Медицина • 02 Қазан, 2018

Тұмауға қарсы тыңғылықты дайындық

894 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жедел респираторлық-вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың эпидемиялық маусымы қазан айында басталып, келесі жылдың мамыр айына дейін жалғасады. Бұл туралы тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттануды азайту бойынша іс-шаралар қаралған селекторлық кеңесте айтылды.

Тұмауға қарсы тыңғылықты дайындық

Қазақстанның Бас мем­лекеттік санитариялық дәрі­гері Жандарбек Бек­шин­нің төрағалығымен өңір­лердің алдағы тұ­мау мен ЖРВИ-дың эпиде­мия­лық маусымына дайын­дығы, сондай-ақ 2018-2019 жылғы эпидмаусымда сырқаттануды азайтуға бағыт­талған іс-шаралар туралы селекторлық кеңес өтті. Кеңесте еліміздегі емдеу ұйымдарының тұмауға қарсы вакцинациялауға, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарға бас­тапқы медициналық-сани­­тариялық, стационар­лық көмек көрсетуге да­йын­дығы мәселесі сон­дай-ақ халық арасында олар­дың алдын алу бойын­ша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Одан бө­лек вирусологиялық зерт­ханалардың тұмау мен басқа да ЖРВИ-ға зерттеу жүргізуге дайындығы талқы­ланды. 

«Біз тәуекел тобын вак­­ци­намен қамтамасыз ету­дегі жұмыстардың жет­кіліксіздігіне алаңдап отыр­­мыз. Бұл бірінші ке­зек­­те Қостанай облысы мен Ас­тана қаласына қатысты», деді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, бар­лық медициналық мекемелер эпидемиялық маусымға дайын. Тәуекел тобының адам­дарын тұмауға қарсы вакцинациялаумен қамту үшін бюджеттік қаражатқа «Гриппол +» ресейлік вакцина сатып алынған. Оның құрамында А(H1N1), A(H3N2) тұмауына және В типті тұмауға қарсы штам­дар антигендері бар. Тәуекел тобына меди­ци­налық бақылауға жататын, жиі ауыратын балалар, сә­би­лер, балалар үйінің жас­өспірімдер, мүгедектер мен қарттар үйлерінің кон­тингенті, созылмалы және жү­рек-қан тамыры, тыныс алу ағзаларының ауруларымен ауыратын адамдар, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдер жатады. Бұлар ауруға бейім топтар болып саналады. Рес­публика бо­йынша тұ­мау­ға қарсы вак­­цинациялау­ды жүргізу үшін 3428 егу пункті ұйым­дастырылған, олар қажетті жаб­дықпен қамтамасыз етілген. 

«Астанада вирусқа қар­­сы вакцина мәселесі тұ­рақ­та­лып келеді. Қазіргі уа­қыт­та елордаға 30 мың вак­­цина жеткізілсе, тағы 50 мыңы әкелінетін болады. Дегенмен, қажеттілік туын­даған жағдайда олар жұмыс берушілер тарапынан да, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан да сатып алынады деп ойлаймыз. Ал Қостанай облысына 100 мың вакцина керек болса, қазіргі уақытта соның 57 мың дозасы сатып алынған. Қалғанын сатып алуды өтінеміз», деді Ж.Бекшин.

Медициналық көмек­ті уақтылы көрсету мақ­сатын­да шақыртулар мен консультациялар үшін меди­циналық ұйымдарда 1226 телефон бөлінген, үй­ге ша­қыртуға қызмет көрсету үшін 1025 бірлік авто­көлік бөлінген, ал ЖРВИ мен тұмаумен ауыр­ған ауыр науқастарды емдеу­ге жатқызу үшін ре­зерв­тік 5000 төсек қоры қарас­ты­рылған. 

Сонымен бірге респуб­ликаның медициналық ұйым­дарында маман­дан­дырылған көмекті көрсету үшін тұмауға қарсы препараттар қоры құрылған. Қазір Қазақстанда 50 000 қаптама Тамиф­лю және 10 000 «Реленза» препаратының қоры бар. Стационарлар қар­­қынды емдеу үшін қа­жетті жабдықпен және құралдармен қамтамасыз етілген. Дәріханаларда ви­рус­қа қарсы препараттар мен бір рет қолданылатын бет­перделердің жеткілікті қоры бар. Осыған дейінгі жүр­гізілген ақпараттық түсін­діру жұмыстарының нәти­жесінде ағымдағы жы­лы Қазақстанда вакцинация­дан бас тартатындардың ара­сында вакцинация жө­­ніндегі өз пікірлерін өз­герт­кен адамдардың күрт өсу үрдісі байқалады. Биыл 8 айда олардың 2220-сы екпе алған, ал 2016 жылы тек 250 адам ғана егілген болатын.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»