Медицина • 04 Қазан, 2018

Алимент әке бола ма?!

542 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әке тәрбиесін, ұлағатын көрмей өскен перзенттің тәрбиесі толымды деп айта алмасақ керек. Оған әрине, жетімдіктің ащы дәмін татып жатқан жеткіншектердің еш кінәсі жоқ. Бар гәп асқар тауға балаған, бала дегенде емешегі үзіліп тұруға тиісті, бірақ бұл күнде бар қасиетінен ада болған, кісілігі кеміген әкеде. 

Алимент әке бола ма?!

Жиеннен туған жиеншар Ерденнің екі рет дәм-тұзы жараспады. Бірінші келіннің бауырында жанарлары боталап екі қыз кетті. Сүп-сүйкімді еді. Еліктің лағындай елегізіп, бота көздері жәудіреп тұрған бейнелері көз алдыма келгенде менің де көзімнің алды кіреукеленіп кетеді. Екінші келіннің етегіне жармасып ұл кетті. Әп-әдемі, қылығы мен қызығына тойдырмастай. Былдырлап сөйлегенінің өзі бір жыр. Тақпақтап сөйлейтін. Нағашыларына тартқан дейтінбіз. Әке-шешесі тәрбие бере алмады деп айтуға ауыз бармайды. Екеуі де өз балалары былай тұрсын, өзгенің бауыр етін тәрбиелеп жүрген мұғалімдер. Қос мұғалімнің жалғыз ұлы Ерденге осы бір жайды бетіне басып айтқан сайын өз кінәсін мойындамай, ат-тонын ала қашады. Уәжіне қарағанда, тырнақтай кінәсі жоқ. Әкелік парызын да әлі күнге дейін мүлтіксіз атқаруда. Ондағысы ай сайын төлейтін алименті. 

– Тек қана алимент төлеуге қауқарым жетеді, – дейді ол, – басқадай көмек қо­лым­нан келетін емес. Тағы да шаңырақ көтерсем бе деп дәмеленіп жүрмін ғой. Бұрынғы әйел­дерім балаларыммен кездесейін десем табалдырықтарынан аттатпайды. Екеуі де Көк­шетауда жүр­гілері келмей Астанаға көшіп кеткен. Ара-тұра барғым келеді, қан­ша дегенмен балаларым емес пе? Көргім келеді. Бірге тұрмаған соң қалай тәрбиелейсің. Тәрбие түгілі бет-жүздерін көре алмай отырған жоқпын ба?..

Қилы-қилы себеппен күні кеше ғана мәңгілік жар болуға ант ішкен қаншама жас шаңырақтың ажырасуы бүгінгі қоғамды қатты толғандырып отыр. Мәселен, Ақмола облысында 2017 жылы 5075 жұп шаңырақ көтерсе, соның 2560-ы немесе 50 проценті ажырасып кеткен. Тіл табыса алмаған жастардың аң­даусыз қадамының салдары ти­тімдей жазығы жоқ сәбилерге тиіп жатыр. Жағдай осылай бола берсе, бұл қазақтың бі­разы әке тәр­бие­сін көр­мей өс­кен перзент­терге айналмай ма? Ал әке деген асқаралы ұғым­ды алимент төлеу­мен шатастырып алып жүрген­дер қанша­ма. Шынтуайтында, әкелік парыз алиментпен ғана шектелмейді ғой. Со­ның өзінде заң бойынша алиментін төлеу­ден қашатындардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл не?! Әкенің, яки Алаш азаматының бойындағы кіс­і­ліктің, адамгершіліктің азаюы ма, әлде «балам – бауыр етім» дейтін сезімге сел­кеу түсіп, тасбауырлықтың көбейген тұсы ма?! 

Облыста 11 338 азамат алимент тө­лейді. Бұл дегеніңіз кішігірім бір аудан­ның халқының санымен бірдей. Уақтылы алимент төлемей қашып жүргендердің саны 129. Ақмола облыс­­­­­тық соты 2017 жылы осы алимент өнді­руге байланысты 645 рет іс қараса, ағым­дағы жылдың алғашқы жартысында 836 мәрте осы тақырыптағы іс қаралған. 

– Жанымыз неге ашымасын, ашиды. Тіпті, түн ұйқымыз төрт бөлініп жүр десек, өтірік емес, – дейді алимент төлеуге шамасы жетпей жүргендердің бірі Әлімжан Жапаров, – қанша дегенмен өз балам ғой. Өзім сияқтылардың талайын білемін, сотта кездестік, тілдестік. Бірінші себеп, әсіресе ауылдық жерде тұрақты жұмыстың болмауы. Ай сайын жалақы алып тұрмағаннан кейін қалай төлерсің?! Ара-тұра уақытша жұмыс кездесіп қалады, оның өзінде келісімшарт жасалмаған, науқандық шаруалар. Қолыңа тиген шамалы қаражатты балаңа жұмсайсың ба, басқаға жұмсайсың ба, басың қатады. 

