Парламент • 04 Қазан, 2018

Мемлекеттік сатып алуға қатысты заң жобасы талқыланды

325 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығ­ма­тулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда бес мәселе қаралды.

Мемлекеттік сатып алуға қатысты заң жобасы талқыланды

Соның ішінде кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы туралы баяндаманы жуырда ғана тағайындалған Қаржы министрі Әлихан Смайылов жасады. Оның айтуына қарағанда, мемлекеттік сатып алуларда осы күнге дейін үш маңызды проблема орын алған. Оның біріншісі – сатып алудың шектен тыс регламенттелгені. Екінші проблема – сатып алуға қатысатындар біліктілігінің төмендігі. Ал үшінші проблема – сатып алудың бір сауда көзінен алыну үлесінің үлкендігі. Заң жобасы осы мәселелерді шешуге бағытталған. Соның ішінде бір сауда көзінен алудың бастапқы межесі 100 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Бұл маңызы төмен сатып алу процедураларын жеңілдетеді әрі отандық ұсынушыларды қолдауға мүмкіндік береді. Екіншіден, бағалық ұсыныс тәсілдерімен сатып алулар жасағанда (1000 АЕК-тен бастап) құжаттамаларда тапсырыс берушіге тауар атауының фирмалық атауын көрсету құқы беріледі. Сондай-ақ заң жобасында «электронды әмиян» түсінігі қолданылатыны жеткізілді. Ал төртіншіден, орталықтандырылған сатып алу жүйесінің жетілдірілетіні айтылды. «Қазір әрбір облыстық, аудандық әкімдіктер сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің тізімін өздері бекітеді. Ал мына заң жобасы қабылданса, сатып алулар бір орталықтан, Қаржы министрлігінің бекітуімен жүргізілетін болады», деді министр. 

Отандық тауар өндірушіні қолдау мақсатында ІІМ еңбекпен түзеу жүйесінің «Ең­бек» кәсіпорындарынан сатып алулар ті­келей жасалып,  олардың қосалқы мерді­герлерінің өнімі бір сауда көзі болып есеп­телмейтіндігі де заң жобасында қарастырылғаны айтылды. Өйткені қазір «Еңбек» мемлекеттік тапсырыстарды сотталушылар үшін жеңіп алғанымен, оларды жұмысқа орналастырмай, барлық жұмыс көлемін қосалқы мердігерге тапсырып қояды екен.    

Ал квазимемлекеттік сектордағы сатып алу мәселелері бойынша төмендегідей өзгертулер ұсынылатыны жеткізілді: 

Біріншіден, квазимемлекеттік сектор­дағы сатып алуларда орын алған ереже бұзушылықтар үшін қызметкерлерге әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Екіншіден, осы сектордағы сатып алулардың бәрі электронды форматқа көшіріледі. Үшіншіден, квазимемлекеттік сектордың «Самұрық-Қазына» қорынан  басқасының бәрінің сатып алулары Қаржы министрлігі біртекті етіп бекіткен ережемен ғана іске асырылады. Ал «Самұрық-Қазынаның» сатып алулары Қордың директорлар кеңесінің Қаржы министрлігімен келісілген шешімі бекіткен ережемен жүзеге асырылады. 

Баяндамадан кейін министрге көптеген сұрақтар қойылды. Мәселен, депутат Жанат Жарасов әскерилерді тамақтандырудың да мектеп оқушыларын тамақтандырудағы ерекше тәртіп енгізу сияқты ерекшелігі болу керектігін депутаттар ұсынғанын, осы мәселе қалай шешілетінін сұрады. Министр оған да демпингтік бағамен ерекше сатып алулар тәртібінің енгізілетінін айтты. 

Демпингтік баға дегеннің өзі нарықтық бағадан әлдеқайда төмендетілген баға екені белгілі. Бұл бағамен сапасыз тауарлар да ұсынылып жататыны талай рет айтылған. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин осы жерде сөзге араласып, «Тәжірибе көрсеткендей, бірқатар ауруханаларда, мектептерде осы демпинг бағамен алынған тамақтарда ешқандай сапа жоқ екендігі анықталды. Ертең әскери мекемелерде осындай жағдай болуы мүмкін. Сондықтан, осы мекемелерге (мектептерге, ауруханаларға, әскери орындарға) демпинг бағаны қолдануға ешқашан болмайды. Аталған әлеуметтік нысандарды тамақпен қамтамасыз етуде алдымен сапаға, одан кейін бағаға назар аудару керек», дей келіп, ол айтылған ұсынысты екінші оқылымға дейін тағы бір мәрте тыңғылықты қарау керектігін ескертті.

Депутаттар Г.Шиповских, П.Казанцев, С.Құсайынов және т.б. осы іспеттес сұрақтар берген соң заң жобасы туралы талқылауды қорытқан Нұрлан Нығматулин оның мем­лекет­тік сатып алуларды жеңілдетуге, олар­дың тиімділігін арттыруға, сонымен бірге жемқор­лыққа жол бермеуге бағытталғанын ескерт­ті. «Депутаттық корпус ұсынған өзгеріс­тер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және осы мәселелерді талапқа сай жетіл­ді­руге зор ықпал етеді деп сенеміз. Сондық­тан бүгінгі айтылған ұсыныстарды назарға ала отырып, заң жобасын екінші оқы­лым­ға жан-жақты дайындау керек», деді ол.

Сонымен қатар заң жобасында өнімдері ұлттық стандарттарға сай келетін отандық жеткізушілерге нақты артықшылық беру керектігін, ал қазіргі нұсқада оның нақты аталмағаны айтылды. «Жобаны әзірлеушілер бұл мәселені шешуді заңның аясындағы актілермен реттеуді жазған екен. Біз ондай құжаттардың өзгермелі болатынын білеміз, сондықтан мәселені бұлтаққа салмай, заңда нақты қарастыру керек» деп атап көрсетті Төраға. Сөйтіп заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

Сонымен бірге жалпы отырыста «Стан­дарт­тау туралы» заң жобасына және оған ілеспе заң жобасына Сенат енгізген толық­тыру және өзгерістермен келісу туралы шешім қабылданды. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов баяндаған Қазақ­стан Республикасы Үкіметі мен Халық­аралық Қызыл крест комитетінің арасын­дағы осы ұйымның Қазақстандағы өкілді­гінің мәртебесі, артықшылықтары мен имму­нитеттері туралы келісімді ратификация­лау туралы заң жобасы да талқыланып, мақұл­данды. 

Сондай-ақ жалпы отырыс «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы 2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеудің уақытын белгіледі. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»