Бағдарламалар • 03 Қазан, 2018

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы маңызды жобалардың нәтижесі талқыланды

915 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сәуір айында Мемлекет басшысы қатысқан алқалы басқосуда еліміздің рухани жаңғыру шарасына орай үлкен жиын өткені белгілі. Осы басқосуда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақала­сында атап көрсетіл­ген маңызды жобаның нақты нәтижесі таныстырылған-ды. 

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы маңызды жобалардың нәтижесі талқыланды

«Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сай білім алуы тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Бүгін сол алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз»,  деді Елбасы. «Жүз жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі маңызы зор екендігі даусыз. Осы отырысқа біз де қатысқан едік. Сонда атап көрсетілгеніндей, студенттердің тарих, саясаттану, социология, философия, психология, мәдениеттану, филология салалары бойынша толыққанды білім алуына барынша мүмкіндік жасалуы айтылған. Осы тұрғыда таяу жылдары әлемнің түрлі елдерінен барлық саладағы гуманитарлық білім беру жүйесіне қатысты жүз оқулықты қазақ тілі­не сапалы ауда­рып, жастарымыз әлемдік озық үлгіде білім алып шығуына жағдай жасау міндеті қойылды. 

Содан бері бірнеше ай өтті. Жұртшылық, ғалымдар мен әр саланың мамандары, студенттер де алғашқы тұсаукесері өткен 18 кітаптың мазмұнымен жете танысып, қалың оқырман қауым бағалы еңбектердің маңыздылығына өз пікірлерін білдіре бастады. Бұл шара­ның әсіресе әлеуметтік, гума­нитар­лық сала үшін маңызды екені белгілі. Енді соның бірқатар ерек­шелігіне тоқталсақ, құнды дүние­лер Америка, Ұлыбритания, Фран­ция, Швейцария сияқты алдыңғы қатар­лы елдердің үздік ғылыми ең­бек­терін қамтиды. Демек, біз қазір­ден бастап студенттерімізге осы оқу­лықтармен білім беруіміз керек. 

Мемлекет басшысының атап көр­сеткеніндей, біз осы бағдар­­лама бойынша жүздеген мың сту­­дент­терімізді жаңа сапалық деңгейде оқытып, білікті маман дайын­дай аламыз. Бұл ең алдымен білім саласындағы жаһандық бәсеке­ге төтеп бере алатын білікті кадр­лар дайындап шығуға мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ бұл азаматтар ашық­тық, прагматизм секілді сананы жаң­ғыртатын бәсекеге қабілетті үрдістерді қалыптастырады.

Президенттің атап көрсеткенін­дей, бұл жоба қоғамдық сананың жаңғыруына тың мүмкіндіктер ашып, адам дамуы мен жаңа өрке­ниетке қадам басуына бағыт береді. Бұл біздің қоғам үшін маңызды, соның нәтижесінде интел­лектуал­дық жетілу арқылы рухани өркендеу басталады.

Болашақта жастардың саяси белсенді, мәдениетті, төзімді, діни сауатты, өз құқықтары мен бостан­дықтарын білетін, қоғамды сыйлап, Отанын құрметтейтін нағыз азаматқа айналғанын баршамыз қалаймыз. Сондықтан да Мемлекет басшысының «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде жаңаша гуманитарлық білім беруге ерекше мән беруі­нің сыры тереңде жатыр. Біз ендігі жерде орыс тіліндегі шетелдік әде­биеттерді пайдалануды азайтуымыз керек. Ол қазақ тілінің ғылым тіліне айналуын тежейді, бұдан былай орыс тіліне деген тәуелділіктен арылуымыз, керісінше өрісіміз­ді кеңейтуіміз керек. Егер қазақ тілін дамытамыз, білім мен ғылым тіліне айналдырамыз десек шет тілдеріндегі оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпарат­ты түпнұсқадан ала білуіміз қажет. Жүз жаңа оқулық, міне осыған кеңі­нен жол ашады. Шынайы рухани жаңғыру сол кезде жүзеге асады. Енді міне, сол еңбектердің алғашқы түпнұсқалары қазақ тілінде жарық көрді. Бұл – баға жетпес рухани байлық. 
Біз осы тұрғыда ең алдымен мәдениет тұтынушыларды емес, елімізде білімді, мәдениетті, жан-жақты, дарынды, сан қырлы жас­тарды қалыптастыруымыз керек. Қоғамда тек пайдакүнем, сатып алушы мен тұтынушы емес, талантты, жоғары білімді, мәдениетті азаматтар құрмет пен мадаққа кенелуі тиіс. Біздің қоғам өркендеп даму үшін үздіксіз білімге ұмтылып, тәр­тіпке бағынып, мәдениетке бас ұрғанда ғана үздік нәтижелерге қол жеткіземіз.

