Аймақтар • 04 Қазан, 2018

Теміртауда «Жауыртаудағы кездесу» атты форум-фестиваль өтті

480 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теміртау қаласының іргесінде «Жауыртаудағы кездесу» атты форум-фестваль өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған мәдени шараға 100-ден астам белсенді жас қатысты. Олардың арасында еріктілер, блогерлер, робот техниктері және басқалар болды.

Теміртауда «Жауыртаудағы кездесу» атты форум-фестиваль өтті

– Бұл жоба ұзақ мерзімге – 2021-ші жылға дейін жоспарланған. Біз осындай фестивальдерді түрлі тақырыптар бойынша жыл сайын өткізуді қолға алмақшымыз. Биылғы жылы шараны жастарға арнауды жөн көрдік. Спикерлер ретінде танымал спортшыларды, бизнесмендер мен теологтарды шақырдық. Олар шеберлік сыныптар, семинарлар және жастарға тәжірибелік дәрістер өткізді, – деді Теміртау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айжан Шәкенова.

Фестивальде жастар үшін би сайыстары, белсенді ойындар мен түрлі сайыстардан тұратын тимбилдинг бағдарламасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, шара аясында Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері ХІХ ғасырдың орта шеніндегі қазақ қыстауын жаңғырту жобасын  іске асырды. Олар малға арналған қора-қопсы, ас әзірлейтін, жүн тазалайтын, тері илейтін және ши тоқитын аумақ жасап, саман үйдің макетін құрастырды.

– Бұл жоба – біздің көпжылдық зерттеуіміздің нәтижесі. Адамдар қыстауларда  күздің ортасынан мамырдың соңына дейін жылдың басым бөлігін өткізген. Біздің ата-бабаларымыз қандай жағдайда тұрғанын қайта жаңғыртып көрсетуді көздедік: қарапайым саман немесе балшықтан соғылған үйлер, малға арналған қора, шаруашылық аумақтар. Әрине, саман үйді сала алмадық, тек оның макетін жасадық. Ішкі жабдықтар да айтарлықтай ұқсас болмады. Алайда басқа жәдігерлердің барлығы сол кезеңге сай жасалды, – деп атап өтті мұражай қызметкері Татьяна Хмелёва.

Шара барысында Теміртау қаласындағы жеке сектордың тұрғындары қойлары мен жылқыларын беріп, ұйымдастырушыларға көп көмек көрсетті. Қонақтарды қыстаудың маңында қарсы алған мұражай қызметкерлеріне арналған киімдер де маңайдағы ауылдардан жиналды.

Фестивальді қызықтап келген қонақтарға самаурыннан шай ұсынылды. Сонымен қатар, олар ескі тәсілдер бойынша жүн түтіп, ши тоқып, ата-бабаларымыздың көнеден келе жатқан кәсібінің қыр-сырына қанықты. Ең бастысы, биыл ғана тұсауын кескен форум-фестивальге қатысушылар бір жарым ғасыр бұрынғы кезеңге саяхат жасап, тарихи сананы жаңғыртып, рухани мол олжаға кенелді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы