Білім • 28 Қыркүйек, 2018

Қызыл­ордада бәсекеге қабілетті маман даярлау мәселесі жолға қойылған

1177 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізді әлемдік өркениет төріне шығаратын бірден-бір дара жол – білім жүйесі. Сондықтан мемлекет басшысының: «Бола­шаққа бағдар рухани жаң­ғыру:» атты бағдарламалық мақа­ласында бүгінгі заман талабына сай, бәсекеге қабілетті маман даярлау мәселесі барынша нақтыланған. Бұл бағыттағы бағдарламалық жұмыстар Қазақ­с­тандағы алғашқы кәсіби денсаулық сақтау сала­сы­ның мамандарын даярлайтын, 90 жылдық тарихы бар Қызыл­орда медициналық жоғары колледжінде жолға қойылған.

Қызыл­ордада бәсекеге қабілетті маман даярлау мәселесі жолға қойылған

Осыдан 90 жыл бұрын «Әйелдер бөлімінің Х жылдығы» атындағы қазақтың өлкелік медициналық аку­шерлік техникумы болып ашыл­ған колледж кәсіби кадрларды даяр­лаудың бастауында тұрған іргелі қара шаңырақ. Оны ашу туралы шешімді Қазақ өлкелік атқару комитеті 1927 жылы қазан айында қабылдап, үш кластық білімі бар қазақ жастарын әр аймақтан топтастырып, алдымен алты айлық дайындық курсынан өткізген болатын. Келер жылы техникумға айналған оқу орнына республиканың түпкір-түпкірінен 30 қыз, ал дайындық бөліміне 3 кластық ауылдық білімі бар 60 оқушы қабылданып, тұнғыш оқу базасы әскери гарнизонның ат қорасы мен шағын қалалық ауруханада орналасқан болатын.

Оқу орнының алғашқы директор­лығына қазақ тілін жетік меңгерген дәрігер Праксковья Ивановна Доб­ронравова шақырылды. 1933 жы­лы техникумның тұңғыш түлектері – 41 акушер бітіріп шығып, Ақтөбе, Орал, Алматы, Қызылорда облыстарының шалғай өңірлеріне жіберілді. 1942-1952 жылдары «Фельдшер-акушер мектебінің» директоры Б.Видро болды. Бұл кісі де ең алдымен ауылдан келген қазақ жастарына ерекше жанашырлық танытты. 1941 жылы бітірген екі фельдшерлік топтан 30-ға жуық жігіт пен қыз ІІ дүниежүзілік соғысқа ел қорғауға аттанды.

Ал 1962-1991 жылдары оқу орны учи­лище атанып, директоры Сара Төле­генқызы Дәуітбаева болды. Бұл тұста медициналық училище республикадағы іргелі оқу орнына айналды. 1965-1980 жылдары жаңадан бас оқу ғимараты, 444 орындық екі жатақхана пайдалануға беріл­ді. Училищенің материалдық-техни­калық базасы жақсарған кезең еді. 30 жылға жуық ғұмырын колледждің дамуына арнаған Сара Төлеген­қызы сол жылдары жоғарғы санаттағы ұс­таз дәрігер, «Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер», «Қазақстан денсаулық сақтау үздігі» атанып, «Құрмет бел­гісі» орденімен, «Ерең еңбегі үшін» медальдарымен марапаттал­ған болатын. Сара Төлегенқызы респуб­ликалық дәрежедегі зейнеткер болып, құрметті демалысқа шыққаннан кейін де өмірінің соңына дейін өзінің құтты шаңырағынан қол үзген жоқ. Қара шаңырақ колледждің 90 жылдығы Сара Төлегенқызының 85 жылдығымен қатар келіп отырған­дығын баса айтқымыз келеді. 

Ал 1991 жылы Райса Әбдешқызы Көзденованың медицина училищесінің директоры болып тағайындалуы еліміздің тәуелсіздігімен тұспа-тұс келді. Бұл кезеңнің қуанышымен қатар қиындығы да аз болған жоқ. Себебі нарық қыспағы елдің тұрмысына ғана емес, жалпы білім сапасына да өз әсерін тигізді. Өзіне дейінгі оқу орны директорларының ізгі дәстүрін одан әрі жалғастырған дәрігер, ұйымдастырушы Райса Әбдешқызы 17 жыл балауса түлектерді оқуға қабылдап, саналы маманның еңбек жолына жолдама берді. Осы ретте Райса Әбдешқызы 15-ке тарта оқулық жазған және еңбектері республика көлеміндегі оқу орындарында пайдаланылатын ұлағатты ұстаз екенін айта кеткен жөн.

