Әдебиет • 05 Қазан, 2018

Драматургия – шым-шытырық интрига

2611 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ұлы Шекспир айтқан осы анықтама, яки қайшылық бүгінде тек драматургияның жанрлық ерекшелік тұрғысында ғана емес, сол шығарманы тудырушылардың ішіндегі қыж-қыж қайнап жатқан ой мен пікір тасқынын да тура суреттеп беріп тұрғандай. Иә, театр десек, әсіресе осы драматургия мен драматургтердің айналасынан тарқатылар түйткіл көп. Режиссерлер мен театр басшылығы «Жақсы драматург жоқ» деп кейісе, аталмыш жанр өкілдерінің де сахна саласы мамандарына айтар өз даты бар. Орайлы сәтті пайдаланып, еліміздің жетекші театрларында пьесалары ұзақ уақыттан бері үзіліссіз қойылып, көрерменін қуантып келе жатқан бір қауым қаламгерді пікірталас алаңына шақырған едік. Сахна жанрының суреткерлері бүгінгі драматургиядағы өзекті мәселелер мен ондағы кезек күттірмейтін түйткілді тұстарға жан-жақты тоқталып, кәсіби һәм азаматтық ойларын ортаға салды. 

Драматургия – шым-шытырық интрига

Дулат Исабеков: – Менің байқа­уым­­ша, театрларға соңғы кезде драма­тургтің қажеті болмай қалды. Қазір сахна сала­сы мамандарының арасында «шығар­машылық еркіндік» деген жақсы бір ақталу термині пайда болды. Осыны желеу етеді де, ешқандай елек, сүзгі, көркемдік талқылаудан өтпеген пьесалар облыстық театрларды айтпағанда, академиялық бас театрларымыздың сахнасына да еш кедергісіз шығып кете беретін болды. Біздің драматургия шоуға, театр экспериментке айналып бара жатыр. Барлық жерде бір актілі қойылым. Бұрынғыдай классикалық пьесалар жазылмайтын болды және оны қажет етпейтін деңгейге жеттік. Мен мұны драматургияның болашағына балта шабу деп ойлаймын. Бүгінгі режиссер де, театр директоры да пьесаңның мазмұны мен маңызын сұрамайды, барған бетте: «Ұзақтығы қанша?» дейді. «1 сағат 20 минут» десең, «Онда дұрыс екен», ал екі сағат десең: «Ойбай, оған кім шыдайды?» деп шоршып түседі. 40 минуттық спектакльде ешқашан классикалық образ, үлкен оқиғаны айтып беру мүмкін емес. Бұл жай ғана жалғыз актілі пьесалардың шеңберіндегі үстірт жазылған оқиға, жеңіл-желпі мінез, сайқымазақ күлкіге құрылған арзанқол дүниеге айналады. Мен заманауи пьесалардың тілін тіпті сөз етпей-ақ қояйын. Сахнада көшенің тілі салтанат құратын болды. Ал бұл – шынайы өнердің келешегі үшін үлкен қауіп. 

                                                    

Исраил Сапарбай: – Бүгінгі дра­ма­тур­­­­гиямыздың түйткілді тұстарын Дулат жақсы айтып өтті. «Қазір драматург жоқ, жақсы шығарма жазылмайды» деп бізге қаратыла айтылған көңіл­тол­­маушылықты театр саласы маман­дары­ның аузынан тым жиі естиміз. Бұл жерде мәселені екі жақты қарау керек. Драматургтер жазбайды емес, жазады. Бірақ жазылған дүниеге деген нем­құрайлылық көп жағдайда шығар­машылық иелерін театрдан шеттетеді. Меселіңді қайтарады. Мәселен, мен 5 жыл толғанып жүріп, 5 ай тапжылмас­тан отырып «Адам ата – Хауа ана» деген пьеса жаздым. Өте кірпияз тақырып. Оңай болған жоқ. Соны бір күні театрға барып режиссердің қолына табыс еттім. Сонда пьесамды оқыған режиссер: «Аға, мынауыңыз аңыз ба, әлде абстракция ма? Мен мұны қойсам, тек балаларға арналған ертегі етіп қана жасай аламын» – деп қарап тұр. Шыдай алмай, қолжазбамды кері қайтарып алдым. Біздегі кей режиссердің таным деңгейі осындай. Бұл – бір ғана мысал. Қаншама уақыт толғанып жазған пьесаңды аялап, үлкен үміт артып театрларға тапсырасың. Бірақ ол ешқашан кері қайтпайды. Ең болмаса жарайтынын немесе жарамайтынын айтып бірауыз жауап та қатпайды.  

Дулат Исабеков: – Кәсіби драматург ретінде менің көңіліме қонбайтын, қабылдамайтын бірнеше сахналық туынды бар. Соның бірі – Мәдина Омарованың «Ақтастағы Ахико» спектаклі. Оның оқи­ға­сын баяндап, мән-мазмұнын айтып жатуды артық санаймын. Бірақ бір білерім – бұл мәнді, салиқалы, күрделі драматургияға берілген үлкен соққы болды. «Ақтастағы Ахиконың» сахнаға шығуы бүгінгі театрларымыздың дең­гейін, шы­ғармашылық әлеуетін айқын­дап берді. Драматургияның басты шарты – қайшылық түзу қағидаларының кем­шіндігін ескермеген күннің өзінде, қойы­лымдағы тарихи фактілердің бұр­малануы да сананы сан саққа жетелейді. Пьесаның тақырыбының өзі шынайы өнер­мен үндеспейтіндей. Қойылымда айты­ла­тындай, Мағжан Жұмабаевтың өлең­дерін ол жапон сақтап қалған жоқ. Мағ­­жанның өлеңдері жары Зыли­ханың арқасында бізге жетті. Ал сөйте отырып біз тарихи шындықты бұрма­лай­мыз. Бұл – республиканың өзге театрларына үлгі болатын қарашаңырақ М.Әуезов атындағы акаде­мия­лық драма театрының жағдайы. Ал об­лыстық театрлардың ахуалы тіпті сын көтермейді. Қазір өзі автор, өзі режис­сер, өзі актер – «кешен­­­­­­­­ді талант­тар» шықты. Пьесаны өзі жа­за­ды, өзі қояды және өзі ойнайды. Театр ди­ректорларының да драматургия ауы­лынан алыс дүниелерін репертуардан жиі көретін болып жүрміз. Бұл да болсын бүгінгі сах­на өнерінің көркемдік деңгейінің көрсеткіші.

Әлбетте, мен жастардың драматур­гияға келуін қуана қолдаймын. Сахнадан жақсы жұмыстарын көрсем, жүрегім жарылардай қуанып, бөркімді аспанға атып, билеп кетуге бармын. Сол сияқты талапқа сай емес, үдеден шықпаған шығармаларға да ой-пікірдің ашық айтылғанын қалаймын. Бір байқағаным, қазіргі жастар жұмыртқаны жарып шық­пай жатып, атақты аңсап тұрады. Ке­зінде менің замандастарым Әкім Тара­зи, Оралхан Бөкей драматургияға өте жас келді. Талай сыналды. Сыналып жү­ріп шыңдалды. Сондықтан да жас­тар босаңсымай, өздеріне зор талап қойып, бойындағы талантын еңбегімен дә­лел­деп жатса, одан өнер тек қана ұтады. 

