Білім • 28 Қыркүйек, 2018

Елжан Біртанов: Медициналық кадрлар ауылда жұмыс істеуі үшін әкімдіктер әлеуметтік қолдау көрсетуі тиіс

383 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Елжан Біртанов: Медициналық кадрлар ауылда жұмыс істеуі үшін әкімдіктер әлеуметтік қолдау көрсетуі тиіс

Е. Біртановтың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде шамамен 240 мың медициналық қызметкер бар. оның ішінде 70 мыңы — дәрігерлер, 170 мыңы — мейірбикелер. Соның ішінде дәрігерлердің 20%, мейірбикелердің 12% жекеменшік секторда жұмыс істейді.

ҚР ДСМ мәліметтері бойынша, кадрлық қамтамасыз етуге байланысты қабылданып жатқан шаралар дәрігер кадрлардың жетіспеушілігін 2007 жылы 5,5 мың маманнан 2017 жылы 2,8 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік бергенін атап өткен жөн, яғни мамандар 48,7% артқан. 2020 жылға қарай кадрлар тапшылығын 1,9 мыңға дейін, немесе қарастырылған штаттық бірліктен 2,7% дейін төмендету көзделіп отыр.

Медициналық кадрлармен қамтамасыз етуді одан әрі арттыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мамандарды жалдау және жергілікті жерлерде ұстау үшін бірқатар шаралар атқаруда. Биыл маман тапшылығы 2800 адам болған жағдайда, интернатура түлектері, емханаларда жалпы практика дәрігері, хирург және терапевт болып жұмыс істей алатын 6000 жуық түлек, сондай-ақ 1500 жуық ауқымы тар маман бітірді.

«Біз маман тапшылығынан үш есе көп түлек шығарамыз. Дегенмен, түлектер еңбек нарығында жекеменшік клиникаларға жұмысқа орналасуды жөн санайды және ауылды елді мекендер мен емханаларға орналасуды қаламайды», — деді Е. Біртанов.

Осыған орай жергілікті атқарушы органдарға өңірге жоғары және жоғарыдан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін жергілікті бюджет есебінен білім беру тапсырысын жасауға мүмкіндік берілді.  

«Студенттер әкімдердің гранттарымен білім алғаннан кейін, өздері келген өңірге барып жұмыс істеуі керек. Келесі жылдан бастап грантта оқыған барлық түлектерге міндетті үш жылдық еңбекті өтеу талабын енгіземіз. Арнайы мемлекеттік комиссия оларды осы өңірлерге бөлетін болады. Мемлекет олардың оқуына ақы төлегеннен кейін, олар сол жерге барып жұмыс істеуі керек», — деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ, министр гранттарды бөлу кезінде түлектің қайдан келгені, оның үлгерімі қандай екені секілді көптеген факторлар ескерілетінін айтты. Талантты, дарынды түлектер бар болса, оларға магистратурада, докторантурада оқуды жалғастыруға мүмкіндік беріледі.  

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл 458 бала немесе жалпы студенттің 14,7%-ы, 253 резидент немесе жалпы резиденттің 17%-ы (2017 жылы 75 адам немесе 5%)  жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқуға түскен.

Мамандар ауылды жерге қарағанда, қалада жұмыс істегенді қалайды.  Министр Е. Біртановтың айтуынша, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын қарастыру арқылы жергілікті медицина кадрының жетіспеушілігін шешуге болады. 

Осылайша, әкімдіктер ауылға барған мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, көтерме жәрдемақы, жатақхана, жеңілдетілген несие мен жалақыларына 25% қосымша ақы төлеу, тіпті коммуналдық шығын мен отынмен қамтамасыз етуге міндетті.

«Біз әлеуметтік қолдау шараларын заңды түрде бекіттік. Бүгінгі таңда оқу бітірген мамандардың тек 40%-ы облыс әкімдерінің әлеуметтік қолдауымен қамтылған. Біз бұл көрсеткішті ұлғайтқымыз келеді. Келесі аптада біз бұл үлесті 60%-ға жеткізуді ұсынатын боламыз. Оқу бітірген жас мамандарды ауылға баруға қызықтыру үшін бізге тұрғын үй, көтерме жәрдемақы, біліктілігін арттыру үшін қаржы бөлінетініне  кепілдік беру керек.  Бұл жағдайда барлығы жергілікті жерде жұмыс істейтін кәсіпорын басшылары мен әкімдіктердің қолында», — деді Е. Біртанов.