Мүмкін солай да шығар. Білетіндердің айтуына қарағанда, тұрақты жұмыстан қашып, алимент төлегісі келмей бір мезеттік, жұмыс берушімен ауызша келісім арқылы табыс табатындар да аз емес екен. Ал ауылда тұратын азаматтар мал сүмесімен күн көреді делік. Табысы – мал өнімдері. Бірақ еш жерге бұл табыс тіркелмегендіктен, әлдеқашан суып қалған әкелік мейір қайтадан оянбай, парыздарын өтей қоймайды. Бұл да өз алдына ретке келтіретін шаруа. Сот орындаушыларының айтуларына қарағанда, алименттен қашып жүрген азаматтардың ішінде, әсіресе қалаға қоныс аударғандарды табу қиын, өте қиын. Өйткені олар жалдамалы пәтерлерде тұрады. Көбі тіркелмеген. Жұмыс орындары да белгісіз. Өздерінің төлей қояйын деген ниеттері болмағаннан кейін жүздеген адамның қайсысын тауып аларсың?!

– Бұл жерде біз олардан бұрын адамдар­дың бойындағы жылт еткен адамгершілік қасиетті іздеуіміз керек шығар, – дейді жеке сот орындаушысы Қазбек Әміржанов, – егер өз борышын жан жүрегімен сезініп, баламның көзін жаутаңдатпай, қатарынан қалдырмай өсірейінші деген ақ адал әкелік ниет керек. Сонда ғана бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Әрине дәл қазір бала өсіп жетілгенше заңмен белгіленген көмек көрсетілуі керек. Бірақ бас­ты мәселе тәрбие­де, әр адам­ның жауапкершілігінде. Әйтпесе мәселе қиын. 

Қиын екендігін біз де көргенбіз. Көз­­­танысымыздың қызы жарты жыл отасып қайтып келген. Алғашқыда шешесі:

– Ішімі сыйған қыз, сыртыма да сыя­ды, – деп дөң-айбат көрсеткен. 

Ашу үстіндегі сөзі ғой. Әйтпесе атам қазақ «қайтып келген қыз жаман» демеуші ме еді. Алименттің көбеюі біздіңше, ұлттық тәрбиенің ұңғысына сызат түсуінде жатыр. Бұрын мұндай әдепсіздік ілуде бір кездесетін. Қазіргі адамдардың ұғымында ұят болудан қалды. Әлгі қыз түк болмағандай әке-шешесімен тұрып жатыр. Бар ұятты, абыройды ананың ойланбай айтқан жалғыз сөзімен жуып-шайып жүр ғой деймін шамасы. 

– Мұндай өрескел оқиғалар, әсіресе қалалық жерде көп орын алуда, – дейді ел ағасы Алпысбай Орынбасаров, – алақандай ауылда кімнің, қалай тіршілік етіп жатқаны жұрттың көз алдында ғой, әрі қаймағы бұзылмаған қазақы ортада ар-ұят сақталған. Жастар бастапқы кезде ниеттері бұзылғанымен, әке-ше­шелерінен қорқып мұндай шетін қадамға аяқтарын аңдап басады. Ал қалалық жерде өздері араласып жүрген орта, көрші-қолаң болмаса қай баланың отауы ыдырады, шаңырағы шайқалды, кімнің баласының бағы жанбады, кімнің қызы қайтып келді оны кім біліп ­жатыр?..

Асылында ақсақалдың айтуына қара­ған­да, қоғамдағы осы бір қаны шығып тұр­ған мәселенің алдын алу үшін ең алдымен ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді қайтадан жаңғыртуымыз қажет сияқ­ты. Бүгінде жалпақ жұрт болып жұмы­ла кіріскен рухани жаңғырудың бір тармағы, бәлкім негізгісі осы шаңырақты сақтау, баланы жетім етпеу шығар. Сонда қоғамдағы сай сүйегіңді сырқырататын алимент дауынан да арылар едік. 

Әкесіз ұл жасық, жігерсіз, бет мон­шағы үзілген ұялшақ. Себебі, жартылай отбасында ананың ғана тәрбиесін көреді. Ана тәрбиесін кем санамасақ та, әкенің орны бөлек қой. Оның үстіне мектепте де мұғалімдері кілең қыз-келіншектер. Бәлкім кейбір жастарымыздың еркек мінезінен ада болып, қыз мінездес, қыз пішіндес болып бара жатқаны содан ба екен? Майысып-қайысып тұратын бозбалаларды көргенде айбарынан ай ығатын, мұрты көкке шаншылған аталардың алмас қылыштай жарқылдаған ер мінезін сағынады екенсің. 

Әке тәрбиесін көрмеген қыз да ер қадіріне жете қояр ма? Өйткені ол тағдырынан таяқ жеген мұңлы ананың мұратымен өсті ғой. Ер қадірін білу үшін де әке тәрбиесі керек-ақ. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы