Медицина • 03 Қазан, 2018

Мектептегі мәзірге қадағалау күшейді

476 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мектеп асханаларын жаңғыртып, балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету «Нұр Отан» партиясының жаңғыру аясындағы жаңа жобаларының бірі екені белгілі. Осыған орай еліміз бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды.

Мектептегі мәзірге қадағалау күшейді

«Нұр Отан» партиясының Ор­талық аппаратында партия­ Төр­­­­ағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төр­аға­лығымен өткен жиында осы бас­таманың жүзеге асырылу барысы кеңінен талқыланды. Басқосуға Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, «Атамекен» ҰКП және бизнес-қауымдастық өкілдері мен Астана қаласы ата-аналар қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысты.

«Нұр Отан» партиясы отандық мектептерде балаларды дұрыс тамақтандыру мәселесін бұрыннан көтеріп келеді. Себебі өкінішке қарай, кейбір білім ошақтарында ас мәзірі көңіл қуантарлықтай деңгейде емес. Өйткені аталған орындарда көбіне ұн өнімдері мен құрамында қанты көп түрлі тәттілер ұсынылып, жеміс-жидек пен көкөністерге тиісті деңгейде мән берілмей келеді. Бұл жайттың ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері тарапынан, сондай-ақ ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүргені де белгілі.

Отырысты ашқан Мәулен Әшім­баев аталған мәселелерге назар ауда­рып, оның саламатты ұлт болып қа­­лып­та­суға тікелей әсер ететінін айтты.
– Партия осы саладағы бірқатар өзекті мәселелерді анықтады. Алдымен бір типті өнімдерден бас тартып, мектеп асханасының рацио­нын түрлендіруге мән бергеніміз абзал. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп дайындаған стандартына бейжай қарамай, оның орындалуын қадағалаудың маңызы зор. Сондай-ақ санитарлық нормалар мен білім беру мекемелеріндегі ережелердің сақталуының жүйелі бақыланбауы да бұл салаға кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан тиісті мемлекеттік органның жылына бірнеше тексеру жүргізуін, сол арқылы асханалардың барлық кезде жоғары деңгейде жұмыс істеуін қамтамасыз етудің берері мол, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар партия Төраға­сының бірінші орынбасары бракеражды комиссияның жұмысына да ешкім кедергі келтірмеуі керектігін айтып, қазіргі таңда мұның өзекті мәселелердің бірі болып отырғанын тілге тиек етті. Аталған комиссия, мемлекеттік органдар, саяси пар­тия­лар және қоғамдық ұйымдар арасында үйлесімді жұмыстың болмауы да аталған мәселеге өз зардабын тигізуде. Одан бөлек, жиында тауарды жеткізушілер тарапынан да кемшіліктердің бар екені айтылды.

Сондай-ақ М.Әшімбаев еліміздің бес бірдей, яғни Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Қарағанды облыстарында асханасы немесе буфеті жоқ мектептердің бар екенін, соның салдарынан балалардың дұрыс тамақтануына жағдай жасалмай отырғанын айтты. Бүгінде елімізде осындай 538 мектептің бар екені белгілі болып отыр.

Аталған олқылықтардың салдарынан елімізде мектеп жасындағы балаларда ас қорыту жүйесіне қатысты ауру­лар көбейген. Одан бөлек, 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 21,5 проценті, яғни әрбір бесінші жеткіншек артық салмақтың зардабын тартып отыр. Ал артық салмақтың түрлі ауруларға әкеліп соқтыратыны белгілі. Осы мәселелердің алдын алып, оларды ұтымды шешу үшін «Нұр Отан» партиясы мектеп асханаларын жаңғырту жөнінде жаңа жобаны қолға алғаны белгілі. Партия Төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, нұротандықтар аталған жобаны тиімді жүзеге асыру үшін нақты төрт бағытты айқындап алған.

– Біріншіден, мектеп асханаларында ғылыми негізге сүйенген және пайдалы әрі дәмді тағам түрлері ұсынылған тамақтанудың бірыңғай стандартын енгізу қажет. Екіншіден, тамақтану үдерісін ұйымдастыруда мемлекет-жеке­меншік әріптестігінің, тамақтану комби­наттарының және жеке кәсіпкер­лердің бастамаларын ескеріп, ең тиімдісін республикалық деңгейде жүзеге асырғанымыз жөн. Үшіншіден, тамақтану стандартының жүзеге асы­рылуына қоғамдық бақылау жүр­гізу мәселесі. Бұл жұмысқа ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар белсенді қатысса, нақты жүйе қалыптасар еді. Сол арқы­лы бракеражды комиссиялар жұ­мы­сының жандануын да қамта­масыз етуге болады. Тағы бір мәселе – бұқаралық ақпарат құрал­дарымен, сарапшылармен, қоғам белсенділерімен бірлесіп, оқушылар мен ата-аналар арасында, жалпы қоғамда дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Осы бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істесек, көз­деген нәтижеге қол жеткізіп, балалары­мыздың дені сау ұрпақ болып қалып­тасуын қамтамасыз етеміз деп сене­мін. Бұл істе партия үйлестіруші мін­детін атқаруға дайын, – деді М.Әшімбаев.

Осы ретте қазірдің өзінде пар­тия­лық жоба аясында көптеген мектеп­тердің асханасы жаңа қарқынмен іске кірісіп, әлемдік талаптарға сай қызмет көрсетуді қолға алғанын атап өткен жөн. Соның ішінде Астана қаласындағы №85 мектеп-лицейді ерекше айтуға болады. Бұл білім ұясының асханасы оқушыларға сапалы әрі денсаулыққа пайдалы ас мәзірін ұсыну үшін тамақты бумен дайындайтын арнайы құрылғы (пароконвектомат) арқылы пісіреді.

Айта кетейік, жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігі Қо­ғамдық денсаулық сақтау коми­тетінің төрағасы Жандарбек Бекшин, Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ержан Ерсайынов және тағы басқа қатысушылар пікір білдіріп, мәселені тиімді шешуге бағытталған ұсыныстарымен бөлісті.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»