Өнер • 30 Қыркүйек, 2018

Астанада «Өмір мен өнер» көрмесі ашылды

675 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Пегги Гуггенхайм, ағайынды Третьяковтар, Эндрю Ллойд Векббер сияқты озық дәстүрді жалау етіп жүрген белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов соңғы жиырма жылдан бері қазақстандық шеберлердің кескіндеме және мүсін туындыларын жинастырып келеді. Астанада ашылған «Өмір мен өнер» атты коллекция көрмесі алпысыншы жылдар суретшілерінің ғажайып әлеміне арналды.

Астанада «Өмір мен өнер» көрмесі ашылды

Экспозициядан Қазақстанның бейнелеу өнерінің кемелденген тұсы саналатын алпысыншы жылдардағы кескіндеме жанрының дербес ерекшеліктерін көруге болады. Мұнда Жәнтай Шарденов, Павел Зальцман мен Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Әбдірашит Сыдыханов, Тоқболат Тоғызбаев және Бақтияр Табиевтің туындыларымен қатар, графика шеберлері Исатай Исабаев пен Мақым Қисамединовтің, сондай-ақ мүсінші Еркін Мергеновтің 60-қа жуық туындысы жинастырылған. Өнертанушылардың айтуынша, Нұрлан Смағұловтың коллекциясы Орталық Азиядағы ірі жинақтардың бірі ретінде бағаланады.

– Сұлулыққа ие адам сұлулыққа иелік ету сезімімен ғана қанағаттана алмайды, оны әлеммен бөлісуге тырысады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басталған жинақта бүгінде мыңнан аса туынды бар. Таңдалған жұмыстардың көрмелері мемлекеттік мұражайлар мен бейнелеу өнерінің жеке кеңістігінде өткізіліп келеді. Болашақта Смағұлов мырза жеке коллекциялардың мұражайын құруды жоспарлап отыр. Қазір бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы айту өте маңызды. Бірақ бұл жағдайды мен басқаша көремін. Бүгінгі көрмеден жүрек қалауымен таңдалмаған қандай да бір жұмысты таба алмайсыз. Бұл оның мәні, – дейді белгілі суретші Ләйлә Махат.

Кеңестік Қазақстанның кезінде ең үздік коллекционер атанған Юрий Кошкиннің коллекциясын көрген Нұрлан Смағұлов ерекше шабыттанып, өзі де коллекция жинауға ерекше құмартады. Кейін суретшілермен танысқан соң олардың шеберханаларын аралап, көрмелерді қалт жібермей бара бастаған. Алғашқыда кездейсоқ әуестікпен суреттерді жинай бастаған ол кейін келе мақсатты іске айналдырады.

– Алғашында өзіме ұнаған картиналарды сатып алып жүрдім. Мен үшін коллекционердің мәртебесі тек өзімнің жеке, тіпті субъективті пікірімді білдіру үшін ғана емес, еліміздің бейнелеу өнерінің «кішігірім» тарихын байқауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мені қызықтыратыны тағдыр туралы көп нәрсе білдім, осы дәуірді түсінуге жақындадым деп ойлаймын. Бірақ мен үшін бұл қарапайым әуестік ғана емес, менің таңдауым, өмірім әрі жиған-терген қазынамды өнерсүйер қауыммен бөлісу теңдесі жоқ бақыт, – дейді Нұрлан Смағұлов.

Коллекционердің жеке қорында Қазақстан суретшілерінің таңдамалы шығармаларының басым болуы кездейсоқтық емес. Ол өз замандастарының ұлттық дүниетаным тақырыбына негізделген шоқтығы биік туындыларын Отанында сақтап қалуды мақсат етеді. Тіпті картиналардың кейбірін Нью-Йорк пен Еуропаның «Сотбис» және «Кристис» аукциондарынан сатып алған. Мысалы, қазақстандық суретшілер Евгений Сидоркин, Рысбек Ахметов, Салихитдин Айтбаев және өзгелердің еңбектері «Кристис» аукционына шығарылған.

– Аукционда Батыс Еуропа коллекционерлерімен таласқа түстік. Жолымыз болып аукционға шығарылған туындыны түгел сатып алдық. Қазақстан азаматы ретінде осы туындыларды елге қайтаруды абыройлы парыз санаған мені олардың жеңуі мүмкін емес еді. Қазақстандықтар бұл туындылардың бағасын біледі деп ойлаймын, - дейді Нұрлан Смағұлов.

Дәуір бейнесін тұтастырған көрме бейнелеу өнері мен ұлттық дүниетаным сабақтастығының айқын дәлелі болатындығымен бағалы болып отыр. Түптеп келгенде ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктің жаңаша үрдіске, өзгеше мәнерге айналуы көңілге ереше қуаныш ұялатады.  

Ая Өміртай,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше