Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2018

«Қорғас – Шығыс қақпасының» басымдықтары

1784 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруға арналған, АЭА арнайы құқықтық режімі жұмыс істейтін, нақты шекаралары белгіленген (2011 жылғы 21 маусымдағы № 469-IV «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» ҚР заңы) Қазақстан аумағының бір бөлігі болып табылады. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА БК» АҚ Қытай, Орталық Азия, Орта Шығыс және Еуропаны байланыстыратын логистикалық хаб жасауға арналған стратегиялық объекті ретінде қарастырылады. 

«Қорғас – Шығыс қақпасының» басымдықтары

АЭА жалпы аумағы 4 591,5 га құрайды және негізгі үш аумақты – логистикалық және индустриялық аумақтар, сондай-ақ «құрғақ порт» көліктік-логистикалық кешенін қамтиды. Құрғақ порт – АЭА негізгі буыны болып табылады және оның Алтынкөл стансасымен байланысын қамтамасыз етеді. Ол теңіз порты принципі бойынша жұмыс істейді. Тек контейнерлердегі жүктерді кемелер емес, пойыздар жеткізеді. Контейнерлердегі жүктер түсіріледі, жиналады, содан кейін белгіленген бағыттары бойынша жөнелтіледі. Мысалы, контейнерлер Қытайдан әртүрлі темір жол платформаларымен жеткізіледі, содан кейін олар қазақстандық платформаларға немесе автомобиль көлігіне тиеліп Қазақстан арқылы Ресейге, Орта Азияға, Еуропаға жөнелтіледі.

Логистикалық аумаққа қойма ғима­раттарын тұрғызатындар логистикалық компаниялар немесе тікелей тауар өндірушілер. Бұл қоймалардағы киім, электроника, құрылыс материалдары және басқа да автомобиль көлігімен «құрғақ порттан» келетін жүктер тиел­ген контейнерлер сұрыпталып, әрі қарай тапсырыс берушілердің нұс­қауларына сәйкес, өз бағыттары бо­йынша таралады. Мысалы, 1000 қорап свитер Германияға, 500 қорап  Поль­шаға жөнелтіледі.

Индустриялық аймақта өнеркәсіптік объектілердің құрылыс-монтаж жұ­мыс­тары жүргізілуде. Жеткізілетін ши­кізат, материалдар, қосалқы бөлшек­тер, компоненттер, дайын өнімдерді өндіруге арналған жартылай фабрикаттар кедендік төлемдерден босатылады. Инвестиция және даму ми­­нистрлігімен АИК (арнайы инвес­тициялық келісімшарт) жасалған болса, ЕАЭО елдерінде дайын өнімдерді сату кезінде баж салығы салынбайды, егер құрамында дайын өнімнің импорт­тық құрамдас бөлігі болса, онда ЕАЭО елдерінде сауда жасаған кезде АЭА қатысушылары импорттық баж салы­ғынан босатылады. Бұл – ЕАЭО нары­ғына өз өнімдерін шығаруды жоспарлап отырған өндірушілер үшін тамаша шешім. Қазақстан да бұдан пайда көреді – бірінші кезекте, біздің елімізде жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Жарлығына сәйкес, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА БК» АҚ қызметтерінің мынадай басым түрлері анықталды:
1. қойма шаруашылығы және қосалқы көлік қызметі;
2. азық-түлік өнімдерін өндіру;
3. былғары және оған жататын өнім­дерді өндіру;
4. тоқыма бұйымдарын өндіру;
5. өзге металдан жасалмаған мине­ралдық өнімдер өндіру;
6. химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру;
7. машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіру; 
8. басқа санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар өндіру; 
9. жобалау-сметалық құжаттама шегінде, қызметтің тікелей басым түр­лерін жүзеге асыруға арналған құры­лыстар салу және объектілерді пайда­лануға беру;
10. құрылыс жобалау-сметалық құ­жаттарға сәйкес, көрмелерді, мұра­жай­ларды ұйымдастыруға арналған ғимараттар, қойма және әкімшілік ғимараттарын салу.

АЭА қатысушыларына мемлекет бірқатар жеңілдіктер мен артық­шы­лық­тар ұсынып отыр. Атап айтқанда: 
• Жер салығынан босату
• Мүлік салығынан босату
• Корпоративтік табыс салығынан босату
• АЭА қатысушылары үшін 2035 жылға дейін жер учаскелерін тегін жалға алу 
• АЭА қатысушылар арасындағы тұтынылатын тауарларды сату кезінде қосымша құн салығынан босату
• Кедендік баж салығынан босату. Арнайы инвестициялық келісімшартқа қол қойылса, импорттық шикізат дайын өнімнің құрамында болса кедендік баж салығынан босату. 

Қазіргі уақытта «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ аумағында бағдарламаларды коммерциялық толықтыру, инвес­тициялар тарту, салынып жатқан объектілерді пайдалануға беру жұмыстары іске асырылуда. 

Қазіргі кезде тартылған инвестиция­лар портфелі, жалпы құны 455 млрд теңгенің 14 жобасын 2023 жылға дейін іске асыруды қамтиды. 2018 жылы 22 млрд теңгеден астам соманың инвестициялары игеріліп, 5 инфрақұрылымдық жоба аяқталады. 2023 жылға қарай 3 714 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. 

