімді аяулы қазақ қызының жүзіне сызық салып, шашына қырауды ерте қондырған жылдар ана ғасырда қалып барады... Азаматтың арын таптап, сүйе­гіне таңба салғысы келгендер мен жігерін құм еткісі кел­ген­дердің көбі қазір арамызда жоқ... Ана шын дүниеде не күтерін білмейтін жұмыр­бас­тың мына жалған дүниедегі пен­делік әлсіздігін бір Құдайға тапсыр­ғаннан басқа не деуге болады?!.

Бір адамның тағдырын былай қойып, ұлттар мен ұлыстардың тағдыры тәлкекке түскен дәуір туралы не деуге болады?! Жиыр­ма­сын­шы ғасырдың қоңыр түс­ті қырғыны мен қызыл түсті сүреңінен толық қорытынды шығармаған ұрпақ санасын шаң басып бара жатқаны бізді алаңдатады...

Өткен өтті, уақыттың қай­та оралмас беттері тарих құша­ғы­на кетті десек те... Кеше­гінің келеңсіздіктері мен керенау­лықтарын електеп отырып, Мү­се­кеңнің адам баласында аса сирек болатын кеңдігі мен кеші­рімпаздығына іштей таңырқап, таңданып, риза боласыз. Бәлкім Дайырбековті аман сақтаған да, сақтап келе жатқан да сол қасиеттері болар?!

2000 жылдардың басында Қадыр Мырзалының қаламынан туған жыр жолдарын оқығаным бар. Бүгін де осы мақаланы жазу үстінде қазақ дейтін кейуана мінезді кеңпейіл халықтың сол ұлы ақыны айтқан төрт жол тіл ұшына оралып отыр.

«Қасиетін қадірлейтін кісінің,

Жері ғажап, сері қазақ Мүсілім.

Қоладан да, мыстан да емес кәдімгі

Жақсылықтан құя салған мүсінін!» 

– деген тамырын тереңнен тартар, адам бойындағы көзге шалына бермес кісілік қасиеттер мен тұлға портретін, байқайсыз ба, ақын бас-аяғы бір-ақ шумақ жырға шебер сыйғызып жіберген. Қадыр ағамен кездескенде өзіне осы ойымды айттым. 

– Тауып айтқансыз, – дедім.   

– Ағаңның таппай айтқан кезі бар ма? – деді әзіл мен сөз­ден сүріну білмейтін қайран Қа­декең... – Мүсілімді бұрын біл­­мейтін едім.   Білетінім сол – ел аузындағы әңгіме. Кеңес­ Одағына байлығының ұнама­ғаны. Қудалау көргені. Алты жыл түрмеде болғаны... Жомарттығы. Жақсылық жасауға бейімділігі... 

Бір күні бір ортада Мүсіліммен түрмеде бірге болған бір азаматпен таныстым. Мүсілім жайлы әңгіме айтты. Соншама бір құрметпен, риза сезіммен айтты... Әлгі адамның әңгімесінен соң, анда-санда, той-томалақта көріп жүретін Мүсілімім көз алдымда өзгеріп, азаматтық сипаты түрленіп, сұңғақ тартып шыға келді... Құдды бір түрме жайлы америкалық фильм көргендей күйге түстім... 

«Ұлты бөлек бір содыр, әсіре­се қазақ жігіттеріне күн көрсет­пейтін. Қорлық пен зорлықтың неше түрін жасайтын... Бір күні арамызға шымыр денелі қараторы қазақ жігіт келіп қосылды. Әлгі содыр келген жігітті бірден илеп алғысы келді. Соқтықты. Шы­мыр жігіт ықпастан, түрмені ашса – алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген тексіз немені көз алдымызда сұлатып салды... Сұлатып салды да үстінен аттап өтіп, жайына кете барды. Сол күннен бастап Шымыр жігіт түрме билігін қолына алды. Көзіміз ашылды... Мүсілім десе, Мүсілім! Ол қара күш қана емес, жақсы көрген ада­мына көл-көсір құрметін де аямайтын ақылды, ұстамды жігіт болып шықты. Өзім дегенге өзегін суырып беретін адалдығы мен ірілігі бәрімізге ұнады» деген әлгі жігіттің әңгімесінен соң осы өлең жазылды. Қайта таныстық. Өлеңді оқып шығып, балаша қуанды. Төріне шығарды. Сөйтіп дос-бауыр адамға айналдық».

Қадыр Мырзалының қаламы­нан туған бұл өлең кейін әнге айналды. Елге тарады.

Аңызға айналған ақиқат туралы бүгінгі менің шағын сөзім – бұрынғылардың жалғасы.

Жердің кереметіне, көктің құдіретіне сенген рухы мықты адам­дар ғана әлгіндей темір тор­дан кісілік  қалыбына көлең­ке түсірмей, адамшылық асыл қасиет­терін сақтап шығуы мүм­кін?! Ойлаңыздаршы... Мойнына 22 түрлі жалған айып тағылып, Кеңес Одағының күллі түр­­­­­ме­­ле­рін адақтап шыққан, «Матроска­ның» меңіреу бөлме­лері мен «Бутырканың» азабы мен тоза­ғын көрген жанның туған еліне қайта оралып, Тәуелсіздік жолына түскен жұртымен бірге болып, жаңа дәуірдің – асау дәуірдің жалына жармасып, өз қоғамының алдынан көрінуін қалай ғана ерлікке жорымауға болады? Бұл  – өзіне сенген, еліне сенген, құдіреті күшті Жаратушының әділдігіне сенген адамның ғана қолынан келер іс!

«Біліп ең мақсатыңа жетеріңді,

Жұлдызың қайта көкке көтерілді.

Үйіңнен алтын іздеп таппағандар

Ұқпаған – Алтын өзің екеніңді», 

– деп талантты қазақ ақыны Жүрсін Ерман айтқан өлең тілін­де­гі ақиқат –  сол өмір ақиқаты екені анық!

Мүсілім Дайырбеков – жаратылысынан көпшіл, халықшыл, қоғамшыл тұлға. Ол – жоқтың да, бардың да қадірін білетін, айналасына адал дос жинайтын адам. Өткен өмірі қалай аңызға, ащы шындықтарға толы болса, елі-жұртын береке-бірлікке шақырып, ұрпағына бата-тілегін жаңылмай айтар сексеннің сеңгіріне көтерілген бүгінгідей жасында да бойынан күрескерлік рух пен болашаққа деген сенімнің оты лапылдаған жан. Ол өзі қолымен құрған бір ғана «Шипа-дент» клиникалық орталығымен шектеліп қалмай, әлденеше қоғамдық ұйымдар мен қорлардың да тізгінін қоса ұстағап, әлі күнге алдына келген адал жұртына қызмет етумен, қамқорлығын көрсетумен келеді. Құрдастары қалжыңдап: «Мүсілімнің қамқорлығы «мил­лион» дейтін санмен ғана өлше­неді» дейді. 

«Елім» деп емірене білер адамның жүрген жері – аңыз! Жүрген ортасы да, араласқан адамдары да ақиқатты аңыздай қабылдап, аңыз атаулыны­ ақи­қатқа айналдыратындай ірі­ бітімді, кесек тұлғалар. «Дос­тарым ірі болғасын, менің ұсақ бо­лу­ға хақым жоқ» дейді күлкіге са­раң, мейірімге жомарт ірі қа­зақ.

Халықты сүйіп, елге қызмет етуде жанның таза болғанына, мінездің ірі болғанына не жетсін?!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты