Әлем • 28 Қыркүйек, 2018

Тәжікстан Президенті ТМД мемлекеттер басшылары отырысын ашты

629 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Душанбеде Тәуелсіз мемлекеттер достастығына (ТМД) мүше мемлекеттер басшыларының кезекті отырысы өтіп жатыр.

Тәжікстан Президенті ТМД мемлекеттер басшылары отырысын ашты

Жиынды ашқан Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон ұйым аясында ынтымақтастықты нығайту үшін ауқымды шаралар атқарылғанын атап өтті. Э.Рахмон осындай жиынның ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, дамыта түсетінін мәлімдеді.

«Бірлескен жұмыстың нәтижесінде жаңа құжаттар әзірленді. Бұдан бөлек, ТМД аясындағы ынтымақтастықтың барлық салаларын қамтитын шешімдер қабылданды. Айта кеткен жөн, біздің төрағалығымыз кезінде салалық кеңестердің қырыққа жуық отырыстары ұйымдастырылды. Біз экстремизмге және терроризмге қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымы, экономикалық қылмыстар, заңсыз көші-қон, адам саудасы секілді бағыттарға басымдық бердік», деді Э.Рахмон.

ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кезекті отырысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отыр. Сонымен қатар жиынға Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Молдова Президенті Игорь Додон және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстанның атынан мемлекет қайраткері Пурли Агамурадов келді.

Айта кету керек, Қырғызстан басшысы С.Жээнбеков пен Армения Премьер-министрі Н.Пашинян тұңғыш рет қатысып отыр.

Жиын барысында ТМД атқару комитетінің Төрағасы Сергей Лебедов күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырды.

Бұдан кейін отырыс шағын құрамда, жабық үлгіде өтеді. Ал кеңейтілген құрамдағы басқосуда ТМД аясындағы өзара әріптестікті нығайтуға және дамытуға қатысты бірқатар мәселелер сөз болады. Талқыланатын тақырыптар қатарында Адам құқықтары жөнідегі жалпыға ортақ декларацияның қабылданғанына 70 жыл толуына орай ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының шешіміне қатысты құжат бар.

Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толу мерейтойын кең көлемде атап өту жоспары секілді бірқатар құжаттар рәсімделеді. Кеңес қорытындысы бойынша 15-ке жуық құжатқа қол қойылмақ.

Кеңес барысында ТМД-ға төрағалық ету міндетін Түрікменстан тарапына ресми түрде тапсыру жоспарланған.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан" - Душанбеден