Білім • 03 Қазан, 2018

ҚазҰУ көш басынан көрінді

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Times Higher Education (THE) британдық агенттігінің рейтингісі бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында бірінші болып әлемнің үздік университеттерінің 801-1000 тобына енді. Биылғы жылы ТНЕ агенттігінің тізіміне әлемнің 86 елінен 1250 университет кірген.

ҚазҰУ көш басынан көрінді

Еліміздегі тағы да бір іргелі білім ошағы  Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ университеттердің 1001+ тобына енгенін мақтанышпен айтуға болады. Times Higher Education рейтингісінің ерекшелігі бағалау критерийлерінің 65 % университеттердің ғылыми-зерттеу және инновациялық жұмыстарына беріледі. Рейтингті әзірлеу кезінде толық және теңдестірілген салыстыруды қамтамасыз ету мақсатында бағалау 5 бағытқа топтастырылған: білім беру (білім беру ортасы), зерттеулер (көлемі, пайда және мансап), дәйексөз алу (зерттеулер әсері), халықаралық қатынас (қызметкерлер, студенттер және зерттеулер), өнеркәсіптік қызмет кірісі (білім алмасу, табыстау) және тиімділіктің 13 көрсеткіші қолданылды.

Осы жылғы рейтингке отандық жоғары оқу орындарының енуі –Қазақстанның ЖОО-ларының халықаралық тәжірибе мен үздік дағдыларды игергендігін дәлелдеп отыр.

Биылғы жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ QS World University Ranking рейтингтік агенттігінің нұсқасы бойынша 220 орын иеленді және де QS Employability түлектердің жұмысқа орналастырылуын бағалау рейтингі бойынша 251 орында тұрғанын айта кеткен жөн. Отандық білім ошақтарының елеулі жетістіктері еліміздің әлемдік аренадағы беделін одан әрі нығайта түсетіні анық.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