Қазақстан • 04 Қазан, 2018

Қызылордада кәсіп бастауға мүмкіндік көп

332 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бизнес-жобаларды бүге-шігесіне дейін ойластырып, аяғына дейін жеткізе білсе, табысқа кенелтеді. Әрине мемлекеттен көмекке алған қаржыға бес ешкі алып, ысқырып жүріп баққанмен шаруа бітпейді. Оның қым-қуат қиындығына төзіп, түпкі нәтижеге жетпей дәулетің еселенбейді.

Қызылордада кәсіп бастауға мүмкіндік көп

Мәселен, көпшілік ұқсатқыштығын бірді екеу етуге қабілеттілігін мысал ете бере­тін Германия экономикасы негізі­нен шағын және орта кәсіпке негіздел­ген. Оның жақсы жағын Елбасымыз да талай мәрте атап өткен. Әлемдік дағ­­да­рыс алып концерндерді, зауыт, фаб­­ри­­ка­лар­ды үйдей толқындары бар мұхит­тай қақ­пақылға салғанда, неміс кәсіп­кер­­леріне оншалықты әсер ете алмаған екен. Өйтк­ені отыз-қырық адам болып жұ­мыс жасайтын фирма аз шығынмен на­рық жағдайына қарай икемделе қояды. Көп жо­ғалт­пайды, пайдалы кәсіпке тез ауысады.

Еліміздегі шағын және орта кәсіп иелеріне де ұқсата білсе, табысқа мелдектеп шыға беруге болатын мүмкіндіктер бар. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы кеңесімен келісе отырып, биылғы жылды «Жаппай кәсіп­керлікті дамыту жылы» деп жария­лаған болатын. Өйткені облыс аума­ғын­да өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен мүлде жұмыссыз отбасылар бар.

Қысқа жібі күрмеуге келмей отырған от­ба­сылардың бір реттік мемлекеттік жәр­дем бүйірін жаппайды. Оларға тұрақты табыс көзін табу үшін осындай қадамға барған облыс басшысы бұл шешімінің өте өзекті болғандығын іс жүзінде көріп отыр. Қазірдің өзінде шағын және орта кә­сіп­­пен бел шешіп айналысып кет­кен аға­йын­­н­ың алды «сен же, мен же» табыс­қа шыға бас­таған. Алайда, басталған іске тоқ­мейілсу түпкі нәтижеге жеткізе бермейді.

Қызылордадағы «Кәсіпкерлік үйінде» өткен жиында бүгінге дейінгі жасалған жұмыстар таразыланып, алдағы жүзеге асатын бағдарламалар пысықталған. Елбасы бастамасын жүзеге асыру үшін облыс әкімі халықпен кеңесіп отырып, жаппай кәсіпкерлікті дамытуды бір жылдан үш жылға ұзартты. Енді ол 2018-2020 жылдар аралығын қамтиды.

– Биылғы жылы облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілері 11%-ке көбейіп, аталған көрсеткіш бойын­ша Қызылорда облысы аймақтар арасын­да көш бастап тұр, – деді жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев.

Кеңесте облыстық кәсіпкерлер пала­та­сының директоры Ғалымбек Жақ­сылықов баяндама жасап, күн тәртібіне сәй­кес атқарылған жұмыстар мен алдағы жос­пар­ларды айтты. Ол облыста осы мақ­сатқа барлық көздерден 32 млрд теңге қар­жы қарастырылғанын, жаппай кәсіпкер­лікті дамыту жөніндегі Жол кар­тасы әзірленгенін тағы да еске салды. Онда кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақ­сатында үлгілі бизнес-жоспарлар, нақ­ты ал­го­рит­м­дер мен 264 елді мекеннің әрбіріне жауап­ты лауазымды адамдар бекітілген.

Жұмыссыздардың, жастардың, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар­дың жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ламасы шеңберінде жалпы сомасы 200 млн теңгені құрай­тын 224 мемлекеттік грант бөлінген. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры мемлекеттік гранттар санын арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу бағытындағы жос­парларымен бөлісті.

– Қазір «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 97,4 млн теңгені құрай­тын 405 мемлекеттік грант беру бойын­ша жұмыстар жүргізілуде. Өтеусіз грант есебінен жыл соңына дейін 1005 тұрақ­ты жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Сонымен қатар жыл соңына дейін шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін азаматтардың санын кемінде 90 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр. Біз бұл межеге жететін боламыз, – деді Ғ.Жақсылықов.

Коалиция отырысында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы басшыларының күн тәртібіне сәйкес атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып, жұмысты жетілдіруге қатыс­ты ұсыныстар мен пікірлер айтылды.

Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында кәсіпкерлікті ұлттық экономиканың жетекші күші ретінде бағалап, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиістігін атап өткен болатын.

Кәсіпкерлікті күшейтудің маңызды­лығын Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдау­лары мен Үндеулерінен және барлық бағдарламаларынан тыс қалдырмай келеді. Биылғы бес әлеуметтік бастама­сы­ның бір бағытын «Шағын несие беруді көбейтуге» арнауының өзі-өзін өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз жүр­ген халық арасында жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту үшін жасалып отырған үлкен мүмкіндік.

Облыста Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, жоғарыда айтыл­ғандай, жақсы нәтижесін беріп жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы