Кеңес уақытында әлем екі полюске ғана бөлінді. Бір жағында мұздай қаруланған кеңестік идеология, екінші жағында ақша мен материалдық игілікті бәрінен биік қойған АҚШ пен Еуропа елдері. Екі жақты жарыстың нәтижесінде КСРО құлады. Бірақ бәсеке тоқтаған жоқ. Бір полюс қана қалған күннің өзінде әлемді қан басты, соққан желден ажалдың исі сезілді. Әлемді уысында ұстағысы келетін «алыптар» кез келген қадамға баруға дайын. Әлемді сонша қауіпті етіп тұрған не? Геосаяси, геоэкономикалық, әскери-геостратегиялық қызығушылықтар. Экономика, саясат әлемінде гегемонияға жету үшін әскери-геостратегиялық күштерді пайдаланады. Соның себебінен мыңдаған жазықсыз жан жапа шегеді. Осының жолында қазір қанша ақша желге ұшып, террорлық озбырлық күш алды. Осындай пиғылдың кесірінен Йемен, Сирия, Ирак, Ливия, Тунис, оған қоса ондаған африкалық мемлекет гуманитарлық апатты бастап кешіріп отыр. Тіпті, әр күн сайын осы елдердің халқы жерден де, әуеден де бомбаланып, жапа шегуде. Бір қорқыныштысы, бұл қалыпты құбылысқа айналып барады. Жан сауғалап, жерін тастап қашқандар босқындар болып шыға келді. Қашқандардың бәрі тірі қалып жатқан жоқ. Марқұмдардың нақты санын да есептеп жатқан жоқпыз. Бұл басынудың, бассыздықтың ішінде моральдық террор да бар. Әкенің көз алдында еш кінәсі жоқ бала, баланың көз алдында аяулы ана оққа ұшып, ажал құшып жатыр. Бұл неткен ауыр соққы екенін сезіне аламыз ба?
Бұл террормен әлемді үрейде ұстап отырғандар оны ислам дінімен байланыстырғылары келеді. Ислам – бейбіт дін. Дінге күйе жағудың жазасын адам бермейді...
Біздің талантты ақынымыз, драматург Гусейн Джавид: «Қантөгісті тоқтата алған адам – әлемнің құтқарушысы» дейтін. Әрине, оны болдырмау үшін, өзара мәдениеттердің диалогін күшейтіп, соған баса назар аударуымыз қажет. Осы мәдениеттердің диалогі әлемді соғыстан құтқара алады. Бейбітшілікті сақтау үшін қызмет етеді.
Бұл диалогтің бір тармағы – әдебиет. Адам баласының қалыптасу, өсу жолында әдебиеттің орны айрықша екені баршаңызға белгілі. Бала күнінде роман, я повесть оқып, соның қаһарманы сияқты ержүрек батыр болғысы келмеген жан бар ма?! Махаббат жырларын оқыған сайын жүрегі атқақтап, сезім пернелері жарыса соғып, ғашық болуға ынтықпаған жігіт бар ма?! Оқып отырған шығармасындағы жақсы көрген кейіпкері бір апатқа ұшыраса, шіркін, соның орнында мен болғанда былай істер едім деп қиялға кім берілмеді дейсіз. Өмірге деген көзқарасымызды қалыптастыруға септігі тиген әдебиет осынысымен аяулы, қымбат. Әлемдегі бейбітшілікті сақтау жолында әдебиет соғысыңыздан да, саясат пен экономикаңыздан да қуатты. Көркем әдебиетті оқу арқылы адам ойланады, жаңа көзқарастар пайда болады, өзін шын мәнінде адам қатарына қоса бастайды. Өзінің робот емес екенін ойлап, бұл жарық әлемге ұлы махаббатпен келгенін мойындап, сол махаббатпен өмірден қоштасу керегін түсінеді.
Көркем әдебиеттің насихаты әлемдегі бейбітшілікті сақтау үшін ауадай қажет. Көркем әдебиет адам баласының жүрегін жұмсартып, гуманизмге тәрбиелесе, бұл қауіпті әлемді қауіпсіз, бейбіт әлемге айналдыруға болады деген сөз. Бірақ біз әлі қауіпті әлемнің тұрғындарымыз...
Юнус ОҒУЗ,
Әзербайжан