Өнер • 03 Қазан, 2018

Абай әлемі – бейнелеу өнерінде

3369 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұзақ жылдар бойы ұлы ақын мұрасын жан-жақты насихаттап отырған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі өзінің құрылған уақытынан бастап қорды қалыптастыру және толықтыру жұмысын ең басты міндеті деп есептейді. Оның ішінде Абай тақырыбындағы бейнелеу өнері туындыларымен толықтыру жұмысы үзбей жалғасуда. 

Абай әлемі – бейнелеу өнерінде

Қылқалам шеберлері ұлы ақын бейнесіне 30-шы жылдар­дың ортасынан, әсіресе 40-шы жылдардың басында назар аудара бастады. Бұл Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің қау­лысымен Семей қаласында Абайдың әдеби-мемориалдық му­зейінің ұйымдастырылған кезі. Музейдің ұйым­дастырылуы және Абайдың таяп қалған 100 жылдық мерейтойы суретшілерге Қазақстанның белгілі сурет­шілерінің ұлы тұлға өмірін бейнелейтін шығармалар тудыруына мұрындық болды.

Қазір Абай қорық-му­зейі­нің ғылыми қорында сурет­шілердің осы тақырыпқа байланысты 900-ден астам туындысы жинақталған. Музей қорындағы бейнелеу өнері туындыларының ішіндегі өзінің көркемдігінен гөрі тарихи құндылығы басым экспонатты да атап өту қа­жет. Ол – Абайдың көзі тірі ке­зінде салынған пор­треті. Пор­­трет­тің авторы Се­мей­ге сая­си қуғынмен келген Па­вел Дмитриевич Лобановский. Ол Дон­дағы Ростов қаласынан «сая­си сенімсіз» ретінде Дала өлкесі генерал-губернаторының қарамағына айдауға жіберілген болатын. 1884 жылдың тамыз айынан бастап Семей қаласында тұрды. Абай ауылына барғаны туралы құжаттар бар. 

П.Лобановский кәсіби сурет­ші болмаса да, жергілікті тұрғын­дардың портреттерін салып жүр­ген. 1887 жылы Оралда өткен өндіріс көрмесіне «Семей облысы қазақтарының типтері» атты портреттер сериясын дайындағаны белгілі. Лобановскийдің қазіргі уақытқа дейін 7 суреті сақтаулы, солардың бірі – ұлы ақынның қарындашпен салынған портреті. Уақыттан сарғайған қалың қағаз­ға жай ғана қарындашпен салған портреттің маңызы зор, себебі ол Абайдың көзі тірі кезінде салынған жалғыз портрет.

Музей қорында Қазақстан сурет­шілерінің ақынды әр түрлі тех­ни­када сомдаған портреттік жұ­мыстары бар. Осы орайда Л.Леон­тьевтің (кенеп, майлы бояу), Е.Сидоркиннің (гравюра), Ж.Шар­деновтың (кенеп, май­лы бояу), ерлі-зайыпты Аткнин­дер­дің (жібек матаға му­лине жіппен кестеленген), О.Остров­скийдің ағашқа инкрустация­лап жасаған туындыларын атап өтуге болады.

Кәсіби суретшілердің ішінде Абай портретін алғаш салған Николай Иванович Крутильников еді. 1926-27 жылдары «Абай өлең жазу үстінде» атты портретін ке­непке майлы бояумен салған. Ол 1916 жылы Қазандағы көр­кем­сурет училищесін бітіріп, Семей қаласына келіп, театрда суретші қызметін атқарады.

Музей қорының үлкен мақта­нышы – қазақтың алғашқы кә­сіби суретшісі Әбілхан Қас­теев­­тің жұмыстары. Суретші 1947 жылы Абайдың туған же­ріне, Шыңғыстауға келген. Осы сапа­рының нәтижесінде «Шың­ғыстаудағы жаз», «Қарауылтөбе», және басқа туындылар легі дү­ниеге келген еді. Сонымен қа­тар музейде Қастеевтің «Бала Абай», «Жас Абай», «Абай» пор­­­­треттері бар. Суретші іздені­сінің нә­тижесінде туған бұл сурет­­тер­ден үлкен талант иесінің өз шығармашылығының әр ке­зе­ңінде данышпанды жаңаша сомдағанын көре аламыз.

Музей қорындағы портреттер легі Ж.Шарденов, Г.Исмаилова, М.Кенбаев, А.Ғалымбаеваның жұ­мыстарымен жалғасады. Олар­­дың туындыларындағы ро­мантизм мен ұлттық реңк жас су­­ретшілердің Абай шығар­ма­­шылығы арқылы дүние танымын кеңейтіп, оларды үлкен ізденістерге талпындырады.
Сюжеттік туындылардың ішіндегі музей қорына алғаш­қы қабылданған экспонаттар А.Волощуктің «Абай Бай­көк­­ше ақынды тындауда», Ку­же­ленконың «Абай мен жатақтар» туындыларын атап өтуге болады. Белгілі қылқалам шеберлері Үкі Әжиев және Сахи Романовтың туындылары музей экспозиция­сына өзіндік үн қосып, оның мән-мағынасын аша түскендей көрінеді. 

Бейнелеу өнеріндегі Абай тақы­рыбын кеңейтуге Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген өнер қай­раткері Евгений Михайлович Сидоркин үлкен үлес қосты. Ол 1957 жылдан бастап қазақ же­рінде жұмыс істеп, «Жазушы» бас­пасынан шыққан көптеген кітаптарға иллюстрация жасады. Соның ішінде «Қазақ эпосы» «Ертегілер» сериясы және М.Әуезовтің «Абай жолы» рома­нын көркемдеп, иллюстрациялар жасады. Музейдің тапсырысы бойынша суретші 1971 жылы «Абай жолы» романының желісімен гравюралық туынды­лар жасаған еді. Солардың ішін­де аса бір жылылықпен, сүйіс­пен­шілікпен жасалғандары «Абай­­дың шешесі Ұлжан» және «Абай әжесі Зеремен» гравюралары.

Мүсін – Қазақстан бейнелеу өнерінің ең жас салаларының бірі. Монументті салада Абай образын сомдау өткен ғасырдың 50-жылдарында бастау алды. Ақын ескерткіштерін жасау жо­басына арнайы конкурс жария­ланды. Алматыда Абай даң­ғылының бойына қойылған ақын ескерткіші осы конкурстың же­місі. Бұл қазақ мүсіншісі, халық суретшісі Хакім­жан Нау­­рызбаевтың қолы­нан шық­қан Абай ескерт­кіштерінің ең тұңғышы. Мыстан құйылған ес­керт­кіште болашаққа көз тік­кен тәуелсіз адамның бей­несі сомдалған.

Мүсінші Ескен Сергебаев өзінің жұмыстарын классикалық үлгіде жасайды, автордың Абай ескерткішінің гипстік жобасы музей залына қойылған. Одан колоннаға шынтақтап сүйеніп, кітап оқып тұрған Абайды кө­реміз. 

Монумент өнері саласында жұмыс істеген суретшілердің ішінде Семейдің Абай алаңын­да­ғы ескерткіштің авторы Д.Эл­бакидзені ерекше атаған жөн. 1977 жылы қойылған бұл ескерт­кіш граниттен жасалған, биік­тігі 850 см. Сол қолына кітап ұстап, оң қолын кеуде тұсына кө­терген ақын тұлғасы ойлы, сабырлы кейіп танытады. Осы ес­керткіштің гипстен жасалған авторлық көшірмесі музейде келген көрерменді қарсы алып тұр.

Абайдың мүсіндік портретін (басы, кеудесі, денесі) әр жылдары Баки Урманче, Петр Усачев, Юрий Дорошев, Бек Төлеков, Зоя Береговая, Мұратбек Жанболатов жасады. Музей экспозициясында Петр Усачев, Бек Төлеков, Зоя Бере­говаяның туындыларын да көруге болады.

Ұлы Абай тұлғасы, оның туған жерінің табиғаты тек қылқа­лам иелерін толғандырып қана қойған жоқ, сондай-ақ өмі­рінде өнерден басқа жол тауып, басқа мамандық иесі болған адам­ды да қолына қылқалам алып, тамаша өнер туындыларын тудыруына себепкер болды. Солардың бірі – қазіргі уа­қытта академик, медицина ғы­­лымдарының докторы, про­фессор, Қазақстан сурет­ші­лер одағының мүшесі Мақаш Ты­ныш­тықбайұлы Әлиакпаров.

М.Әлиакпаров кескіндеме және графика техникасын мең­герген суретші. Оның өнердегі шы­ғармашылығы Абаймен ты­ғыз байланысты. «Ұлы Абай мен Шәкәрім әлемі» менің бас­­ты тақырыбыма айналды. Сонау 1975 жылдан бері осы та­қы­­рыппен үздіксіз айналысып ке­лемін. Абай мен Шәкәрім ата­­ла­рымыз, олардың айналасы, үлгі тұтарлық өнерлері мен рухани ой әлемдері жайлы біршама шы­ғармаларым өмірге келді, әлі де келе бермек.

Бұл тақырып – ме­нің өмірлік бойтұмарым се­кілді», дейді қылқалам шебері. 

Музейдің галерея залында суретшілердің көрмелері, вернисаждары, симпозиумдары да өт­кі­зіліп отырады. Ұлылар елін­дегі симпозиумға арнайы кел­ген Қазақстан суретшілері бір апта бойы Абай, Шәкәрім, Мұх­тар сынды халқының ұлы пер­зент­терінің іздері қалған жер­лермен жүріп, ауасын жұ­тып, көрікті де шежірелі Шың­ғыстау өңіріне: Бөрілі, Күшік­бай асуы, Тұма көлі, Жи­дебай, Үйтас, Кіші Орда, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, Абай ана­ла­ры – Ұлжан мен Зере зираты, Кең­гірбай би мазары, Шың­ғыстау, Архат тауларының әсем жер­лерінде, табиғат аясын­да плэнер өткізеді. Абайдың қара ша­ңы­рағында жыл сайын сурет­шілер симпозиумы өтеді, қа­тысқан суретшілер 50-ден астам туындыларын тарту етеді. 

Абай тақырыбы өнер қайрат­кер­­лері үшін үнемі шығар­ма­шы­лықтың қайнар көзі болып қала берері сөзсіз. Уақыт өткен са­­йын ақын тұлғасы биіктей тү­седі.

Үмітқайша ИБРАЕВА,

Абай қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері

Шығыс Қазақстан облысы