Парламент • 02 Қазан, 2018

Тарихи-мәдени мұралар мәселесін қамтитын заң жобасы талқыланды

568 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің шең­берінде кейбір заңнамалық актілерге тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасының таныс­ты­рылымы болды.

Тарихи-мәдени мұралар мәселесін қамтитын заң жобасы талқыланды

Таныстырылымда осы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов кіріспе сөз сөйлеп, еліміздің мәдени мұрасын құру, жаң­ғырту, сақтау, дамыту, насихат­тау және пайдалану, соны­мен бірге құқықтық, экономи­ка­лық, әлеуметтік және ұйым­дас­тырушылық негіздерді анықтау мақсатында жүргізіліп отырған тарихи-мәдени мұра саласындағы мемлекеттік саясат, ең алдымен заңнамалық базаны жетілдіруді талап ететінін айтты. «Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы» қолданыстағы Заң 1992 жылы қабылданғанымен, оған бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Сондықтан заңның жаңа редакциясын әзірлеу туралы шешім қабылданды, деді ол. 

Жиналғандарды жаңа заң жобасымен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы таныстырып, ол Ел­басының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласында қо­йыл­ған міндеттерді орындау мақсатымен министрліктің заң жобалар әзірлеуі төңірегінде атқарып жатқан шаралары туралы баяндады. Ол қазір тарихи және мәдени ескерткіштер түсінігін кеңейтудің қажеттілігі туындап отырғанын айтты. Бүгінгі таңда архитектуралық және қала құрылысы ес­керт­кіштерінің қатарына енетін қасиетті деп танылған ескерт­кіштерді, сондай-ақ монументалды өнердің өнімдеріне ресми мәртебе беру керектігін атады. Тарихи-мәдени мұраларды толық есепке алып, оларды жүйелеу міндеті де заң жобасында қамтылғаны белгілі болды. Кейбір археологиялық ескерткіштер бүгін бірден тарихи және мәдени мұралар қатарына енгізіледі, алайда оның мәртебесі ресми түрде берілмейді. Осындай құқылық коллизиялар нысанды Тарихи және мәдени ескерткіштердің тізіміне енгізуге кедергі келтіреді, деді ол. 

Бүгінгі таңда жаңадан анық­талып, тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген нысандардың сақталуына көптеген жағдайда жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбейді. Осы орайда ұсынылған заң жобасында тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, сондай-ақ тарихи-мәдени сараптама жүргізу, объектілерді паспорттау мәселелеріне ерекше мән берілген. Заң жобасында тарихи-мәдени мұралардың археологиялық және сәулет объектілерінің сақталуы жағ­дайын қамтамасыз етуге бағыт­талған шаралар кешені: зерттеу, қазбалар жүргізу, реставрациялау, консервациялау, жөндеу, музейлендіру және қазіргі заманға сай пайдалану үшін бейім­деудің мазмұны толық ашы­лып көрсетілген. Заң жобасы қабылданған жағдайда елі­міздің тарихи-мәдени мұрасын одан әрі сақтау, тиімді пайдалану және насихаттау бойынша қажетті жағдайлар жасалатын болады. Осыған байланыс­ты, Жер кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құ­рылыс қызметі туралы», «Мем­лекеттік мүлік туралы», «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңдарға тиісті өзгерістер енгізу көзделген. Келешекте осы заң жобалары аясында туындаған мәселелер жұмыс тобының отырыстарында қаралады. 

Таныстырылымға Мәжіліс де­пу­тат­тары, Мәдениет және спорт, Қаржы, Әділет, Ұлттық экономика, Сыртқы істер, Бі­лім және ғылым, Ішкі істер ми­нистрліктерінің, облыс әкім­діктерінің мамандары, еліміз­дің тарихи-мәдени мұра объек­тілерін қорғау және пайдалану саласындағы сарапшылар, қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар