Әдебиет • 03 Қазан, 2018

Ұлтын шексіз сүйген ақын

3186 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ұлтын шексіз сүйген ақын

«Ана тілім! Сен маған риза­сың ба, білмеймін, бірақ менің тірлігім – сенсің, мен сені мақтан етемін. Сонау тұңғиық терең жер түбінен жарыққа, күнге, жасыл шөпке асыққан бұлақ суындай ана тілімнің сөздері тірлігімнен қайнап шығып, алқымыма тіреледі. Ернім күбірлейді. Өз күбіріме өзім құлақ тігем, сонда маған бейне тұңғиықтан шымырлап шыққан таудың асау өзені елестейді. Мен болаттың сыңғырын ұнатам, қынабынан суырылған екі қанжардың бір-біріне соғылған дыбысын сүйемін. Осының бәрі менің тілім­де бар», деп ақтық демі таусылғанша ұлттық рухты, елі мен жерін перзенттік махаббатпен, іңкәр сезіммен тебірене жырлап өткен Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатов – отты да шуақты жырларымен кеңес поэзиясының ұшар басынан ойып тұрып орын алып, көзі тірісінде аңыз адам ретінде бағаланған ғажайып тұлғалардың бірі. Авар ұлтын әлемге танытып, өзінің сөзімен айтар болсақ, «аттөбеліндей халқымның тілін жұтаң дей­тіндер айта берсін. Мен өз ана тіліммен бірге өмір сүруге тиіспін. Жан дүниемнің күллі құдыретін ғаламға жеткізу үшін маған басқа тіл қажет емес» деген өмірлік асыл мұратынан айнымаған жанды ұлттың ұлы ұстазы десе, жарасары анық. 

«Егер тілім ертең болса құ­рымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген үлкенге де, кішіге де қарата айтылған жан шы­мырлатар өсиет сөзі афоризмге, нақылға айналып кеткені соншалық, әлі күнге дейін саналарда жаңғырып тұр. Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырза Әлі секілді талантты ақындар оның қазақ оқырмандары ара­сына кеңінен танылуына өлшеу­сіз үлес қосты. Кез келген өле­ңінен даралық қолтаңбасын, жаз­у мәнерін аңғару қиын емес. Шығармашылық шабыттың шыңы саналатын «Менің Дағыс­таным» кітабында таулық­тарға тән кесек мінез де, өрлік те, ерлік те, жеңіл қалжың да, ой саларлық қадау-қадау мәсе­лелер де қатар өріліп отырады. Әдеби сын мақалалар жазумен қатар авар тіліне А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, В.Маяков­скийдің, тағы басқа шайыр­лардың жауһар шығармаларын аударған санқырлы талант иесі әдебиеттегі үздік же­тіс­тік­тері үшін көптеген мем­ле­кеттік сый­­лықтар мен мара­паттарға ие болды. Арқалы ақынның 95 жылдығы «Орыс қауым­дас­тығы» қоғамдық бірлес­тігінің ұйым­дастыруымен Дос­тық үйін­де кеңінен атап өтіліп, өмір­баяны және шығармашылық жолы жан-жақты таныстырылып, кейінгі буынға үлгі етілді.

«Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» жергілікті филиалының төрағасы Виктор Сайко өз сөзінде, әдеби-музы­калық кеш мақсаты есімі төрткүл дүниеге мәшһүр, шы­ғар­­маларының өне бойынан көр­кемдік қуат, ұлттық рух са­мал желдей есіп тұратын ақын­ды жастар арасында кеңінен насихаттау керек екенін атап өтті. Облыстық филармонияның әртістері мен ұйым жанында жұмыс істейтін театр үйір­ме­сінің мүшелері кеш ажарын аша түсті. Нико­лай Коло­кольчиков пен оның шәкірті Артем Маликов ақын­ның сөз­деріне жазылған әндерді әуелете шырқаса, Любовь Сидорова, Надежда Ко­ноплева бірнеше өлеңдерін ша­быттана оқып берді. «Ана тілі» атты жал­­пақ жұртқа жақсы мәлім өлеңіндегі «Бар адамнан жатырмын тек мен бөлек, Бір дауысты естіп қал­дым мен кенет. Естідім мен осы арада үнін де, Екі кісі сөйлесті авар тілінде» деген шу­мақтар асқақ естілді.

Мазмұнды басқосуды ұйым­дастырушылардың бірі, «Русская община» бірлес­ті­гінің төрайымы Наталья Рим­ско-Корсаковскаямен сөй­лес­кенімізде, ол Расул Ғамза­тов­тың «Дағыстанда лак дейтін аз санды ұлт бар. Ол ағайындар аздығына қарамай дүниенің төрт бұрышына шашырап кеткен. Негізінен қолөнерші халық. «Қарбызды тілгенде абай бол, ішінен лак шыға келмесін» деген таулықтардың әзілін көркем суреттей отырып, ана сүтімен бой­ға даритын қасиетті тілді қадір­леуге шақырғанын, жойылып кетуінен әркез сақтандырып отыр­ғанын бұл тұжырымы бүгін де өміршеңдігін жоймағанын жеткізді. 

«Мен ана тіліммен бірге өмір сүруге тиіспін» деген ұста­нымын бүгінгі ұрпақ біліп өссе, көкірегінде сайрап тұрса шір­­кін деген арман оянады осындайда.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы