Өнер • 27 Қыркүйек, 2018

Балқашта халықаралық мәденитанушылық іс-шаралар басталды

343 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше  Қарағанды облысындағы Балқаш қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының жыл сайынғы «Жібек жолы бойындағы сұхбаттар» Халықаралық мәденитанушылық жобасының іс-шаралары басталды.

Балқашта халықаралық мәденитанушылық  іс-шаралар басталды

Құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі   Леонид Прокопенко, жазушы, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері  Мұрат Әуэзов, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай және Ресейдің сарапшылары, философтары, саясаттанушылары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің, кафедраларының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері,   студенттер, ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, БАҚ өкілдері бар делегация Балқаштың маңындағы Бектауата шатқалындағы «Ұлы Дала өркениеті» этноауылына барып, «Ұлы Дала Елінің қасиетті мұрасы»  республикалық тарихи-экологиялық акциясы шеңберінде  Қазақстанның халық ақыны және композитор Шашубай Қошқарбаевтың кесенесіне гүл шоқтарын қойды. 

Бұдан кейін  М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайында жастарға арналған мәдени-танымдық «Рухани жаңғыру»  коворкинг-орталығының салтанатты ашылу рәсімі болаы. Ал кешке таман  шығармашыл жастардың «Балқаш күзі» I фестивалі өтті.

Бүгін Балқаш қаласындағы  М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайында  «Жібек жолы бойындағы сұхбаттар-2018: Ұлы Жібек жолы – тарих және қазіргі заман» халықаралық конференциясы өтеді.

Конференция барысында қатысушылар Ұлы Жібек жолының дәстүрлерін жалғастыруға байланысты өз ойларымен бөліседі, сондай-ақ оның жалпымәдени құндылықтарды, этносаралық және конфессияаралық толеранттылықты қалыптастырудағы рөлін талқылайды. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы