Президент • 01 Қазан, 2018

Түркістан түрленетін күн жақын

667 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына сапары барысында жаңа әкімшілік орталықты дамыту жобасымен танысты. Сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап көрді және өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. 

Түркістан түрленетін күн жақын

Елбасы Түркістанның жаңа әкімшілік орталығының аумағын аралап көру барысында мемориалды тас қалау рәсіміне қатысты және облыс әкімі Ж.Түймебаевтың Түркістан қаласының даму перспективалары жөніндегі баяндамасын тыңдады.

Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған Елбасына Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары таныстырылды. Жоспарға сәйкес, танымдық және рухани туризм үшін қолайлы жағдай жасау көзделген. Осыған орай, әрбір турист музей аумағында орналасқан тарихи және айтулы орындарды аралап көре алады. Бірінші кезекте Түркістанның ежелгі қоныстарының бірі – Күлтөбе қаласы қайта жаңғыртылатын болады. Ортағасырлық мешіті бар Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары және басқа да бірқатар нысан толық қайта қалпына келтіріледі.

Бұдан кейін Президенттің төра­ғалығымен өткен жиын барысында шаһарды дамытуға, қаланың болашағына қатысты бірқатар мәселе талқыға түсті. Мемлекет басшысы Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесін алуы ел тарихында аса маңызды оқиға болғанына тоқталды. 

Кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин және Түркістан облысының әкімі Жан­сейіт Түймебаев баяндама жасады. 

А.Ма­мин өз сөзінде қаланы дамыту жос­па­рын таныстырды. Оның айтуынша, «Түр­кістан қаласының бас жос­парын әзір­леуге қатысты ұйымдас­тырылған xалықаралық конкурста таң­дап алынған үздік жоба талаптарға толы­ғымен сәйкес келеді. Жобада Түр­кіс­танның тариxи құн­ды­лық­тарын сақтау, шаһарды көркей­те түсу, Қожа Аxмет Ясауи кесенесі не­гізінде мәде­ни-руxани орталықты сақтау және әкім­шілік-іскерлік орталықты құру мә­селелеріне ерекше көңіл бөлінген. Қа­зіргі кезде қаланың аумағы 9 700 гектарды құрайды, ал тұрғандардың саны – 162 000 адам. Бас жоспарға сәйкес, қала аумағы 22 000 гектарға дейін ке­ңей­мек. Халықтың саны 2035 жылы 350 мың, ал 2050 жылға қарай жарты мил­лион­ға дейін жетеді деп болжанып отыр. «Ең әуелі 25 гектар аумаққа инже­нер­лік коммуникация тартылады. Ол жер­де облыс әкімдігі мен мекемелер, мем­лекеттік органдардың аумақтық бөлім­шелері, конгресс орталығы және «Түркістан бас жоспары» мекемесі орна­ласады. Келтірілген деректерге сүйен­сек, түгел түркінің мәдени және руxа­ни орталығының жалпы ауданы 2 211 гектарды құрамақ. Осы аумақта құры­лыс салуды реттеу, тариxи көшелер мен тариxи орамдарды қалпына келтіру жұ­мыстары жүргізіліп, жаңа саябақ ай­мағы құрылады. Сонымен қатар алдағы үш жыл көлемінде 10 000 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Шаһар тұрғындарының көбеюіне байланысты «Кентау – Түркістан» су магистралінің екінші желісі салынады. Бұдан бөлек, xа­лықаралық әуежай мен автовокзал тұр­ғызылады. Алдағы уақытта жаңа темір жол вокзалының құрылысы да қа­ра­лады. 

Бұдан кейін облыс әкімі Ж.Түймебаев облысты көшіру жұмыстары жөнінде 

баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда екі мыңнан астам әкімшілік қызметкері Түркістан қаласында жұмыс істеп жатыр. 