Бүгінде әлем дамуы озық технологияларды пайдалану арқылы өріс алатыны айқын. Жастарымыз бұл үрдістен қалыс қалмауы тиіс. Ал бізде әлі де қазақ тілді ғылыми білім жүйесінде кемшін тұстар баршылық. Әлі күнге дейін оқу материалдарының тапшылығы білім сапасына тікелей әсер етіп отыр. Ендігі жерде осы кітаптардың қазақ тіліне аударылуы көп кедергіні жоя­ды. Демек, ағылшын тілін біл­­мейтін қазақ тілді жастарға әлем­дік ғылымның көкжиегі ашылып, ой-өрісті кеңейтер жоғарғы жетістік­тердің мүмкіндігі туып отыр. 
Қазір көпшілігімізге осы 18 кі­тап­тың әрқайсымен жете танысу­дың мүмкіндігі туды. Бұл арада айта кетер жайт, кез келген оқулықты аударғанда өз тілімізге қарай икемдеуге болады. Әртүрлі терминдер­ді, өзге ұлттың өз мүддесіне сәйкес ұғым­дарды өз ыңғайымызға қарай бейім­деу арқылы мемлекеттік тілдің бай­лығын арттыра түсеміз. 

Құнды кітаптар негізінен ағыл­шын тілінен, Батыстың әйгілі ғалым­дарының еңбегінен аударыл­ған. Дегенмен, алдағы уақытта 100 оқу­лық тізіміне Шығыс тілдерінен де сүбелі еңбектерді қоссақ жөн бо­лар еді. Олар бізге тілі, ділі, дәс­түрі, географиялық орналасуы жағы­нан жақын. Қазірдің өзінде бай­қалып отырғандай, ғылым­ның, өндірістің дамуы, өркениеттің биік деңгейге көтерілуі Жапония, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея, Қытай, Біріккен Араб Әмір­ліктері секілді елдер тарапынан бай­қалады. Келешекте тың жетіс­тіктер, жаңа ұмтылыс, жедел қарқынмен даму үрдісі осы елдерде ерекше көрініс табады. Міне, біз соған бағыт ұстауымыз керек. Алайда біздің өз ұстанымдары, өз жолымыз бар, өз менталитетіміз бар екенін де ескергеніміз жөн. Соған лайықты жолды таңдауымыз тиіс. Болашақта осы тұрғыда жазылған сараптама еңбектерді түпнұсқадан аударып, қазақ тіліндегі оқулықтарды ұсынуға тиіспіз. 

Жалпы бұл еңбектер құнды, сүбелі дүниелер. Әсіресе жастарға аса қажет, сананы жаңғыртып, білім көкжиегін кеңейтіп, ой-өріс­ті дамыта түсері даусыз. Яғни, са­рап­тамалық дүниетанымның қалып­тасуына, тың тұжырымдар мен жаңа идеялардың туындауына, заманауи білім, ғылымға даңғыл жол ашады.

Сондай-ақ қазақ тіліне тек оқу­лықтар ғана аударылып қоймауы тиіс, сонымен қатар ғылыми монографиялар, адам дамуына қатыс­ты әлемдік озық ойдың үлгілері де ұсынылуы тиіс. Осының бәрі түптеп келгенде, қазақ тілін­дегі «ақпараттық капиталдың» молыға түсуіне, біздің қоғамның өркениетке нық қадам басуына мүмкіндік береді.

Осы еңбектер болашақта қазақ тілін­де латын әліпбиімен таң­бала­­нып, көпшілікке ұсыныла­ды. Демек, туыстас түркі тілдес аға­йын­дардың бұл кітаптарды еркін оқуы­на мүмкіндік тудырады. Түркі халықтары мәдени орталығының басшы мамандары қазақ тілі – барлық түркі халықтарына түсінікті тіл екенін, латын әліпбиіне көшкен кезде бүкіл түркі халықтарына ортақ әліпбиіміз болатынын айтқан еді. Сол кезде барлық түркі тілдес ағайындар біздің толып жатқан көне мұраларымызды, тіпті өт­кен ғасырдағы қыруар еңбектерді түпнұсқадан оқи алады. Кітаптар көп кешікпей латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, тілдеріміз ұқсас туыстас ағайындармен қатар, шетелде тұратын жастарымыз да бұл құнды кітаптарды еркін оқи алатын болады.  

Кітаптың қазіргі таралымына көз жүгіртсек, жаңа оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде ұсынылуда. Ал электронды онлайн нұсқасында, сон­дай-ақ лекторлардың дәрістеріне лайық­талған бейне лекциялары, яғни, видеотекасы арқылы қолжетімді.
Жаһандық бәсекеге қабілетті боламыз десек, әлемдік деңгейдегі ең озық оқулықтардан, ғылыми әде­биеттерден білім алған абзал. Осы арада бір ескеретін жайт, алда­ғы уақытта тағы қандай еңбек­терді қазақшаға аудару қажет деген ой төңірегінде әлі де ақылдасып, ғы­лыми кеңес мүшелері нақты тоқ­тамға келулері тиіс. Қазақ тілінде жарық көруі тиіс шетелдік оқу кітаптарының ғылыми құндылығы мен маңыздылығы, өмірде қажет­тілігі басты назарда болғаны абзал.

Болашақта жастардың саяси бел­сенді, өркениетке бетбұрған, мә­де­ниеті жоғары, білікті де білім­ді зия­лы азаматтар ретінде өз құқықтары мен бостандықтарын бағалайтын, патриот ретінде елін, жерін сүйе білетін, соның қадіріне жететін, құрмет тұтатын тұлға болулары тиіс. Міне осының бәрі түптеп келгенде Қазақ елінің лайықты азаматтары болып қалыптасуына жол ашады. 

Ақан БИЖАНОВ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор