Ауыл • 28 Қыркүйек, 2018

«Абылай ханның қара жолы» кешенді экспедициясы елге оралды

604 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

XVIII ғасырдағы керуен жолының бойымен жүріп өткен «Көкшетау - Ақмола - Ұлытау - Түркістан» бағытындағы «Абылай ханның қара жолы» кешенді экспедициясының бірінші кезеңі бойынша баспасөз мәслихаты өткізілді.

«Абылай ханның қара жолы» кешенді экспедициясы елге оралды

Бурабайдағы Абылай хан алаңынан басталып қасиетті Түркістанға дейінгі он күндік жолдан алған әсерлерімен барлау экспедициясының басшысы, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы, педагогика ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік тарих институтының ғылыми қызметкері Жабай Қалиев, географ-биолог, картограф, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайының зерттеушісі Ғизат Табулдин және тарих ғылымдарының кандидаты, Мемлекет тарихы институтының жетекші зерттеушісі Қанат Еңсепов бөлісті.

Бұл жоба «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Ақмола облысының әкімшілігі мен Мұрат қажы Ыдырысұлының, мемлекеттік тарих институттарының, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының қолдауымен басталды. Экспедиция бағыты солтүстіктен оңтүстікке қарай Көкшетау, Бурабай, Ақмола, Қорғалжын, Баршино, Ұлытау, Жезқазған, Қызылорда және Түркістан сияқты қалалар мен елді мекендерді қамтыды.Жолды өту кезеңінде оның қатысушылары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Қазақстанның этномәдени ландшафты объектілерінде орналасқан қасиетті орындардың, тарихи мұралардың ескерткіштерін картаға түсірді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан зерттеушілер тобына алғысын білдірді.

Өз кезегінде, экспедиция мүшелері облыс басшысына және қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге алғыстарын білдірді. Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинге «Қазақ хандары және олардың ұрпақтары» кітабы, сондай-ақ, қатысушылардың қолтаңбаларымен жалпы ұзындығы 3,5 мың шақырымды құрайтын жолдың картасы берілді.

Экспедицияның өткізілген кезеңінің қорытындысы бойынша ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Ақмола облысы әкімдігінің тапсырмасы бойынша монография шығарылып, «Абылай ханның қара жолы» деректі фильмі дайындалады. Бұдан бөлек, Қазақстанда теңдесі жоқ топографиялық карта құрастырылып шығарылады, мұнда Көкшетау және Ақмола облысының ландшафтың табиғи тарихи топонимдері қолданылатын болады.

Экспедиция 10 күн жолда болды. 27 қыркүйек күні облыс зиялылары зерттеушілерді Көкшетау қаласына кіре берісте салтанатты түрде қарсы алды.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»