Медицина • 27 Қыркүйек, 2018

Астанада обыр мен қант диабеті дертін ерте анықтауға мүмкіндік туды

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада жыл басынан бері скринингтік зерттеуден екі жүз мыңнан астам адам өтті. Зерттеу обыр дерті, қант диабеті, глаукома және қан айналымы жүйесі ауруларын ерте кезеңде анықтау мақсатында өткізіледі.

Астанада обыр мен қант диабеті дертін ерте анықтауға мүмкіндік туды

Осы тұрғыда, аурудың алдын алудағы ең маңызды әдіс – ол скрининг, оның көмегімен ауруды анықтап, асқынып кетпеуіне жол бермеуге әбден болады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Астана қаласындағы филиалының мәліметі бойынша, биыл жатыр мойыншығы, сүт бездері, ішек обырын анықтауда 50 816 адам тексеруден өтті. Олардың 3 218-і диспансерлік есепке алынды, тексеруге 30 бен 70 жас аралығындағы азамматтар қатысты. Аталған ауру түрлерінің скринингтік зерттеулеріне Астана қаласы бойынша биыл 214,8 млн теңге бөлінді. «ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Қабдықапаровтың айтуынша, скрининг кабинеттері барлық елордалық емханаларда бар, жыл сайын ол жерде орта есеппен алғанда екі жүз мыңнан астам пациенттерге қызмет көрсетіледі. Барлық скринингтік зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жасалады. Азаматтың скринигтен өтуге жас шамасы келетінін немесе келмейтінін тіркелген емханадан білуге болады.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда 15-ші қыркүйектен бастап емханаларға тіркеу науқаны жүріп жатыр. Екі айға созылатын жыл сайынғы дәстүрлі науқан қарашаның 15-де аяқталады. Осы аралықта азаматтар еркін таңдау құқығымен өзіне қызмет көрсетіп жүрген емханасын ауыстыра алады. Астанада бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 44 денсаулық сақтау субъектісі тұрғындарды тіркейді, оның 13-ші – жеке меншік емханалар.