Таным • 28 Қыркүйек, 2018

Уәлихан Қали­жан­­ұлы - қайраткер журналист

1123 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Уәлихан Қали­жан­­ұлы - қайраткер журналист

Қазақстанның Құрметті журналисі, фило­логия ғылымдарының докторы, ҰҒА акаде­мигі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының директоры Уәлихан Қали­жан­­ұлы жазушы-журналист Сарбас Ақтаев ағамыз айтқандай, «қазақ журналистикасының балалығы – «Ұланды», жастығы – «Жас алашты», даналығы – «Егемен Қазақ­стан» газетін басқарған тұлға.

Бүгінде Шерхан Мұртаза ағам айтқан «жет те піс» деген, яғни жетпіске толып отырған замандас-ағамыз, атақты ақындар мен батырлар елі деп аталатын Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Бесмойнақ ауылында дүниеге келді. Жастайынан қиыншылық көріп өсті. Өйткені әкесі Қалижан сәбиі өмірге келгеннен соң бір айдан кейін дүниеден өтіпті. Сондықтан бар ауыртпашылықты анасы Мәртай Қолғанатқызы көтерген. 

Уәкеңнің анасы Мәртай Қолғанатқызы ауылдағы белгілі қолөнерінің шебері, айтысқа қатысқан ақын және ескі жырларды жақсы білетін жан болған. Сондықтан да Уәлихан Қалижан бала кезінен Сүйінбай мен Жамбылдың өлеңдерін бойына сіңіріп өсті. Ал 1955 жылы Жангелді орта мектебінің бірінші сыныбына барды. Әдебиеттен Ұлы Отан соғысының ардагері Кәбіржан деген кісі сабақ беріпті. Осылай әдебиетке деген Уәлихан ағаның сүйіс­пеншілігі екі тараптан қатар өрбіді. Ал 1962 жылы Алматыдағы жалғыз №12 қазақ орта мектебінің 6-сыныбына келіп оқуын жалғас­тырды. Осы жерде атақты ұстаз, Ленин орденді мұғалім Әлия Дүйсе­нованың сынып жетек­шілігімен әдебиетке деген бұрынғы құмар­лығы арта түседі. Өйткені бұл мектепке Алма­тыдағы атақты жазушылармен кездесулер жиі өтіп тұратын. Сырбай Мәуленов, Зейнолла Қабдолов, Жұбан Молдағалиев және басқа да өнер адамдары оқушылармен жиі жүздесетін. Сырбай Мәуленовке арнап, бала Уәли­хан өлең жазады:

Сіз болсаңыз құяр жері сағаның,

Мен де солай көз жазбаймын ағамын.
Әрине, ақындық – дара қасиет, ұлы қасиет. Бірақ Жұмекен Нәжімеденовпен кездесу оның көзқарасын мүлдем өз­гертіп жібереді. Бұл кезде Жұмекен Нә­жімеденов «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі болатын. Жұмекен ағасы «Қаптаған көп ақынның бірі бол­ғанша, прозаға бар. Сенің жазған­да­рың­­ды оқыған соң мен осындай ойға келдім» дейді. 

1966 жылы Хрущевтің реформасына сәйкес мектепті 10-11 сынып оқушылары қатар бітірді. Уә­лихан аға әуелі құжаттарын Қазақ политех­ни­ка­лық институтының автоматика және телемеханика факультетіне тапсырады. Өйт­кені ол кезде инженер кадрларын даяр­лау мемлекеттік саясаттың үлкен бағ­­дарламасы еді. Бірақ әдебиетке деген құмарлық Уәлихан Қалижан­ұлын құжаттарын қайтып алып, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универси­тетінің филология факультетіне баруға жетелейді. Емтиханнан сүрінбей өтеді. Әдебиеттен Сүйінбай мен Қатағанның айтысы екінші сұрақ болып түседі. Сонда Уәкең: «Мен сіздерге Сүйінбай мен Қа­таған айтысының анамнан естіген нұсқасын айтайыншы», – дейді. Бұған емтихан алып отыр­ған Сұлтанғали Са­дырбаев, Мырзатай Жол­дасбеков, Рым­ғали Нұрғалиев, Мұхтар Мағауин келісе кетеді. Осылай ол студент атанады. 

