Медицина • 01 Қазан, 2018

Қарттарға қоғам болып қолдау білдіруіміз керек

15500 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қарттарға қоғам болып қолдау білдіруіміз керек

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Қазақстанда да жыл сайын бұл күн қарттарымыздың ғұмыр бойы істеген еңбектеріне әрі мемлекетіміздің қа­лып­тасуына қосқан зор үлестеріне сай сый-құр­мет көрсетіледі. Биыл да мерейлі  мереке өз деңге­йінде аталып өтілмек. Дәстүрлі жиындардан бөлек еліміздегі Ардагерлер ұйымы  1  қазан – Ха­лықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты қайырымдылық акциясына шақыратын үндеу жариялап отыр. 

Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Елімізде қарт адам­дарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсе­тілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. 

«Әрбір азаматтың қартайған ке­зін­дегі өмірін лайықты ету – мем­­­­лекетіміздің әлеуметтік саяса­ты­ның басты бағыттарының бірі. Осы­ның айқын дәлелі ретінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың жыл сайынғы халыққа дәстүрлі Жол­дауында көтерілген міндеттердің бірі зейнетақы мөлшері жылдан-жылға артып келеді.  Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне берілетін арнайы мем­лекеттік жәрдемақының мөлшері де ұлғайды. Қарт­тар үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отыр­ған игілікті істер әлі де жалғаса бермек», дейді Орта­лық кеңес төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев. 

Дей тұрғанмен, жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекет тарапынан ғана емес – бүгінгі жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн.

Үндеудің ішінде осы бағытта, яғни көмекке мұқтаж қарттарымызды  жастар болып қамқорлыққа алу жайлы айтылады. Халқымызда «Жұ­­­­мы­ла көтер­ген жүк жеңіл» деген жақ­­­сы мақал бар. Баршаңызды 1 қазан – Ха­лық­аралық қарттар күніне орай, өз өңір­­леріңіздегі ардагерлер ұйым­да­рымен байланыс жасап, халқы­мызға тән адамгершілікпен қамқор­­лыққа зәру адамдарға көмек көрсе­туге  шақы­рамыз. Жұмыла қи­мыл­дап, елдігімізді көрсетейік, арда­гер­­ле­рімізді ардақтайық» делінген Үндеуде. 

Биыл наурыз айының басында Елбасымыз ұлттың әлеуметтік жаң­ғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға шақырып, бес әлеуметтік бас­тамадан тұратын Үндеуін жариялағаны белгілі. Олардың қатарында баспана алудың жаңа мүмкіндіктері, жалақы­сы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз ету мәселелері бар. Қазіргі уақытта Үкіметте  Прези­денттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жө­нінде Жол картасы қабылданған. Мұны айтып отырған себебіміз, негізгі жұмыстардың барлығы «Мемлекеттің болашағы – жастар, ел ертеңіне келешек кепіл» деген бағытта жүргізіліп келеді. Алайда осы қоғамның іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас буынға үздік үлгілі, өнегелі тәрбие, елжандылыққа баулу сияқты моральдық нормалардың бас­тауында қазыналы қарттарымыздың тұрғанын әрқашан есте ұстауымыз қажет. Сонымен қатар еліміздің жас азаматын отансүйгіштікке тәрбиелеу мен белсенді өмір ұстанымын қалып­тастыруда да ардагер ата-апала­ры­мыздың өмірі мен еңбек жолдары үлгі. 

Жоғарыда Үндеуде айтылғандай, қайырымдылық акциясына өз үлесімізді қосып, қарттарға қолқанат болуды әрқайсымыз өзімізге борыш санауымыз керек.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»