Өнер • 03 Қазан, 2018

Ғалым Жайлыбай. Елбасы мен Елорда

792 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ғалым Жайлыбай. Елбасы мен Елорда

Көгімде ырыс тұрақтап,
жерімде құт,
Арманыма Астана төрін беріп.
Ерке Есілдің жағасы ертегідей –
Қараөткелге қара орман елім қонып.

Үмітім бар тұманың тұнығында,
Мәңгілік ел тұрғанда тұғырында.
Шырайланып жанымда
тұр айналып –
Елбасы мен Елорда бір ұғымға.

Сапар сайын жаңғырар санада аты,
Ғажайыбы ғаламның,
Ғаламаты.
...Әз, Астана жұртыңнан айналайын –
Елбасының ертеңге аманаты.

Тұрғаны анық бұл шаһар тұлғаланып,
Сырға қанып...
толқыны жырлап, ағып...
Тыңдатады құдіретін,
Күн батады –
Нұрсұлтанның қаласын нұрға малып.

Замандасым,
Заңғарым,
қатарларым.
Таусылмасын тірлікте татар дәмің.
...Ай Астана Алаштың Аруанасы –
Бауырынан өретін бота-арманым.

Әні Есілдей бұл жердің
күйі Есілдей,
Айтар сөздің айдарлы жүйесіндей.
Елорда мен Елбасы байтағымның –
Мәңгілікпен тілдесер киесіндей.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

АЛМАТЫ