Әдебиет • 04 Қазан, 2018

Якуб Өмероғлы. Энергиясы күшті әдебиет

684 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркі халықтарының әдебиеті бүгінде, әлемде беделді орынға ие. Тарихта әдебиет поэзиядан, әңгімелерден және романдардан басқа, ортақ құндылықтар мен мо­ральдық элементтерді танымал ету құралы ретінде әрекет етті. Әдебиеттердің осы функциялары басқа кезеңдерде тікелей қолдануға ты­рысқанымен, автор мұны мақсат еткен жоқ, бірақ мұндай өзара әрекеттерді өнер­дің өздігінен әсер етуі деп атайды. Бүгінде өнер туындылары дипломатияның көрнекті эле­менті ретінде жұмыс істеуге көшті. Инс­ти­туционализацияланған және мәдени дип­ломатияның атымен таралған бұл тәжі­рибелер бүгінгі күнде мемлекет тарапынан қамқорлық және қолдау көре бастаған.

Якуб Өмероғлы. Энергиясы күшті әдебиет

Мәдени дипломатия халықаралық қаты­нас­тарда күн сайын «суық соғыс» кезеңінде елдердің саяси насихаттау әдістерінен немесе елдердің туризмді жылжыту бағдар­ламалары әдістерінен бөлек жолымен кү­шейе түседі.

Түркі әлемінің әдебиеті – дүниедегі энергиясы күшті әдебиеттердің бірі. Оған дәлел – Айт­матов сияқты дүние жүзіне танымал жазушыларымыздың болуы. Түркі дүниесі әдебиетінің адамзатқа айтары бар. Біздің жазушылар дүниежүзілік мәселелерге қатысты пікір білдіріп, өз мәдениетіміз бен тарихымыздан жеткен алтын қазынаны таратып жатыр. Ал қазақ әдебиеті – түркі дүниесіндегі ең жас әдебиеттердің бірі. Бір жағынан қазақ әдебиетінің Орхон Енисейден басталатын өмірі бар, ол барлық түркі әдебиетіне ортақ. Салыстырмалы түрде жас әдебиетте қасаң дәс­түрлерден ада болып, болашаққа ашық көз­бен қарайтын мүмкіндік бар.

Біз өзіміз 30 шақты авторды аударсақ, өзге баспалардан және үкіметтің қолдауымен түрік тілінде шыққан кітаптар көп. Ғабит Мүсіреповтің, Әбіш Кекілбаевтың шы­ғар­маларын, Абайдың қара сөздерін шы­ғардық. Шәкәрім туралы кітап жарық көрді. Мағжанның жолма-жол аударылған өлең­дері бар еді, көркем аударма ретінде тағы бір кітабы шықты. Ұлықбек Есдәулет, Рахым­жан Отарбаев, Смағұл Елубай шығармалары ауда­рылды. Түрік халқы Қазақстанда болған аштық туралы Смағұл Елубайдың романы арқылы білді. «Абай жолы» түрік тілінде бұрын шыққан, бірақ оны біз есепке алмаймыз, себебі нашар аударылған. Осылайша, «Абай жолының» түрікшеге сәтті аудармасын күтудеміз. Түркі тілдерінің өзара аудар­масының өзіндік қиындықтары бар. Сырттағы адамдар мұны байқамайды. «Түбі бір тілдерді өзара аударудың не қиындығы бар?» дейді. Белгілі бір сөздің екінші туыс­тас тілде түрлі мағыналары болуы мүмкін. Мысалы, той туралы қазақ романы түрікшеге ауд­арылған. Той алдында жасалатын құда түсу, сырға салу сынды барлық жиындарды «дүгүн» (түрікше – үйлену тойы) деп аудара берген. Үйлену тойының «бірнеше рет өтуін» түрік оқырмандары түсінбейді. Екін­шіден, түркі тілдерінің өзара әдеби-көркем аударма заңдары әлі дамымаған. Мұны жаңа сала деп айтсам, қате болмайтын шығар. Мәсе­лен, ағылшын тілінен аударудың 100 жыл­дан астам тәжірибесі, қалыптасқан өз жолы бар. Бізге де тәжірибе жинау үшін көп еңбек пен уақыт керек. 

Әлемге танымал тұлғалар шығу үшін шығармалары көбірек аударылып, форумдарды жиі өткізу қажет. Мұхтар Әуезов қол­дау көрсетпегенде, әлем оқырмандары Айт­матовтай таланттың бар екенін білмес еді. Форум сөзінің өзі пікір алмасу мағынасына ке­леді. Бүгінде түрлі елдерден келген әде­биет өкілдерімен танысып, уағдаластық жасас­тық. Егер мұндай жиын жыл сайын­ өткізілсе, Астана халықаралық әдеби орта­лыққа айналады. 

Якуб Өмероғлы,

Түркия