Әдебиет • 02 Қазан, 2018

Олжас Сәндібек. Осы сəттің садағасы ғұмырым...

1567 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Олжас Сәндібек. Осы сəттің садағасы ғұмырым...

Шертілмей қалған шерлерден,

Шерменде болған жүрегі.

Сүйем деп сені сенделген,

Сездің бе, сол жан кім еді?!

 

Айырып естен бір елес,

Өз айтқандарын жөн деген.

Жібек пен Баян түк емес,

Аққу да сенен кем деген.

 

Жүзінде иман көктеген,

Жүрегі тұнған жыр еді.

Арнаған саған отты өлең,

Сездің бе, сол жан кім еді?!

 

Ұқпадың сырын сөзінің,

Ұқпадың жәйін көптеген.

Сен оның сұлу сезімін,

Сезуге дәтің жетпеген.

 

Арманын айға қондырып,

Алған бетінен танған жоқ.

Сен сүймей кеткен сол жігіт

Сүйкімсіз болып қалған жоқ.

 

Басына бақыт қонғанда,

Бойтұмар тағып үкілер.

Сен сүймей кеткен сол жанды,

Сүйеді әлі - ақ бүкіл ел.

***

Уәде

Бұл сөзіме уəде етем əуелі,

Үнің неткен, демің неткен бал еді.

Саған арнап жыр жаза алмай келемін,

Дəл өзіңдей əдемі.

 

Қылықтарың үшін əрбір сиқырлы,

Ұмытқаным үшін əрбір ұйқымды.

Саған арнап бір жыр жазам деп едім,

Дəл өзіңдей сүйкімді.

 

Менен өзге жан сезбеген бұл бақты.

Оқылатын баяу əрі ырғақты,

Саған арнап жыр жазамын қалайда,

Дəл өзіңдей қымбатты.

 

Болмысыңда мəңгі шуақ көктем жүр,

Жанарыңнан айналайын төккен нұр.

Саған деген сезімім де, жырым да,

Дəл өзіңдей Мөп-мөлдір.

 

Бұл сөзіме көкте Ием куə де.

Бұл сөзіме көк те, жер де куə де.

Саған арнап өлмейтұғын жыр жазам,

Бұл уəдем, Уəде.

***

Түс немесе сағыныш

Сен еркеледің,

Мен ентеледім,

Шыдамай

жалыныңа өртенемін.

 

Қиылған қара қастым,

Есімнен тағыиадастым,

Ерніңнің

шарабына шаламаспын.

 

Көп қыздан сəл қызғана,

«Жаным» деп жансыздана,

Үн қаттың

құлағыма əлсіз ғана.

 

Сүйдірдің, сүйікті еттің,

Отыр ем биіктеп тым,

Оянсам

түсім екен, күйіп кеттім.

 

Мен сені сағыныппын,

Жаным жүр жабығып тым,

Мен ғашық

екенімді тағы да ұқтым.

***

Хат

Сəл сүрініп өмір дейтін сынақта,

Біз ғана ма жете алмаған мұратқа.

Тағдыр бізді екі айырды дегенмен,

Мен өзіңді ұмытқам жоқ бірақта.

 

Мені сүйіп мұң артқан да сен едің,

Сені сүйіп ұнатқан да мен едім.

Саған арнап жазған едім мөлдір жыр,

Саған əлі арналып жүр өлеңім.

 

Деуші едің ғой,

«Сізді қатты сағындым»,

Мен де сол бір

Күзгі бақты сағындым.

Кейде сені іздеп кеткім келеді,

Қызғанарын түсінсем де

Жарымның.

 

Хат жазар ем бүкіл хатқа бергісіз.

Хат жазар ем...

Мекенжайың белгісіз.

Мен өзіңді сағынамын бір түрлі,

Сезімменен адам айтса сенгісіз.

 

Сен сонда да үміт үзбе хаттардан,

Үзілуге тісті емес тəтті арман.

Саған жазған сағынышты хаттарды,

Жолдап қойып отырайын

Сайттардан.

***

Бəрі бар менде періште де бар, жын да бар,

Қуаныш та бар, мұң да бар.

Жайым жоқ бірақ, бұлданар.

 

Бəрі бар менде

Жұмысым да бар, үй де бар.

Туысым да бар, ұл да бар.

Түсінбейді бірақ, кейде олар.

 

Бəрі бар менде,

Əкем де аман, анам да

Дəл менен өткен бақытты жан жоқ ғаламда.

Соларға кейде бір сыйлық сыйлай алмаймын

Бəрі бар мына заманда.

 

Бəрі бар менде.

Бар болып жүрген қандайды.

Бір жұтым сумен жібітіп кепкен таңдайды

Бəрі бар деймін,

Бəрі бар менде расында

Жоқ деуге аузым бармайды.

Жоқ деуге аузым бармайды.

***

Құдай мені сүйеді. Сынайды көп.

Сынағаны сенгені шыдайды деп.

Бергеніне, ырза боп алғанына.

Сүйген құлы болғасын шыдау керек.

 

Сына құдай. Көтерем сынағыңды.

Бабам маған сабырын мұра қылды.

Бір күндері болмаса, бір күндері.

Жарылқайын дейсің ғой мына құлды.

Көрсетерсің аңсаған жұмағымды.

 

Сынақты күн дегенің жауапты күн,

Бірегейі мен едім тағаттының.

Жарылқайын дейсің ғой бір күндері?

Жарылқауға мұқтажбын бірақ бүгін.

 

Құдай мені сүйеді. Сынайды көп.

(Кейде нəпсім еңкілдеп жылайды кеп)

Мен Құдайды сүйемін жүрегіммен.

Ол да мені сүйеді.

... Құдай білед.

***

МУЗЫКА

– У-у-у, у-ү-ү, м-м-м.

Ұлым сенің осы ғажап уілің

Естілгенде нұрға айналар көңілім.

Санам жетпей қоюшы еді өмірге,

Сен екенсің Өмірім.

 

Осы болса тартар сыйың əуелгі,

Бұл сазыңа бүкіл болмыс тəуелді.

Құлыным-ау, қайдан жаттап алғансың

Мұндай ұлы əуенді.

 

Неткен көркем, неткен тəтті қылығың,

Осы сəттің садағасы ғұмырым.

Қалай еді қайталашы, Құлыным.

– У-у-у, у-ү-ү, м-м-м.