Колледждің ерекше жаңғыру кезе­ңі 2007-2013 жылдар аралығына тұс­па-тұс келді. Осы кезеңдерде ордалы білім ошағын бүгінде облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарып отырған, медицина ғылымының докторы Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова басқарды. Ғалым-басшы ең бірінші оқудың сапасына басымдық берді. Жаңадан факультеттер ашылып, жұмыс жасай­тындар үшін кешкі оқу жүйесі енгізіл­ді. Студенттердің жан-жақты білім алу негіздерін қалыптастырып, «Оқу симулияциялық» орталығын ашты. Елбасымыз «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деп айтқанындай, білімсіз алға жылжу қиын. Ал оқу құралынсыз сапалы білім алу, білікті маман даярлау мүмкін емес. Сол жылдары колледж оқытушылары өздерінің бар күш жігерлерін оқу­лық­тар мен оқу-әдістемелік құрал­дарын мемлекеттік тілге аудару мен дайындауға, ана тіліміздің мәрте­бесін көтеруге жұмсады. Соның нәтижесінде «Балалар аурулары», «Ішкі аурулар», «Ішкі аурулар про­педевтикасы», «Жүйке аурулары», «Дерматовенерология», «Фарма­кология», «Микробиология» сияқты оқулықтар қазақ тілінде жарық көрді. Бұл оқулықтар қазіргі күні еліміздегі жоғары және орта білім беретін оқу орындарында қолданылуда. Сондай-ақ аталған колледжде республикада алғашқылардың бірі болып 24 мыңнан аса қоры бар кітапхана жасақталған болатын. 

Жоғарғы медициналық колледждің директоры Салтанат Сейітқалиқызы Тасмағамбетова болса оқу процесінің заманауи бағытқа көшуін қадағалауда. Оқу орнының халықаралық стандарттар деңгейінде аккредитациялауына алып келді. Білім ордасы сапалы білім мен бәсекеге қабілеттілікті арт­ты­ру жолына түсті. 2014 жылы кол­ледж­дің оқу процесіне мейіргер ісінің қолданбалы бакалавриат білім бағдарламасы эксперимент тәртібінде енгізілді. 2017 жылы «Мейіргер ісі» мамандығының қолданбалы бакалавр біліктілігімен алғашқы 69 түлек еңбекке араласты. 

Елбасының «Дуальды кәсіптік білім беруді дамытудың маңызы зор» деген сөзін әрқашан басты назарда ұстаған жөн. Дуальды оқытудың болашақ медицина мамандарын даярлаудағы маңыздылығын ескере отырып, тоқсан жылдық тарихы бар колледж «дуальдық жүйенің эле­мент­терін енгізу концепциясын» қабыл­дады. Дуальды оқыту жүйесінің элементтерін пайдалана отырып, емдік профилактикалық мекемелермен тығыз байланысты арттыру, бәсекеге қабілетті, өндіріске нақты қажет, елдің дамуына үлес қосатын білікті маман дайындау ісін жолға қойды. 
Ғасырға жуық тарихы бар колледж­дің тарихын жаңғырту Елба­сының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан іс-шара деп білеміз. Оқу орны­нда «Рухани даму орталығы» ашылып, 90 жылдық тарих жас ұр­пақ­тың санасында жаңғыруда. Кол­ледждің 90 жылдығына «Мақтан тұтар түлектеріміз «100 есім» атты жинағы әзірленіп шығарылды. 

Қызылорда жоғарғы медициналық колледжінің бүгінгі тынысы туралы көп айтуға болады. Ғасырға жуық уақытта 30 мыңнан астам денсау­лық саласының орта буын білікті мамандарды түлетіп ұшырған оқу орнының алар асуы әлі алда деп ойлаймыз. Қазақстандағы алғашқы кәсіби медициналық білім беретін Қызылорда жоғары медициналық колледжінің ұжымы Елбасының «Болашақтың кілті білімді ұрпақтың қолында» деген ұлағатты сөзін бас­шылыққа ала отырып, білімді, кәсіби деңгейі жоғары маман даярлауда ынтымақ және бірлікпен жоғары жетіс­терге жететініне сенеміз.

Ахмет ШАРАПАТОВ 

Қызылорда медициналық жоғары колледжінің «Рухани дамыту» орталығының меңгерушісі