Футбол • 02 Қазан, 2018

Рангело Янга: «Мен өз еңбек жолымды «Астана» сапында жалғастырғым келеді»

208 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана» - «Жетісу» (3:0) арасындағы кездесу аяқталғаннан кейін, елорда командасының шабуылшысы Рангело Янга өз ойымен бөлісті. 

Рангело Янга: «Мен өз еңбек жолымды «Астана» сапында жалғастырғым келеді»

— Біз бүгінгі кездесу тізгінін толықтай қолымызда ұстап, қарсылас қақпасына қауіп төндірумен болдық. Мен өзіме келер болсам, бір гол емес, одан да көп соғуға тиіс едім. Мен өз нәтижемді арттыру үшін күн сайын еңбектеніп келемін. Бұл өте жақсы ойын болды. Томасов кереметтей екі гол соқты. Жеңісті жолымызды жалғастырамыз деген сенімдемін.

— Сізде ойынның алғашқы таймында тағы да бір гол соғатын мүмкіндік болған еді...

— Мен қақпашымен бірге бір шыққан сәтте, ол мүмкіндікті жүз пайыз голға айналдыруым керек болатын. Дәл мұндай сәтте сенде шешім қабылдайтын өте көп уақыт және таңдау бар. Дегенмен, мен мүлт кеттім. Мүмкін, допты басқа бұрышқа тебуім керек пе еді. Гол соға алмағаным өте өкінішті. Мен өзімді дамытып, еңбектенуімді жалғастыратын боламын. Мен өз еңбек жолымда негізінен көп гол соғамын, осы дәстүрді «Астана» сапында да жалғастырғым келеді.

— Келесі ойын Еуропа Лигасы аясында «Реннға» қарсы өткізесіздер. Осы ойында алғашқы минуттан алаңға шығуға дайынсыз ба?

— Мен әр кезде дайынмын. Дегенмен, барлығын бапкерлер құрамы шешеді. Еуропа Лигасы кез-келген ойыншы үшін үлкен тәжірибе. Біз алаңда жан беруге дайынбыз.

— Сырт алаңдағы алғашқы ойында тең түстіңіздер. Енді «Динамоға» қарсы жауапты ойын бар...

—«Динамоға» қарсы ойын өте жақсы жағдайда өтті. Сырт алаңда біз маңызды ұпайға қол жеткізе алдық. Қазір өз алаңымызда, жанкүйерлеріміздің қызу қолдауының арқасында, өзімізге үйреншікті жасанды алаңда үш ұпайға қол жеткізуге тиіспіз. Барлығын бейсебі күнгі ойында көреміз.

 — Қазақстан Чемпионаты соңына жақындап келеді. Біздің чемпионаттың деңгейіне қандай баға бересіз?

— «Астана» — Қазақстанның үздік командасы. Мен оған сенімдімін. Біздің чемпионатта 6 ойынымыз қалды. Біз олардың барлығында жеңіске жеткіміз келеді. Егер жеңіске жетуді жалғастыратын болсақ, мерзімінен бұрын чемпион атанамыз. Бұл менің еңбек жолымдағы алғашқы чемпиондық атақ болмақ. Мен жасөспірім кезімде чемпион атанған едім, алайда ерексектер арасындағы деңгей мүлде бөлек. Мен командамен бірге чемпион атанамын деген сенімдемін. Чемпион болу әрқашан керемет.

— Бүгін алғашқы минуттан бастап алаңға шықтың. Ұнады ма?

— Әрине! Кез-келген ойыншы негізгі құрамда алаңға шыққанды қалайды. Егер оны қаламасаң, футбол ойнаудың қажеті қанша? Осындай жеңісті ойыннан кейін, гол соққаннан кейінгі сезім өте керемет. Гол соғу шабуылшы үшін өте маңызды. Мен «Астана» сапында барынша көп ойын өткізіп, жанкүйерлерді голдарыммен қуантамын деген сенімдемін.

— Соңғы минуттарда есепті еселей алдыңыздар...

— Біз тыңбыз, барынша көп жаттығу жұмыстарында еңбектеніп келеміз. Біздің өзара түсіністігіміз өте керемет. Біздің құрамда 20 өте жақсы ойыншы бар. Бір ойыншы жарақат алып қалса, оны алмастыра алатын лайықты ойыншылар жетерлік. Біз 70-ші минуттан кейін прессинг жасап, тағы да гол соққандығымыз өте жақсы.