Күрес • 01 Қазан, 2018

Жапондардың жұлдызы жанған дода

323 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сегіз күн бойы жер жаһан жанкүйерлерінің назарын өзіне аударған ерлер мен әйелдер арасындағы дзюдошылардың әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде жалауы желбіреген айтулы жарыста 129 мемлекеттен келген 800 балуан­ (491 ерлер+309 әйелдер) бақ сынап, 15 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Солардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар. 

Жапондардың жұлдызы жанған дода

Әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілу бақыты Қазақстанның санаулы ғана дзюдошысына бұйырғанын байқаймыз. Мәселен, отан­дас­тарымыздың арасынан тек Максим Раков (2009 жыл) пен Елдос Сметов (2015) қана төрт­күл дүниенің теңдессізі атанды. Сол Максим Раков (2011) жә­не Азамат Мұқанов (2013) пен Рус­там Ыбыраев (2015) күміспен күптелсе, Асхат Шахаров (2001) пен Асхат Житкеевтің (2001) қоржынында қола медаль бар. Әйелдер сайысында жалғыз От­гонцецег Галбадрахтың (2017) жүлдегерлер қатарына қосылуға күш-жігері жетті. Ол 2017 жылы Бу­дапеште жалауы желбіреген жарыста үшінші орынға табан тіреді. Міне, әлемдік додада отандық дзюдошыларымыз бар-жоғы 8 жүлде алған екен. Ал Бакуде өткен байрақты бәсекеден кейін олжалаған медальдар саны 10-ға жетті. 

Азия ойындары өткен Джа­кар­тада біздің жі­гіт­тер жақсы күресіп, елге олжалы оралды. Джа­­кар­­тада жарақат алған «басты қаруымыз» Елдос Сметов (60 кило) әлемдік додаға қатыса алмады. Бап­­керлер жазғы Азиададан жүлделі оралған Елдос Жұма­хановтың (66 кило) да демалыс алып, біраз уақыт тыныс­тауына рұқсат берді. Сол секілді Мак­­сим Раков (100 кило), Азамат Мұқанов (66 кило) және  Ержан Шынкеев (+100 кило) сынды дүлдүлдер түрлі себептерге байланысты Бакуге бармады.  

Негізі Қазақстан құрамасының Қап тауы бөкте­ріндегі өнерін «қанағаттандырарлық» деп бағалауға болады. Бакуде белдес­кен 9 жігіттің арасынан Ерлан Серікжанов суырылып шықты. 66 кило салмақта елімізде мықты бәсекелестіктің белең алғаны бар­шаға мәлім. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының тумасы бастапқы бәсекелерде мозамбиктік Артур Джуниор Карлос пен әлемдік рейтингте төртінші орынды енші­леген израильдік Барух Шмаиловқа шаң қаптырса, іле-шала молдовалық Ва­дим Бунескудің осал тұ­сын оңай тапты. Ширек фи­налда үздіктер тізі­мінде бесінші орынды иемденіп тұрған моң­ғолиялық Херлен Ганд­болдтан ба­сым түскен Ерлан жартылай финалда әлемдік рей­тингтің көш­басшысы Тал Флик­керді жеңді. Ал ақтық сында қа­зақ балуанының әлем чемпионы, жапониялық Хи­фуми Абеге әлі жетпеді. Осы­лайша, Айдар Қайырбаевтың шәкірті Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль салды. 

Таяуда ғана Азия ойындарында айды аспанға бір-ақ шығарып, алтын тұғырға көтерілген 81 кило салмақтағы Дидар Хамза Бакуде де бақ сынады. Үшінші кезеңде ол Олимпия ойындарының же­ңімпазы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, ресейлік Хасан Қалмұрзаевпен күресті. Қандасымыз атағы дардай қарсыласымен тең дәрежеде айқасты. Тіптен бәсекенің соңына қарай Дидар вазари әдісін жасады. Ондай жағдайда жеңіс біздің жігітке берілуге тиіс еді. Бірақ төре­­ші­лер бұра тартып, сәтті жасалған әдісті есепке алмады. Ал қосымша уақыт Қалмұрзаевтың пайдасына шешілді. 

90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев та атақты қарсыласқа тап болды. Венгриялық Кристиан Тот – 2014 жылы Челябідегі әлем чемпионаты мен 2016 жылы Қазандағы Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері. Екеуі де негізгі және қосымша уақытта бір-бі­рі­нінің осал тұсын таба алмай қара терге әбден малшынды. Десек те төреші шешуші тұста Исламға үшінші мәрте ескерту жасап, жарыс жолынан шығарып тастады. 

