Әдебиет • 02 Қазан, 2018

Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалар жинағы цифрлы форматқа көшті

848 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс  орталығындағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте   «Мәшһүртанудың ғылыми негіздері – «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалар жинағы цифрлы форматқа көшті

Жиынға Джавахарлал Неру атындағы университет профессоры Кришан Лобиял, Варшава археологиялық институтының өкілі Михал Адамиак, мәшһүртанушылар, Дихан Қамзабекұлы, Жантас Жақыпов бастаған филология, тарих, философия, лингвистика салаларының ғалымдары қатысты.

Негізі университетте 2004 жылдан бері Мәшһүртану ғылыми-тәжірибелік орталығы қызмет етуде. Мәшһүр Жүсіп шығармаларының 20 томдық жинағы, энциклопедия аталған орталықтың ұйытқы болуымен басылып шықты. 

Бұған дейін  облыс орталығында  «Ұлы Дала мұрасы: тарих, тұлға, тағылым» атты тағы бір тарихи-ғылыми жиын өткен-ді. Ол жиынның басты тақырыбы өз заманының ұлы тұлғалары атанған Бұқар жырау Қалқаманұлы, атақты Мұса Шорманов, ғұлама Мәшһүр Жүсіп, әнші, композитор Естай Беркімбайұлы, Сұлтанмахмұт ақынға арналған болатын. Бұл ретте ұлы бабалардың мерейтойларына орайластырған «Көне ғасыр күмбірі» атты республикалық байқауға еліміздің әр өңірінен жыршы-жырау, термешілер келгенін айта кеткен жөн. 

Конференциядан бөлек, облыс әкімдігінің қолдауымен Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалар жинағы цифрлы форматқа көшті. Ақын Сұлтанмахмұттың  Торайғыр ауылындағы музейі күрделі жөндеуден өтіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Ал университетте өткен «Мәш­һүр­танудың ғылыми негіздері – «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы» атты халықаралық ғы­лы­ми-тәжірибелік конференция осы  рухани шараларды әрі қарай жалғастырды. Оқу орнының ғылыми кітапханасы сирек кітаптар қорындағы ғұламаның руха­ни-тарихи мұрасы бойынша кітаптар көр­месін ұсынды.

Бұл күннің тағы бір ерекшелігі, аталған оқу орнындағы Педагогика  факультетіне қа­расты «Ж.Аймауытов атындағы этно­пе­да­го­гика және білім берудің инновациялық технологиялары» ғылыми-тәжірибелік орталығында «Мәшһүр Жүсіп әлемі» атты балаларға арналған  бөлім ашылды. 

Профессор Еңлік Жұматайқызының айтуынша, бөлімге қойылған кітаптардағы ертегілер Мәшһүр Жүсіп шығар­ма­ларының негізінде жазылған. Ертегілердің авторы  Еңлік апайымыз балаларға ар­нал­ған көрнекі әңгімелер мен ертегілер жи­нағы шығармашылық ізденіспен жазылғанын айтып өтті. Кітаптардағы ерте­гілердің иллюстрациялық сурет­терін оқу орнының сәулет-құрылыс факуль­тетінің студенттері жасағанын да айта кеткеніміз жөн. Ғылыми жиын барысында Мәшһүр Жүсіптің мол мұрасын насихаттау мен зерттеуге үлес қосқан ғалымдар оқу­шы­лардың мектеп қабырғасында жүріп ғылыми жұмыспен айналысуының маңыз­ды­лығына ерекше тоқталды.

Айталық өңірдегі «Ертіс дарыны» қо­сымша білім беру оқу-әдістемелік ор­та­лы­ғының директоры Ғаждембек Тұрсы­новтың айтуынша, халықаралық дәре­жеде өткен осы ғылыми жиында уни­вер­ситет ректоры Гауһар Ахметова ма­ра­пат­таған оқушылар жыл сайын ұйымдас­тырылатын «Мәшһүр Жүсіп оқу­лары­на», биыл «Мәшһүр Жүсіп: өмірдің фи­лософиялық мәні, ізденістері» атты 

Х ай­мақтық зияткерлік конкурсқа  қатысқан. Ғұ­ла­маның мұрасын зерттеуде аталған орта­лық ауыл, қала ұстаздарымен бірге оқу­шы­ларды он жыл бойы дайындап келеді. 

Өңірдегі оқу орындарының рухани-тарихи ғылыми танымдық  бұл жұмыстары әрине келер ұрпақтың қолына тиіп, көздері түсер, оқып білім алар деген мақсаттан туған шаралар деуге болады.  

Жиынға қатысқан ғалымдардың айтуынша, Мәшһүр Жүсіптің идеялары уа­қытқа бағынбайды, бүгінге дейін өзекті. Шетелдік ғалымдар да Мәшһүр Жүсіп фе­номенін зерттеуде біршама жұмыстар істеп жатқанын айта кеткен дұрыс. Осы сияқ­ты алдағы уақытта қазақ жерінің ұлы ғұла­маларының еңбектерін шет тілдерге ау­да­рып, қазақ мәдениеті мен әдебиетін әлем­ге насихаттау жұмысы қолға алынады. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

ПАВЛОДАР