Тарих • 01 Қазан, 2018

Төле бидің 355 жылдығы атап өтілді

932 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ташкент қаласында қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері, шешен Төле бидің 355 жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Төле бидің 355 жылдығы атап өтілді

Іс-шараға Қазақстан мен Өзбекстанның зиялы қауымы мен жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысынан арнайы келген делегация қатысты. Жиналған халық Шейхантаур мемориалдық кешенінде қазақ биінің рухына тағзым етті. Бұдан бөлек, Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Төле биді еске алуға арналған конференция өтті. Оның барысында бауырлас қос елдің ғалымдары мен жазушылары ұлы шешеннің қоғамдық қызметі туралы баяндамалар жасады.

Түркістан облысы Төле би ауданының әкімі Бауыржан Омарбек Өзбекстанның Жазушылар одағына Төле бидің өміріне арналған жеті томдық кітапты салтанатты түрде табыс етті.

Еске сала кетсек, қазақтың үш ұлы биінің екеуі Өзбекстанда жерленген: Төле би Ташкенттегі Қарлығаш би мавзолейінде, Әйтеке би - Навои облысында.

«Әрбір ұлттың ұлы тарихи тұлғалары, даналары, билеушілері бар. Олардың ізі мәңгіге қалып, елдің мәдениеті мен тарихына қызмет етеді. Төле би - осындай тұлғалардың бірі. Ол халық үшін қиын-қыстау кезең болған - 17 ғасырда елді бірлікке үндеп, ұдайы көмектесіп отырған. Ең даулы мәселелерде әділ шешім қабылдаған», - деді Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Ахмаджон Мелибоев.