73 кило салмақтағы Жан­сай Смағұлов бастап­қыда үш қарсыласын қапы қалдырғанымен, жұбаныш бәсекелерінде сү­рінді. Қазақ балуаны жапо­ния­лық Сойши Хашимото мен моңғолиялық Одбаяр Ган­баа­тардан жеңілді. 60 кило сал­мақ­тағы Ғұсман Қырғызбаев төр­тінші кезеңге дейін жетті. Оның жолын бразилиялық Ерик Така­батаке бөгеді. Ал Бекәділ Шай­мерденов (73 кило), Әзиз Қал­қаманұлы (81 кило), Виктор Де­мьяненко (100 кило) және Ерасыл Қажыбаев (+100 кило) тұсаукесер кездесулерінде жеңіліс тапты.

Ерлер арасында 60 және 66 кило салмақ дәреже­­лерінде Жа­понияның қос жұлдызы – Наохисо Такато мен Хифуми Абе алдарына жан салмай, әлем чемпионы атанды. Оңтүстік Ко­реяның оғлан­дарына да бес жүлденің екеуі бұйырды. 73 кило салмақта Ан Чангрим және 100 кило салмақта Чо Гухамға тең келер ешкім табылмады. Егер соңғы екі дүниежүзілік додада қола медальді олжалаған Ан­ның табысы ешкімді таңдандырмаса, Чо үшін бұл өзінің спортық карьерасындағы ең зор көрсеткіш. 

81 кило салмақта әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Иран­ның мақтанышы Саид Мол­лаейдің мерейі үстем болса, 90 кило салмақ дәрежесінде «сенсация» деп айтуға тұрарлық тосын нәтиже тіркелді. Биыл Тель-Авивте өткен Еуропа чемпионатында қола медальді иеленген 22 жастағы Испания дзюдошысы Николаз Шеразадишвили бұл жолы барлық мықтыларды шаң қаптырып, бас жүлдені олжалады. Сөйтіп, Грузияның тумасы әлем чемпионы атанған Испанияның тұңғыш дзюдошысы ретінде тарихта қалды. 

Бүгінгі таңда аса ауыр сал­мақ­та Тедди Ринердің үстем­дік құрып жүргені барша жан­күйер­лерге мәлім. Соңғы 10 жыл­дан аса уақыт аралығында ол өзі қатысқан жарыстардың барлы­ғында жеңімпаз атанып жүр. Францияның алыбы сол бәсекелердің барлығын мерзі­міне жеткізбей аяқтайды. Десек те соңғы кездері онымен «жаға жыр­тысуға» жарайтын бір балуан табылды. Ол – Гурам Тушишвили. Ба­куде Тедди Ринер күрескен жоқ. Ал атағы жер жарған дзю­до­шының жоқтығын ұтымды пай­даланған Гурам Тушишвили бұл жарыста жеңімпаз атанды. 

Әйелдер арасындағы жарыста ешбір жерлесіміз аса жеңіл салмақтағы Отгонцецег Гал­бадрахтың жеңісті жолын жалғастыра алмады. Бакуде бақ сынаған Севара Нышанбаева (57 кило), Ақниет Тұрдан (63 кило), Аэлита Щербакова мен Ажар Салықова (70 кило), Зарина Райфова (78 кило) және Гүлжан Исанова (+78 кило) мен Камила Берліқаш (+78 кило) сынды балуандарымыз алғашқы айналымдардан аспады. 

Арулардың айқасы Жапония құрамасының айқын жеңісімен аяқталды. Олар бес салмақ дәре­­же­сінде дара шықты. Күншығыс елінен келген Ута Абэ, Цукаса Есида, Тизуру Арай, Шори Ха­мада және Сара Асахина сынды сұлулар топ жарды. Сон­дай-ақ, франциялық Кларисс Агбеньену мен украи­налық Дария Белодед те алтыннан алқа тағынды. 

Дарияның әкесі де кезінде мықты дзюдошы болған. Ген­надий Белодедтің әлем чемпио­натының қола жүлдегері, Еу­ропаның екі дүр­кін чемпионы деген атақтары бар. Алайда қызы әкесін басып озып, төрткүл дүниенің теңдессізі атанды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»