Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2018

Талдықорғанда қала күні тойланып жатыр

1273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін талдықорғандықтар қала күнін тойлап жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтарына ені 2 метр, ұзындығы 3 метр болатын үлкен торт пен диаметрі 3 метрлік пицца әзірленді, деп хабарлайды www.inform.kz.

Талдықорғанда қала күні тойланып жатыр

Мерекеге орай арнайы көрме ұйымдастырылып, аспаздар бар өнерін салып, тәтті торт және алып пицца пісіріп берді. Тортқа 980 жұмыртқа, 75 келі ұн, 50 кг қант кетті. Тәтті тағамды 6 аспаз 7 күн бойы әзірлеген.

Талдықорғандықтарға халық әртісі Роза Рымбаева, Досмұқасан тобы және басқа да өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, ыстық лебіздерін білдірді Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласы тұрғындарының саны 173 мыңнан асып, соңғы 10 жылда екі есеге көбейді. Күннен-күнге гүлденіп, көркейіп, дамып келе жатқан шаһар жұртшылығын өңір басшысы Амандық Баталов құттықтады.

Облыс әкімінің айтуынша қаланың әлеуметтік экономикалық көрсеткіштері жылдан-жылға еселеніп келеді. Биылғы жылдың 8 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 44,6 млрд теңгеге жетті. Тұрғын үй құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қалада 47,3 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді.Бұл 2017 жылдың деңгейінен 2,7 есеге көп.

"Қала экономикасына 33,2 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Қаламызда бүгінгі заманға сай, сәулетті, бірегей ғимараттар - Көрме орталығы, Салтанат сарайы ел игілігі үшін қызмет етуде. «Жастар» саябағы, Қаратал өзенінің жағалауы - облыс орталығының ажарын айшықтап, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Алдағы уақытта да туған қаламыздың құлпырып, көркейе беретініне сенімім зор", деп атап өтті А.Баталов.