Аударма • 03 Қазан, 2018

Жоғалған тістер Африка пілдерін құтқаруы мүмкін

676 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шалшық су мен батпақты алаң үстінен ұшып келеміз. Сәлден кейін төмендедік те, өрістеп бара жатқан су бөкенінің табынын көрдік.

Жоғалған тістер Африка пілдерін құтқаруы мүмкін

ELEPHANTVOICES

Натали ЭНЖЬЕР, «Нью-Йорк Таймс»

Біз Горонгосада табылуы қиын, тіссіз пілдерді іздеп жүр­міз. Мұн­дай пілдердің сойдақ тіс­тері болмайды. Әлемде таңға­жайып піл азуларының қалта­лы коллекционерлерді қызықты­ратыны белгілі. 

Африкада тіссіз пілдердің саны саусақпен санарлық, бірақ Горонгоса олардың топ-тобымен жүретін отаны саналады. Мұның бәрі 15 жылға созылған азаматтық соғыстың салдары. Сойдақ тісті пілдерді сүйегі үшін оңды-солды қырып салды. Осылайша сирек кездесетін тіссіз пілдер кенеттен парктегі негізгі мекендеушілерге айналып шыға келді. 

Қазіргі таңда мұндағы 700-ден астам пілдің ширегі – азу тіссіз және олардың бәрі – ұрғашы. Мен солардың біреуінің ізіне түскім келді. 
«Мұнда», деп айқай салды ұшқыш Альфредо Матавеле тал­дардың шоғырын нұсқап. «Мұнда да жүр», деді судың жағасын көрсетіп. Пілдерді бірнеше жерден байқадық. «Оларды көрдіңіз бе?» деді ол аптығып. 

Әлбетте, мен оларды көрдім. Құлағын қағып, мұрнынан су шаш­қан ондаған піл тынығып тұр. Олардың бастарынан азу тістің тыртығы байқалмайды. 
Адамдар мен пілдерде даму барысында кездесетін ортақ ауыт­­қушылық бар көрінеді. Мұ­ны ДНК-дағы кішігірім кем­ші­ліктерден анықтауға болады. 
Пілдердің сойдақ тістері – екі жағында өсетін ит тістердің үлкен нұсқасы. Олар күрек тіс пен азу тістердің арасында орналасқан. Қысқаша айтқанда, сойдақ тіссіз пілдерде ит тістер болмайды. 

Ғалымдар кей пілдерде сойдақ тістің неліктен кездеспейтінін әзірге нақты анықтаған жоқ. Алай­да олар сүтқоректілер тістерінің дамуына жауапты генетикалық өзгерістер туралы біршама деректерге қол жеткізді. Оның себебі бәріне ортақ көне генге байланысты екен. 

«Тістің дамуы эволюция кезінде жақсы сақталып қал­ды», дейді Финляндиядағы Хель­­синки университетінің даму жөніндегі биологы Ирма Тес­лефф. Ол тышқан тістерін­дегі ауыт­қушылықтың іздері кей­бір тісі жоқ не дұрыс өспеген адам­дарға жүргізілген генети­калық зерттеуінде кездес­тірді. 
«Пілдердің адамдардан айыр­машылығы шамалы. Сондықтан пілдегі сойдақ тістің шықпауына және адамдағы ит тістің өспеуіне бірдей гендер әрекет етуі әбден мүмкін», дейді доктор Теслефф.

Ит тістердің болмауы – жиі­лігі жөнінен екінші кездесетін тіс кемтарлығының түрі саналып келген. Қалыпты жағдайда мұн­дай кемшілік адамдардың 2-4 про­центінде кездеседі. Бұл – Африка пілдерінің сойдақ тіссіз болу ық­тималдығымен тең. 

Көп жағдайда сойдақ тістер – азу тістің өзгеше түрі. Жабайы қабандар мен доңыздарда ол жоғары қайрыла бітсе, морждарда төменге сүйірленген. Арктиканың жалғыз мүйіздері саналатын нар­валдарда сойдақ тіс жалғыз азу тіс ретінде, жоғары ернінің сол жағынан ұзынша болып біткен. 

Әдетте, сойдақ тістердің бір­неше қызметі бар. Пілдер өздерінің таңғажайып «қайшы­ларын» тұздар мен минералдар­ды қазу, бұтақтарды сындырып, жапырақ жеу, ағашқа сүйеніп, оны қабы­ғынан аршу, батпаққа батқан төлін суырып алу, ұйықтап жатқан баласын ояту үшін қолданады. 

Мен тығылып отырған жерден қос еркек пілдің сойдақ тістері ай­­қа­сып, алысып жатқанын көр­дім. Олардың сойдақ тістерінің әрқайсысы 45 килограмм тартады. Бұл – аналық пілдің сойдақ тісінің орташа салмағынан 7 есе көп. 

Әйтсе де, сойдақ тістерді кере­мет­тей құрал етіп жасаған биофи­зикалық қасиеті олардың иелеріне кері әсерін тигізіп жатыр. Адамдар әдемілігіне бола, және тылсым қасиеті бар деп сенгендіктен піл сүйегіне қатты құмартады. 

Сондықтан пілдерді сүйегі үшін көптен бері қырғынға ұшы­р­атып келеді. Мұндай саудаға салынған халықаралық тыйымға қарамастан, сойдақ тістердің қара нарықтағы жылдық айналымы шамамен 1 миллиард долларға жуықтайды. 

Пілдерді браконьерлік жолмен аулаудың тоқтамауы ғалымдарды мынандай ойға жетеледі. Пілдер шындығында өздерінің сойдақ тіс­терін қажет ете ме? Африка піл­дерінің арасында сойдақ тістері жоқтарының саны артса қанша­лықты тиімді болмақ? 

Калифорния университетінің экология және эволюциялық биология жөніндегі профессор көмекшісі Шон Кэмпбелл-Стей­тон және оның әріптестері Горонгосадағы сойдақ тісі бар және жоқ пілдерді салыстыруға кірі­сіп кетті. Олар сойдақ тістің бол­мауына әсер ететін гендерді ғана анықтап қоймайды, сонымен қатар қаншалықты мұраға бері­летінін де зерттеп көрмек. 

Мәселен, неліктен Африкадағы сойдақ тіссіз пілдердің бәрі ұрға­шы? Кэмпбелл-Стейтон сойдақ тістің әсеріне де мән беріп көрмек. 
«Сойдақ тістердің тамақ жеуде маңызды рөл ойнайтынын білеміз. Ендеше, егер оларды мұндай құрал жоқ болса, олар қоршаған ортада басқаша әрекет ете ме? Сондай-ақ мұндай өзгерістер пілдермен бай­ла­нысты басқа аңдарға әсері қан­дай болмақ?» дейді ол. 

Бұған нақты жауап беру қиын. Бірақ Горонгосадағы сойдақ тіс­­­сіз пілдер өсіп-өркендеп келе­ді. «Олардың жағдайы кере­мет. Мұндағы қоршаған орта оларға қо­лайлы, сондай-ақ піл­дердің талға­жау таппай қина­лып жүргенін көр­мейсіз», дейді Elephant Voices ұйымының ғылы­ми дирек­торы Джойс Пул.

Бұл ұйым Горонгосада зерттеумен және пілдерді қор­ғаумен айналысады. 

Ендеше, сойдақ тістер пілдерге қажет пе?

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар