Қазақстан • 03 Қазан, 2018

Алаш тақырыбын зерттеген жапон ғалымы

1251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Халықаралық Түркі академиясында Хоккайдо университетінің славян-еуразиялық зерттеу орталығының профессоры Томохико Уяма дәріс оқыды.

Алаш тақырыбын зерттеген жапон ғалымы

Жиынға қазақстандық және шетелдік ғалымдар, зерттеушілер мен алаштанушылар қатысты. Ғылыми лекция тақырыбы Жапонияның Орталық Азиямен қатынасына арналды.

Дәріс барысында Т. Уяма Жапония мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, жапон тілі түркі тілімен байланысты болуы мүмкін. Қазіргі таңда жапон тілінің пайда болу тарихы әлі де нақты емес. Профессор тілдегі сөйлемдік құрылым алтай тілі тобына жатуы мүмкін деген болжам жасауға жетелейтінін айтты.

«Жапон тіліндегі сөйлем құрылысы түркі тілдерінің сөйлем құрылысымен ұқсас. Тілдердің лексикалық ұқсастығы болмаса да, сөйлем құрау жүйесінде айырмашылық жоқ. Алайда ғалымдар жапон тілін алтай тобы тілдерінің қатарына қосқысы келмейді», деді профессор Т.Уяма.

Сондай-ақ  Т.Уяма Жапония мен Орталық Азия арасындағы байланыстың тамыры тереңде екенін атап өтті. Мәселен, Жапонияның Нара қаласы Ұлы Жібек жолының ең шеткі нүктесі болып саналған екен. Осы байланыстың арқасында Орталық Азияның бұйымдары Күншығыс еліне де жеткен көрінеді.

Бұдан кейін Томохико Жапонияға барған қазақтар туралы да айтып өтті. Мысалы, Ғабдолғазиз Мұсағалиев пен Әліби Жангелдин 1909 жылы Жапонияға барған. Алайда олардың сапары барысында қандай мәселелер талқыланғаны нақты емес.

Дәріс барысында Жапония тақырыбын қозғаған қазақ интеллигенциясы да сөз болды. Профессор мысал ретінде Міржақып Дулатовтың жапон халқы туралы шығармасын келтірді. Т.Уяма Мұхтар Әуезовтің Жапония туралы «Еуропа мәдениеті мен басқару жүйесін негізге ала отырып, жедел дамып келе жатқан мемлекет» деп жазғанына да тоқталды.

Т.Уяма Күншығыс елінің мұсылмандармен қарым-қатынас орнатуға талпынысы төңірегінде де әңгіме қозғады.

«Жапония Қытайдағы мұсылмандарға ықпал етуге тырысты. Ал Кеңес одағындағы мұсылмандармен қарым-қатынас орната алмаған. Кейбір дипломаттар сол кезде Францияда тұрып жатқан Мұстафа Шоқаймен кеңесіп отырғаны туралы деректер бар», деді Т.Уяма.

Лекция соңында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жапон ғалымына Академияның арнайы төсбелгісін тағып, ұйымның Алғыс хатын тапсырды.

                                  

Қазіргі таңда Уяма Томохико Орталық Азияны зерттеу бойынша жапон қоғамының президенті қызметін атқарады. Профессор – Жапонияда Орталық Азияға қатысты ғылыми зерттеу жүргізген алғашқы ғалымдардың бірі. Оның бұл тақырыпқа байланысты 180-нен астам ғылыми мақаласы бар.

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»