– Қазірдің өзінде, Арнайы эконо­ми­калық аймақтың қатысушылары болып табылатын компаниялардың инвес­тициялық объектілері пайдалануға беріл­генге дейін өнімдерді сату, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сұранысы мәселелері пысықталуда, – деп атап өтті «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА БК» АҚ Бас директоры Мұрат Баймұхамбетов.

Контейнерлерді ені тар қытай те­мір жолынан алып қазақстандық ва­гон­дарға тиеп жіберетін және керісінше ҚХР жағына тиеп аттандыратын Құрғақ порт аумағында жобаны іске асырып жатқан кәсіпорындардың бірі «Заря Ltd» ЖШС. Компания қазан айын­да пайдалануға берілетін астық терми­налының құрылысын аяқтауға жақын. Астық терминалы Қазақстаннан ҚХР-ға экспортқа жіберілетін дәнді және майлы дақылдарды темір жол вагондарына ауыс­тырып тиеуге арналған. Оның қуаты күніне 2-2,5 мың тонна, ал жылына 500-600 мың тонна дәнді және майлы дақылдарды жөнелтуге жетеді. Жүк бос қайтатын контейнер­лерге (көбінесе COSCOSHIPING) тиеледі. Содан кейін, контейнерлер қытай темір жол вагондарына тиеу үшін Құрғақ портқа жіберіледі. Қазақстандық экспорт одан әрі ҚХР немесе Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жол тартады.

– Біздің терминал арқылы олардың жүктерін ауыстырып тиеу бойынша қызмет көрсету мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттаушы ірі қытай компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Бұл қазақстандық тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін, тұтастай алғанда еліміздің экспорттық әлеуетін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті «Заря Ltd» ЖШС Бас директоры Даина Жарқынқызы Исембаева.
Әлемнің 24 елінде филиалдары бар «PhoenixGlobalDMCC» трансұлттық компаниясы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында орналасқан «Құрамажем зауыты және элеватор» объектісінде құрылыс-монтаж және технологиялық жабдықтарды жинау жұмыстарын аяқтайды. Мұнда жылына 60 мың тонна құрамажем дайындалатын болады. 

– Бұл құрамажемді экспортқа шы­ға­руға және Қазақстан Республикасы­ның ішкі нарығын қамтамасыз етуге мүм­­­кіндік береді. Объекті пайдалануға бе­ріл­геннен кейін 87 жұмыс орны ашылды деп жоспарлануда. Біздің компа­ния Қа­зақстандағы құрылыс нысандарына ­4,7­ млрд теңге инвестиция жасады, – дейді компания өкілі Балжан Аманжолова.

«EastGatesPartners» ЖШС азық-түлік өнімдерін өндіру ғана емес, жүктерді сақтау, қойма логистикасы және т.б. салалар бойынша қызмет көрсетеді. Жоба өндірістік және қоймалық нысандар, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат­тар, техникалық мақсаттағы ғимарат­тар мен нысандар, ашық және жабық сақтау алаңдары, автомобиль, ауыл шаруа­шылығы және арнайы техникаға арналған тұрақты қамтитын ірі өндіріс­тік-қойма орталығын салуды көз­дейді. Компания жеміс-жидектен дайын­далатын кондитерлік өнімдер – тосап, джем, повидло, конфитюра, т.б. тағам­дар өндірісін ұйымдастыруды жос­пар­лауда. 

– Қазақстандық азық-түлік, ауыл ша­­руашылығы өнімдеріне соңғы жыл­дардағы сұраныстың ұлғаюы, сырт­қы нарыққа бағытталған салалар­дың, сон­дай-ақ тұтастай алғанда ел эконо­ми­ка­сының өсуіне ықпал етеді, – деп санайды Ғалымжан Оразұлы Айтқалиев.

«HUBEI KELISON» ЖШС инвес­тициялық жобасының миссиясы – «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА тезірек игеру үшін құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету. Жоба бойынша АЭА шеңберінде өнімділігі жылына 1 млн м3 тауарлық бетон өндіру зауытының құрылысы жоспарлануда. 

– Зауыт «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, индустриялық-логистикалық аумақты және Пиджим, Нұркент маңын­дағы елді мекендерінде салынатын ілеспе объектілерді тезірек игеру үшін құры­лыс материалдарымен қамтамасыз ететін болады, – дейді атқарушы директор Думан Меллатұлы. – Жобаны іске асыру индустриялық-логистикалық сала­ның кәсіпорындарын, сондай-ақ «Нұр­лы­ жол» бағдарламасына және «Бір белдеу – бір жол» жобасына сәйкес, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аума­ғында ин­дус­­триялық парк құрылы­сын салу бо­йы­н­ша кең ауқымды бағдар­ламаның бір бөлігі болып табылады. 

Инвестициялық жоба үшін сатып алынған құралдар арнайы сүзгілермен жабдықталған және экологиялық таза, қоршаған орта үшін қауіпсіз болып табылады. Компания құрылыс процесінде өндіріс үшін ең озық технологияларды қолданады. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында «HUBEI KELISON» (ХУБЭЙ КЭЛИШЭН) ЖШС өндірістің қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту және өндірістің қуат тиімділігін арттыру мақсатында қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бірқатар жаңа технология­ларды енгізеді.

Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