Халықтың көбеюі тұрғын үй салуды қажет ететіні белгілі. Облыста бұл тұр­ғыда да атқарылып жатқан шаруалар же­терлік екен. Ж.Түймебаев Түркістан және Кентау қалаларында 33 тұрғын үйдің құрылысы басталып кеткенін жеткізді.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында әзірленген «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске асыру мақсатында Түркістанда 336 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 42 тұрғын үй және 29 жаңа әлеуметтік-мәдени нысанның жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу басталды», деді Ж.Түймебаев.

Баяндамаларды тыңдаған соң Н.Назарбаев қабылданған Жол картасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру, сондай-ақ облыстық органдар тарапынан барлық мемлекеттік қызметтердің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету қа­жеттігін айтты және өңір басшылығы назар аударуға тиіс жекелеген мәсе­ле­лерге тоқталды.

«Облыстың қаржылық тұрақтылығын нығайту қажет. Шымкенттің облыс құ­­рамынан шығуына байланысты ай­мақтың экономикалық базасы төмен­деді. Бүгінгі таңда облыс бюджет қа­жеттiлiктерінің 20 процентін ғана өз кү­шімен қамтамасыз етеді. Негізгі міндет – өсімнің жаңа резервтерiн және өңір бюд­жетінiң кiрiс бөлігін толықтыру көзiн табу», деген Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуды, қосымша ма­мандық алуға жағдай жасауды тапсыр­ды. 

«Оңтүстік халқының бәрі еңбекқор. Экономикалық тұрғыда белсенді аза­мат­тардың саны 43 процентті құрайды. Жер­гілікті халықты жаппай кәсіпкерлікке үйрету керек», деді Елбасы. 

Президент халықты жұмыспен қам­тудың, сондай-ақ кәсіпкерлікті өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту және көлік-логистика қызметтерінің сапасын арттыру үшін жағдай жасаудың маңыз­дылығын атап өтті. «Орталық Азия» халықаралық сауда аймағын құру мүм­кіндігін қарастыруды тапсырды. 

«Бұл Түркістан облысымен қатар жалпы республика экономикасының да өркендеуіне тың серпін береді. 2020 жылға қарай Өзбекстанмен арадағы тауар айналымын 5 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруға әлеуетіміз жетеді. Осыған байланысты Үкіметке Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, Өзбекстан тарапымен Халықаралық сауда аймағын және жаңа «Түркістан» халықаралық өткізу бекетін құру мәселесін пысықтауды тапсырамын», деді Н.Назарбаев. 

Мемлекет басшысы ішкі туризмді өркендету және тиісті туристік инфра­қ­ұрылым дайындау мәселелеріне тоқталды. Бұдан кейін облысты дамыту және құ­ры­лыс жүргізу ісіне жергілікті бизнес өкілдерін, сондай-ақ ұлттық компания­лар мен квазимемлекеттік сектор кәсіп­орын­дарының басшыларын белсенді атса­лысуға шақырды. 

Жиын барысында Н.Назарбаев Үкімет пен аймақ басшылығына инвестиция тарту арқылы қала ішіндегі жолдарды жөндеу, сондай-ақ Шымкент және Қызылорда бағыттарына арналған автовокзал салу жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Шаһар тұрғындары санының өсуіне және туристердің көптеп келуіне байланысты, әкімдікке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, Түркістан қаласының темір жол вокзалын реконструкциялау, оның өткізу мүмкіндігін ұлғайту, сондай-ақ аэропорт салу және әуе қатынастарын қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды тапсырамын», деді Президент.

Сонымен қатар әлеуметтік нысандарды дамыту, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу, инженерлік инфрақұрылымды, соның ішінде газбен және жылумен қамтамасыз ету салаларын ілгерілету мәселелеріне тоқталды. Баламалы энергия көздерін пай­далану мүмкіндігін қарастырып, кәсіп­кер­лікті дамыту және инвестиция тарту, жа­ңа қонақүйлер, мейрамха­налар мен дәм­ханалар, сауда ойын-сауық орталықтары құрылысын бастау қажет­тігін айтты.

Н.Назарбаев Түркістанда туризм, құ­рылыс және өндіріс салаларындағы бизнесті өркендету үшін қолайлы жағдай қалыптастыратын арнайы экономикалық аймақ құрудың өзектілігін атап өтті.

«Түркістанды заманауи техноло­гия­ларды қолдана отырып, өз мәде­ниетімізге сай қайта жаңғырту керек. Бұл орайда оның ежелгі сәулет өне­рін сақ­тап қалу қажет. Үкіметке, облыс әкімді­гіне халық санының өсу қарқы­нын есеп­ке ала отырып, қаланың бас жос­парын да­йындауды тапсырамын», деді Мем­­лекет басшысы.

Осыдан кейін Н.Назарбаев ірі кә­сіп­керлер мен ұлттық компанияларға бір-бір нысаннан салып беруді тапсырды. Елбасы жиынға қатысып отырғандарға жеке-жеке тоқталып, Түркі әлемінің темірқазығы саналатын Түркістанды көркейтуге үлес қосуға шақырды. Мәселен, «Базис-А» компаниясының басшысы Александр Беловичке Түркістанда әмбебап театр салуды тапсырды. Сонымен қатар түрлі компанияларға Түркі мұражайын, Қазақ батырларының орталығын, жаңа тұрғын үй ауданын, ауруxана, жаңа стадион, жастар сарайын, Қожа Аxмет Ясауидің шағын музейін бөліп берді. «Қазпошта» АҚ почта бөлімшесі мен цифрлы кеңсе салуға уәде етсе, Қазақтелеком – Smart теx­нологияларды, кәсіпкер Данияр Абыл­ғазин бассейні бар жабық спорт кеше­нінің құрылысын салуды міндетіне алды. 

Елбасы, сондай-ақ Түркістанды дамыту қорын құрудың қажеттілігіне тоқталды. 

«Кім қолдау жасауға дайын, сол ақ­шаны аударсын. Осымен бәрін келісіп алдық. Енді, тапсырылған жұмыстың бә­рін бір-екі жылда бітірсек, Түркістан жайнап шыға келеді. Тәуелсіздігіміздің тірегі нық болса, әлі де талай-талай қалаларды саламыз», деді Н.Назарбаев.

Жиын соңында Қазақстан Президенті Түркістанды дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын бекіту, сондай-ақ «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы жарлықтарға жария түрде қол қойды.

Бұдан кейін Президент облыс жұрт­шылығымен және Түркістан қаласының тұр­ғындарымен кездесті. Мемлекет бас­шысы қала тұрғындары алдында сөйле­ген сөзінде жаңа Түркістан облысын құрудың және өңір орталығын Түркістан қаласына көшірудің тарихи әрі әлеуметтік-экономикалық мәнін атап көрсетті.

«Түркістанның халқымыз үшін ай­рық­ша маңызы бар. Бұл – Орталық Азиядағы ежелгі қалалардың бірі. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өттік», деген Н.Назарбаев.

Орталық Азия аумағына ислам дінін тарату үдерісіндегі Түркістанның рөлі жөнінде әңгімелеп, осы қасиетті топырақта қазақ халқының ұлы тұлғалары мен игі жақсылары жерленгенін, тари­хы­мыздың қилы кезеңдерінде мұнда бүкіл ұлтымыздың болашағына қатысты ма­ңызды шешімдер қабылданғанын айтты. 

Елбасы Түркістанның күллі түркі халықтарының өмірінде де ерекше орын алатынын атап өтті. Қабыл­данған шараларды жүзеге асыру нәти­жесінде қала келбеті тез арада айтар­лық­тай өзгеретініне, шаһар өзінің өркен­деу жолындағы жаңа биіктерді бағынды­ра­тынына сенім білдірді. 

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кістанды түлетуге атсалысатын барлық тұр­ғындарға табыс тіледі.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан» 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар