Әдебиет • 04 Қазан, 2018

Ақын Ғафу Қайырбековтің аманат жырлары

2046 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақын Ғафу Қайырбековтің өмір жолы қазақ халқының басынан өткізген Кеңес дәуірін қамтып, еліміздің егемендік алған алғашқы жыл­дарымен шектелген екен.

Ақын Ғафу Қайырбековтің аманат жырлары

Ол Қостанай облысы Жангелдин ауда­нының Торғай кентінде туған. Ыбы­рай Алтынсарин негізін қалап кеткен мек­тепте оқып жүрген кезінде 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетеді де, 13 жасар бала аудандық мекемелердің бірінде кеңсе қызметін атқарады. Жастайынан халықтың қайғы-қасіреттен тұншығып, зар-запыран жұтқанын бірге көрген жасөспірімнің жадағай көңіліне тірек іздеген ой-сезімдері өсе ке­ле трансформацияланып, заман, қо­ғам, адам арасындағы байланыс пен қайшылықтарға деген өз көз­қарасын қалыптастыра бастайды. Социалистік революция, «ақ пен қара, бай-құлақ» деп жұртты қы­ру, коллективтендіру, 1931 жылғы ашар­шылықтан қырылған жұрттың 1937 жылы бас көтерген зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратып көзін жою, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы – осындай сұрапыл кезеңдерді бастан өткіз­ген халқымыздың бойындағы өмір­сүйгіштік пен қайсарлық, мейірім, сенім, төзім, рухтылықты көрген Ға­фу ақынның жанынан алаулаған жыр­лар төгілді. 

Ғафу ағамыздың құдай қосқан жары Бәтеш Хамзақызы да сол 1937 жылғы қуғын-сүргінде ұсталып кеткен әкесінен бір хабар ала алмады. Ақын «Көкиық» атты балладасында сол кездегі үкіметтің сұмпайы, сұрқия саясаты қаншама көзі ашық зиялыларды құртып, халықтың тамырына балта шапқанына ашынған Бәдештің монологінде:

Жалғыз сөз: «жабылдыңыз» бар айтқаны,

Әкетті, алды-артына қаратпады.

Айыбы, кейін білдік, Сәкен ақын

Сөздерін жұртқа оқып таратқаны, – деп күңіренеді. 

Ғафу ақынның да еліміз тәуелсіз­дік алғаннан кейін тынысы ашыла түс­кені, оның тарихымыздың шыр­қыраған шындықтарын айқын­дап, халқымыздың рухани қуатына айналған тұлғалар жайлы жазылған шығармаларында ерекше көркемдік пафоспен көрініс тапқан. Еліміздің басынан өткізген небір нәубет ке­зінде өздерінің батылдығы мен па­расат-пайымымен бас-көз, пана бо­ла білген, халықтың біртуар батыр ұлдарының азаттық жолындағы жанкештілігі мен өр намысын асқақ­татқан ақынның поэмалары рухтандырады да еңселендіреді.

Ақырып ата аруағын шақырғанда,

Шаңқ етіп шартарапқа шарқ ұрғанда,

Шашақта шұбар ала ту желбіреп,

Самсаған шығарғанда батырды алға.

Қашанда қасиеттеп қазақ тұтқан,

Артық жоқ дүниеде азаттықтан,

Сол үшін, соны қолдан 

бермеймін деп,

Тарихта талай ерлер басын жұтқан.

Дегендер тұтас туған тұлға бүтін,

Киместен өткен жандар құл қамытын,

Қашанда азаттықтың бір перзенті,

Бойында жатар тулап бұл халықтың, – деп арқалана тебіренеді ақын өзі­нің «Азаттық перзенттері» атты поэмасында. «Азаттықтың алғашқы ұл­дары» деп аталған бірінші бөлімнен бас­тап жоңғар шапқыншылығы, Кене­сары хан көтерілісі, Исатай-Ма­хамбет, Амангелді батырлар­ ұлт-азаттық күресі мен Ұлы Отан­ соғысындағы қазақ батыры Бауыр­жан Момышұлымен бір­ге қазақ солдаттарының да көр­сеткен ерлігі мен өрлігінің арқасында келген Жеңістегі біздің халқымыздың қа­һар­­ман келбетін салиқалы да зор сүйіс­пеншілікпен суреттеген Ғафу ақын данагөй батыр Бауыржанның атынан:

Әрине, сұрапылда жеңдік – дейсің,

Жеңгізген Елдік дейсің, 

Ерлік дейсің,

Тағы да одан басқа бір күш барын

Мен айтсам еш суреттеп сен

бітпейсің.

Қазақтың Азат деген өз атасы, 

Болсын деп, Азаматтың азатбасы, 

Соны іздеп кең даланы 

шарлаған ол,

Көшумен көктем айы, 

жаз аптасы.

Қашанда азат кісі намысты адам, – деп кемел оймен түйіндейді. 

Ғафу ақынның поэзиясының қуаты оның жан дүниесінің періш­тедей тазалығында, елімен өзінің тағдырының егіз екеніне, өмірдің ұлы­лығына, Жаратушының қағи­даларына деген берік сенім мен адалдықта. Мұндай рухани байлық шығарманың көркемдік тынысы болып табылады. «Ақын елінің тілі ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой», деп 1937 жылғы репрессияның құрбаны болған қазақтың ардақты ұлы Жүсіпбек Аймауытов айт­қан­дай, егер ақынның тілі мен жан байлығы құнар­лы болмаса, оның шығармалары жүрекке жет­пей­тіні белгілі. Сондық­тан тек үл­кен дарын иесі ғана өз көңіл көрегендігімен, терең сезімтал­ды­ғымен жеке адамның ғана емес, бү­кіл қоғам мен заманның тыны­сын сезіп, күретамырын дөп басып шығар­маларында көркем де пси­хологиялық шеберлікпен оқырман­ның жетесіне жеткізе алады. Осы ойымызды Ғафу ағамыздың мына шумағы дәлелдеп тұрғандай: 

Бұл қазақта ұғым бар «заржақ» деген,

Бүгін барлық ақындар зарлап өлең

Жазып кетті, қарғайды әлде кімді,

Болмай қойды ашуда «алды-арт» деген.

Кіл жылауық өлеңнен өнер шықпас,

Қанша сыйлап ықылас қой­ған­­­менен, – деп толғанған ақын қоға­­­мымыздағы келеңсіз кер­тарт­па­лық­тарға күйінеді.  

Елі бардың жаны бай... Ғафу ақын­ның туған жердің әрбір түкпі­ріне деген жүрегінен жалындап ат­қылаған махаббаты тудырған жы­р­лары нұр-шуақтай төгіліп, жар­қы­райды:

Басында Байынқолдың 

Шоған сайы,

Бар ма екен сұлулықтың соған сайы,

Үш қатар кілем іліп тастағандай

Тянь-Шаньның күміс шырша, қарағайы.

Көрсетпес шыңның өзін биіктігі

Аспанға білектерін созған сайын. 

Ауаға тояр емес өкпе, шіркін, –

Дегендей,«осы арадан қозғал­майын».

Осылай арқалана жырлаған ақынның көркемдік бейнелеу шеберлігіне тән­ті болып, сол сұлулықтан жан дү­ниеңіз нәрленіп, бойыңызды шат­­тық билеп, шабыттанасыз. Ал оның «Тобыл толқындары» атты жыр­ларындағы телегей тебіренісімен бірге толқисыз, толғанасыз, туған жер­дің қымбаттылығы арта түседі:

Рахмет саған, Қостанай,

Рахмет, дария, Тобылым,

Ықыласымды тастамай,

Рахатыңа шомылдым!

Ол көл емес – шынында,

Алғысы туған мекеннің

Байқасам – соң да, бұрын да,

Бақытты ақын екенмін, – дейді ақын зор ықылас, алғыс се­зімі бойын кернеп. Ал «Алтай дәп­тері» атты топтамасында табиғаттың құдіретіне бас иген ақын аға, шебер­ліктің қасиетін асқақтата түседі: 

Сен шеберсің, Табиғат,

Сенде өлмейтін өнер көп.

Айту да бір – ақиқат, – 

Шеберлерді шебер деп! 

Осылай тамсанған ол, мына ғұмыр дарынды, бойына ерекше қуат, құт дарыған шеберлердің арқа­сында бой түзеп тұрғанын асқақтата жырлайды. 

Әрбір үлкен ақын заманның күр­делі кезеңдерінің қайшылықтары мен күреске толы құбылыстарын өз түйсігімен сезініп, көзқарасымен тұ­жырымдап, оқырманға бағыт-бағ-­ д­ар береді. Ал шығармалары санада қопарылыс жасауы үшін ақынның рухани әлемі адамзаттың озық ойымен нәрленіп тұруы керек. Мұндай көктен құйылатын шабытты сәтті ұстап алу қиынның қиыны екенін Ғафу ақын да жақсы біледі, сондықтан ол:

Әрине, табиғатта ұлы күш бар,

Әрекет, әлемдегі құбылыстар.

Ой болса әкетеді нелер саққа,

Көз болса, мыңнан соның бірін

ұстар,– деп тебіренеді.

Әрбір қазақтың санасына,­ жү­регіне елдіктің, ерлік­тің, ұлты­мыз­дың рухани құндылық­тарын, тәуел­сіз ел болуымыз үшін басын тіккен тұлғаларымыз жайлы толағай толғаныспен, терең де ұш­қыр сезім­талдықпен жырлаған қазақ­тың ірі ақыны Ғафу Қайырбеков хал­қы­мыз тәуелсіздікке қолы жеткенде қанатын кең жайып, шабыты ша­рықтай түседі. Егемендігіміздің қадір-қасиетін ол өзінің демі біт­кенше жүрекжарды жырларымен айғақтап, айшықтаған екен. «Азат­тықтың алғашқы ұлдары» атты жыр топтамасында ақын аға:

«Қашан сен ел болып едің», – деген сұрақ,

Тиеді атқан оқтан ауырырақ.

Кеудеңде намыс деген бір от болса,

Лап етіп сыртқа шығар сонда бір-ақ.

Ел мен Ер біздің тілде екі-ақ әріп,

Көрген жоқ бірін айтсаң, бірі қалып,

Көнсадақ, көзсіз батыр шығар қырға

Күн туса ел басына, бұлт айна­лып, – деп ақын әрбір қазақтың кө­кі­регін оятып, рух шақыра сілкін­діреді. Бастарын ел үшін тіккен ата-бабаларымыздың рухын түсіріп алсақ, өзімшілдікке бой алдырсақ, соңы немен тынатынын ескерткен абыз ақын дауысы өктем шығады: 

Ал содан кейін алмасар,

(Нанбасаң барлап білші өзің),

 «Өзім» деген бір сезім,

«Елім» деген бір сезім.

Алмаспай қалар кезі бар,

Алланың ол да салғаны,

Көбейді бұл шақ сондайлар,

Оп-оңай оны байқайсың.

Еріңді іздеп елді ойлар

Жақыннан, жаттан таппайсың.

Жүйріктің бағын топ сынар,

Алғашқы аяқ салғаннан.

Жалғанда сорлы жоқ шығар,

Көп болып, жалғыз қалғаннан! – деп ол алауыздықтан, барымыздан айырылып қалудан сақтандырады. 

Аяулы да арда қазақтың ірі ақыны Ғафу Қайырбековтің поэтикалық ой керуеніндегі ұлттың сенімі мен рухани қуаты, ерлігі мен өрлігінің табиғи болмысы, даналығы мен терең­нен тамыр тартқан дүние­танымы, дар­қан дарындылығы, мо­раль­дық, эсте­тикалық алтын жыр құй­ма­ларына айналып,болашаққа жол тартып, хал­қымыздың жан дүниесін байыта берері хақ! 

Жадыра ДӘРІБАЕВА,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері