Руханият • 01 Қазан, 2018

Алты Алаштың қуанышы

511 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы жетекші ой – жаңғыру идеясы. Жаңғыру түрлері көп, өзге мәдениеттер негізінде жаңғыру бар, ол – адасу. Адаспау үшін тамырдан жаңғыру керек. Мақалада осылай айтылған. 

Алты Алаштың қуанышы

abctv.kz

Тамырымыз Алтай, ол – Атаме­кен. Алаш елі Алтайдан өсіп-өн­ген. Алаш дегеніміз – Қазақ елі, Қазақ­­стан Респуб­ликасы. Міне, жаңғы­рудың негізгі мәдени-тарихи өріс­тері.

* * *

Қазақ поэзиясының классигі Мағжан Жұмабаев «Қорқыт» поэ­масын былай бастаған.

Алтайға жер жүзінде тау жоқ

жеткен,

Алтайға бетегедей алтын біткен.

Бейіштей алтын Алтай етегінде,

Ертеде алаш елі мекен еткен.

Шығыс Қазақстан облы­сының әкімі Даниал Ахметов мырзаның және Мәдениет және спорт министр­лігімен бірге дәстүрге айналған «Алтай – түркі әлемінің бесігі» атты ғылы­ми-тәжірибелік конферен­цияда заманымызға қатыс­ты көп­теген тың және инновациялық пі­кір­лер айтылды. Байырғы Алтай өңі­рінде кейінгі жылдары архео­лог ғалымдардың тап­қан керемет артефакті тек респуб­лика жұрт­­­шылығына ғана емес, әлемге әйгілі болды. Шіліктіде табылған Алтын адам бұйымдары, Берелдегі «Патша жазығындағы» табылған аса құнды археологиялық қазбалар әлем археологтерінің қызығу­шы­лықтарын тудырды. Оның үстіне биыл Тарбағатай ауда­нын­дағы «Еле­ке сазында» табылған Алтын адам тек бұл өңірдің тарихи-мәдени оқи­ға­сы ғана емес, бүкіл әлем ға­лым­дарын елең еткізді. 

Ғылыми-практикалық кон­ферен­ция жыл сайын облыс әкімінің тікелей басшылығымен, шетелдік және еліміздің көрнекті ғалымдары, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өткендіктен, өңірдің келелі мәселелері үнемі сөз болуда. Осындай келелі әңгіменің бірі Зырян қаласын және ауданын Алтай деген атаумен атау болды. 

Мұндай ұсыныс Зырян ауданы­ның жұртшылығы тарапы­нан және Шығыс Қазақстан об­лысының зия­лы қауымының қол­дауымен облыс әкімі Даниал Ахметов мырзаға жеткізілді. Осы ұсынысты негізге ала отырып, ауданда арнайы жұ­мыс тобы құрылды. Жұмыс тобы жергілікті халықпен кездесіп, «Ал­тай» деген атау туралы түсіндіру жұмыс­тарын жүргізді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, жергілікті теле­арналарда «Алтай – біздің ортақ үйіміз» тақырыбында тың мате­риалдар жарияланып, жарыққа шыға­рылды. Кенді Алтайдың кіндігі Зырян өңірі болып келетіні жө­нін­де ғалымдардың дәлелді материалдары алға тартылды. Алтай тау жүйесі – Азия құрлығының орта тұсындағы таулы өлке. Алтай таулары төрт мемлекеттің шека­ралас аумағында орналасқан. Қа­зақстандағы бөлігі Кенді Алтай Шығыс Қазақстан облысының жерінде. Шығыс жері – талайды табиғатымен тамсандырған ға­жайыптар мекені. Кең-байтақ Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан облыс жерінің асты да, үсті де байлыққа толы. Ел экономикасын нығайтуда Шығыс Қазақстан облысының үлесі зор. Өйткені өр Алтай елі қашанда өнді­рісімен өктем. Кенді Алтайдың кестелі келбетіне көз тоймайды.

Жоғарыда айтылған дәлел­дерді және халықтың ұсы­ны­сын негізге ала отырып, 2018­ жыл­дың 28 қыркүйегінде аудан­дық мәс­лихаттың тұрақты комис­сиясы­ның тыңдауы және жергілікті қоғамдастық жиналысы өткізіліп, халық Зырян ауданын Алтай ауданы, Зырян қаласын Алтай қаласы деп атауды бірауыздан қолдады. 

* * *

Зырян ауданы мен қаласының атын Алтай деп өзгертуді жұрт­шылық қызу қол­дауда. Басы­лым бетінен мұндай ақпаратпен таныс болған ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бір-бірі­мен сөйлесіп, қуа­нышты хабарды бөлісуде. Оның себебі бар, Төр Алтай, Өр Алтай деген ұғымдар тек қана Шығыс Қазақ­стан облысына тән атаулар. Кеңестік заманда Алтайға қатысты атаулар жойылған. Рухани жаңғыру дегеніміз – төл атауларды қалпына келтіру. Зырян ауданының Алтай аталуы осы рухани жаңғырудың нақты көрінісі. 

Бізбен хабарласқан экс-депутат, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы былай деді: «Бүкіл қазақтың алтын бесігі болған Алтайда, Зырян қаласын және ауданын Алтай деп атау ұлтымыздың рухын көтеретін, алты Алаштың қуанышы», деді. Осы тектес хабарларды көптеп естіп, қабылдап ел үшін, атамекен жер үшін ризашылық сезімде жүргеніміз анық. 

* * *

Алтай аталған ауданның еселі еңбеккерлеріне табыс тілеймін. Алтайлықтар, істеріңіз игілікті, несібелі болсын!

Ғарифолла ЕCІМ, 

академик, жазушы