Университетте Уәлихан Қалижанұлы атақты профессор Бейсембай Кенже­баевтың көзіне түседі. Және ол кісі діншіл, ескішіл, кертартпа деп аталып жүрген ақындар жайлы зерттеу жасау керектігін айтады. Студенттердің рес­публикалық ғылыми байқауына «Нұр­жан Наушабаевтың өмірі мен әдеби мұрасы» деген тақырыпта баяндама дайындатады. Бұл жұмыс республикалық байқаудың екінші жүлдесін алған еді. Уәлихан Қалижанұлының алдында ғылым жолы көрінгендей еді. Бірақ аспирантураға күндізгі бөлімге орын болмай, Уәкең сырттай оқуға түсуге мәжбүр болады. Сөйтіп ол бірде радио, бірде теледидар, бірде «Жетісу» газетін жағалай жүріп, қызметке орналаса алмай, алты айдай жүріп қалады. Тағдыр Уәкеңді «Жетісу» газетіне алып келді. Осы жерде алты ай қаламақыға жұмыс істеп, алғашқы журналистика мектебінен өтті. «Жетісу» газетінде Уәкең жеті жыл қызмет істеді. Уәлихан Қалижанұлы «Менің журналистік факультетім «Же­тісу» газеті деп» әлі күнге айтып оты­рады. «Жетісу» газеті  болашақ қалам­гердің бағын ашты. Осы жерден ол Орталық  комсомол комитетінің бас­пасөз секторының меңгерушісі қыз­метіне шақырылды. Үш жылдан кейін «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне редакторлыққа бекіді. Мұнда да жеті жыл қызмет істеді. 1986 жылдың желтоқсанында Уәлихан Қали­жанұлы «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Ол осылай өмір сынынан, абырой сынынан сүрінбей өтті. «Лениншіл жас» атауын 1991 жылы  тамыздағы ГКЧП оқиғасынан кейін бір түнде ешкіммен келіспестен «Жас алаш» деп өзгертіп жіберді. Бұл Уәлихан Қалижанұлының жеке ерлігі ғана емес, азаматтық болмысы еді. Айта кетелік, «Лениншіл жас» – «Жас алашта» да табаны күректей жеті жыл қызмет істеді. «Жас алаш» та Уәлихан Қалижанның бағын аша түсті. 1994 жылы ол XIII шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаттығына сайланды. Жоғарғы Кеңесте астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі Президент ұсынысын қолдаған депутаттардың бірі болды. 

Жоғарғы Кеңес тарағаннан кейін Уә­лихан Қалижанұлы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрінің орынбасары бо­лып бекіді. Алғашқы бұқаралық ақпа­рат құралдары жөніндегі заңды дайын­дау­шылардың бірі болды. Бұдан соң Уә­лихан Қалижанұлы Қазақстан Рес­пуб­­­ликасының Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісінің орын­­басары болып тағайындалды. Бір жыл­ға жетер-жетпесте «Егемен Қазақ­стан» газетінің бас редакторы болып бекіді. 

Сындарлы жылдардың сынынан Уәлихан Қалижанұлы сүрінбей өтті. «Егемен Қазақстан» газетін елордаға көшірді. Газеттің ғимаратын алды. Редакция журналистері  түгелдей үймен қамтамасыз етілді. Уәкең «Егеменді» басқарған жылдары Шерхан Мұртаза мен белгілі саясаткер, публицист Камал Смайылов екеуінің бір жарым жылға созылған хат-сұхбатын ұйымдастырды. Газеттің беделі өсті, тиражы көбейді, көкейкесті көп мәселелер көтерілді. Мұндай пікірлерді газетке жариялау үшін газет редакторының азаматтық болмысы биік болуы керек. Уәлихан Қалижанұлы азаматтық ұстанымы бірегей редактор екендігін танытты. Бірақ бұл кезде  ол салиқалы саясаттың бел ортасында жүретін. Сондықтан да әуелі, Парламент Сенаты баспасөз қызметінің жетекшісі және баспасөз хатшысы болып біраз жұмыс істеп, одан соң №10 Талғар сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты атанды. Осылайша Уәлихан Қалижанұлы Парламент Мәжілісінің II, III, IV шақырылымының депутаты болды. Депутаттық қызмет атқара жүріп, қолынан қаламын тастаған жоқ. Өткір-өткір мақалалар жазды, ғылымнан да қол үзген жоқ. Журналистикадан басталған сол жол

Уәлихан Қалижанұлын бүгінгі биік деңгейге жеткізіп отыр. Ұлтының сөзін сөйлеген, ұлтының тарихын түгендеген мұндай тұлғалар әлбетте халықтың көзінде жүреді. Уәкең қай басылымда қызмет істесе де, кәсіби деңгейі биік басылым дәрежесіне көтерді. 
Уәлихан Қалижанұлы – қазақ журналистикасы мен әдебиеті, ғылымы мен саясатында өзіндік қолтаңбасы бар жарқын тұлғалардың бірі. Ұлттық мүддеге мінсіз қызмет етіп келе жатқан арда азамат деп білемін. Ол осындай елеулі  еңбегімен де елге кеңінен танылып, халық құрметіне бөленді.

Әрбір тасы бабаларымыз жайлы сыр жинаған, әрбір қайың-терегі, аршасы, көкорай шалғын даласы бабаларымызға жайылып төсек болған, шыңдары аспанмен астасып, қуатты күш таратқан Алатау баурайында өскен Уәлихан аға ат жалын тартып мінгелі туған елі­нің игілігіне барын беріп еңбек етті. Ұлттық сананы оятуға, ұлттық рухтың белін жазып, биікке аспандауына сонау қасаң кеңес заманының өзінде қолынан келгенінше қызмет қылды.

Уәкеңнің мемлекеттік тілдің тынысын ашу жолында атқарған, атқарып жүрген істерін біреу білсе, бірі біле бермейді. У.Қалижанұлы Мәжіліс депутаты ретінде «Дипломатиялық қызмет туралы» заңына «дипломатиялық қыз­метке баратын тұлғалар мектепті қай тілде тәмамдағанына қарамастан, мем­лекеттік тілді жетік білуі тиіс» деген маңызды ұсынысты айтып, кейін ол заң нормасына енгізілді. Осылайша ол ана тіліміздің дипломатиялық қызметтегі қолданылу аясын заң жүзінде кеңейтуге тікелей қатысып еді. Бұл да ұлтжанды азаматтың ел қалаулысы ретіндегі қызметін абыроймен атқарғандығын білдірмей ме?! Оның «Тұңғыш Прези­дент оқуларын» өткізу идеясын ұсы­нудағы түпкі мақсат-тілегі де мемле­кет­тік тілдің әлеуетін арттырумен сабақтасып жатты.

Бір депутаттық сауалы ерекше есімде қалыпты. Уәкең онда шетелге берілген сәбилердің тағдыры туралы терең толғанып, өзге ұлттардың қазақ балаларын асырап алудағы заңнамалық қырларын сөз етіп, ұлттық мүдде тұрғысынан кемшілік екенін алға тартқан еді. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болады?», ендеше қаракөздердің артынан іздеп барып, туысқаны ретінде танысып, қазақ деген ұлы елдің баласы екенін айтып, шыққан тегі туралы әңгіме өрбітіп, дархан даласы, мұнарлы таулары, айдын-шалқар көлдері, көшпенді мәдениетінен бастау алған қайталанбас, бай да мағыналы салт-дәстүрі, мәдениеті бейнеленген суреттер мен аудио, видео жазбалар, т.б. материалдарды беру керек екендігін айтқанда тебіренбеген адам қалмаған шығар. Айтқандай-ақ осы сауалнамадан кейін комиссия құрылып, Уәкең бір топ азаматпен бірге Ұлыбритания, Ирландия, т.б. бірнеше елдегі қазақ балаларының жағдайын біліп, Үкіметке арнайы хат жолдады.

Уәлихан Қалижанұлы осындай бүкіл республика жұртшылығының қабырғасын қайыстырған сәттерде болсын, елде жетіспей жатқан ауруха­налар мен мектептер, балабақша, т.б. мәселелерді көтеруде халықтың нағыз уәкілі ретінде әрқашан қаламын қару, қағазын қалқан етіп, елдің көкейінде жүрген пікірлермен санасып Парламент төрінен ұсыныс айтудан, депутаттық сауал жолдаудан жалыққан емес. Оның бастамасымен Ең­бек­шіқазақ, Талғар аудандарында аурухана тұр­ғызылды, Алматы облысының Бесағаш, Бес­мой­нақ ауылдарында мектеп, балабақшалар салын­ды. Бүгін бұл мекемелер ел игіліне жұмыс жасауда.  

Уәдесіне берік, айтқан сөзін орындайтын өмірлік ұстанымынан қай лауазымда жүрсе де, қандай жағдайға кездессе де жаңылған емес. Ірі басшылық жұмысы, адамдар тағдырын арқалаған лауазымды атқару зерделі жанға ғылыммен айналысып, жаңалық ашар еңбектер жазуға зиянын тигізбеді.
Уәлихан Қалижанұлы «Президент», «Ел мен ер», «Замана сыны», «Ұлт рухы» сынды кітап­тардың авторы. Жа­қында ғана қос томдығы «Жетісу» кітап­ханасынан шықты. Қажырлы еңбек­ті, қалт­қысыз қызметті серік еткен Уә­кеңнің еліне берері әлі көп деп сенеміз.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