Парламент • 29 Қыркүйек, 2018

Сенатта ғылым туралы заңнама талқыланды

353 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенатта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыру аясында ғылым туралы заңнаманы іске асыру мен ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселелері талқыланды. Шараны Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті ұйымдастырды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенатта ғылым туралы заңнама талқыланды

Сенат комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру ғылыми қамтылған экономиканы қалыптастыруға, ғылыми зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізуге және инновациялық өнімдер өндіруге ықпал ететініне қатысушылардың назарын аударды. «Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру, оларды экономикалық айналымға тарту аса маңызды мәселе. Біздің басты мақсатымыз – ғылым және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың заңнамалық тұрғыда қарқынды дамуына барлық жағдайды жасау», - деп атап өтті сенатор.

Дөңгелек үстел отырысына Сенат депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының, «Нұр Отан» партиясының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары мен өкілдері, ғалымдар мен жетекші мамандар қатысты.

Басқосуда ғылымды дамыту және оның нәтижелерін коммерцияландыру жөніндегі ауқымды мәселелер бойынша пікірсайыстар болды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Парламент Сенатының депутаты, академик Бақытжан Жұмағұлов сөз сөйледі.

Ол Қазақстанның ғылыми және ғылыми-инновациялық саласы бүгінгі күні ғана емес, сондай-ақ болашақта да маңызы зор құнды нәтижелерге қол жеткізетінін атап өтті. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында белсенді инновациялық үрдіс дамып келеді. «Байсерке-Агро» холдингі бүгінде жетекші кәсіпорындар қатарынан орын алды, олар бірқатар бағыттар бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Аса маңызды міндеттердің қатарында - фермерлердің, ауыл шаруашылығы ғылымы мен бизнес арасындағы кедергілерді жою, мемлекеттік тиімді қолдау, сандық технологияларды енгізу бар. Кен-металлургия және мұнай-газ секторларында келешегі зор жетістіктер бар. Ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру үрдісі басталды. Ғылыми жетістіктерді ​​бизнеспен бірлесіп қаржыландыруды енгізу негізгі қадам болып отыр. Ғылымды стратегиялық басқаруда ілгерілеу бар. Ғылым туралы ұлттық баяндамада әлемдік ғылыми үрдістерді талдау маңызды деңгейге көтерілді. Ғылым қоры біздің еліміз үшін ғылым мен техниканың дамуындағы қазіргі үрдістер туралы зерттеулерді жүйелі түрде жүргізе бастады.

Б.Жұмағұлов сондай-ақ осы саладағы бірқатар мәселелерді айқындады, олардың бірі - бизнестің ғылымға және технологиялық жетістіктерге жүйелі сұранысының жоқтығы.

Сенатор Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында «нақты сектордың жаңа технологияларға сұранысын ынталандыру» міндеті қойылғанын атап өтті. Оны шешу үшін бірқатар министрліктердің, Үкімет пен Парламенттің күш-жігерін біріктіріп, заң шығару саласында ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру қажет. Ойласқан тұжырымдамалар, заң жобалары жұмыстарын стратегиялық жоспарлау, олардың жүйелі және келісілген әрекеттері бірінші кезекке шығатын болады.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар жасалды. Сенаторлар Қаржы министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, ғылымды қаржыландыруды Жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы деңгейіне жеткізу, жыл сайын жас ғалымдар үшін ғылыми зерттеулерге гранттық қаржыландыру; Салық кодексіне өзгертулер енгізу арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қосылған құн салығынан босату жөнінде шаралар қабылдау қажет деп санайды.

Білім және ғылым министрлігіне ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға мемлекеттік қолдауды ұлғайту; қолданбалы ғылыми зерттеулердің кезең-кезеңімен ағылшын тіліне көшуін жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдау; қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізу арқылы қолданбалы зерттеулер мен жаңалықтар үшін жеке сектордан қосымша қаржыландыруды қамтамасыз ету тетігін әзірлеу және тағы басқа мүмкіндіктерді қарастыру ұсынылды.

Дөңгелек үстел аясында «Ғылым-Бизнес-Өндіріс» көрмесі өткізілді.

Соңғы жаңалықтар