                                                           

Тынымбай Нұрмағамбетов: – Менің тағы бір таңғалатыным, театр­ларда 2-3 рет жүріп, кейін репертуардан түсіп қалатын пьесалар қойылады. Оның нендей қажеттілігі бар? Бұл – театр­ басшылығының өзі сол театрға дос емес деген сөз. Көрермен қабылдамайтын қойылымды қою, өзін-өзі ақтамайтын спектакльді репертуарға енгізу – қып-қызыл шығын. Өйткені ешкім кел­мейді, ешкім көрмейді. Мұндай мысал өздеріңіз айтып отырған «әкемтеатр» – М.Әуезов театрының да тарихында болды. Ресей­ден шақырылған режиссер Надежда Птушкинаның У.Шекспир пьесасы бо­йынша қойылған «Отелло» трагедиясын айтып отырмын. Ал репертуарға енген пье­са кем дегенде өзінің шығынын өтеуі керек. Бұл – тікелей театр басшылығының қада­ға­лауында болуы тиіс міндеттердің бірі. Қазіргі көрерменнің көзі ашық, көкірегі ояу, талғамы жоғары. Өзіне не керек екенін және ақшаны қайда жұмсау қажеттілігін де жақсы біледі. Олардың уақыты да, қаражаты да ­са­­наулы. Ал біздің театрлар мұнымен тіпті санасқысы да келмейді. 

Софы Сматаев: – Рас, театр сала­сындағы талай шытырман жайттың куәсі болып жүрміз. Қай театрды алма, қай облысқа барма өзі жазып, өзі қоятын режиссерлерден көз ашпайсыз. Ол ол ма? Өздері бірауыз сөз қоспаса да, «егер пьесаң қойылсын десең, мені қосалқы автор етіп ал» деген ұсыныстар жиі түсіп тұрады. Өйтпеген жағдайда кейбір еңбегің ұзақ уақыт тартпада шаң басып жатып қалуға мәжбүр. Режиссерлердің, театр басшыларының өздерін драматург, жазушы етіп көрсетуге деген ниеті бүгінде театр әлемінде трендке айналып кетті. Тіпті шығармашылықты келісімге құратындары да бар. Ал одан өнердің өркендемесі бесенеден белгілі. Басқаны білмедім, бірақ өзіме қатысты жайтты айтсам, менімен соавтор болған бір режиссер кейінірек қызды-қыздымен тіпті ол пьесадағы аты-жөнімді алып тас­тап, өз атынан да қойып жүргеніне куә болдық. Сондықтан да драматургияға дұрыс көзқарас қалыптастыру керек. 

Дулат Исабеков: – Софы емес, қазір Софоклды өзгертіп қойып жат­қандар бар. Шекспир, Пушкин, Айтматов, Әуезовтердің есімін кейін ысырып тас­тап, өз тегін көрсететін режиссерлер де арамызда жетерлік. Сондықтан сен оған қуан, Софы! (күлді). 

Қазақтың қаламгерлерін құртып жүрген: «Жақсы жаз, бірақ тегін жаз» деген ұран. Осы ұранды желеу еткен талай театр басшысы драматургтер­дің еңбегін тегін иеленуге ниетті. Оған авторлардың өзі де пәлендей қарсылық таныта қоймайды. Шығармаларының сахнаға шыққанына мәз. Сол баяғы қазаққа тән дархандық мінезіміз бойы­мызда. Мәселен, менің пьесаларым, елімізден бөлек, Ұлыбритания, Түркия, Ресей сынды бірнеше шет мемлекетте қойылды. Сонда байқағаным, біздегі қазақы мінездің басымдығы. Сол табиғи діл-болмысымызға салып, қарапайым шығармашылық құқығымызды да қорғамайды екенбіз. Еліміздің театр­ларында талай жыл жүрген пьесаларыма төленбеген қаламақыны, қазір Еуропа театрлары үш ай сайын бір беріп тұрады. Міне, бұл – заңы жүйеге түсіп, тәртіпке бағынған мемлекеттің көрінісі. Осы бір мысал арқылы мен бір-ақ дүние айтқым келеді. Біздегі драматургияның хал-ахуалы бүгінде мемлекеттің назарынан тыс қалды. Айтуын айтып жатырмыз. Бірақ ешнәрсе орнынан қозғалмайды. Баяғы көш сол баяғы орнында әлі тұр. Мұның механизмі жасалған жоқ. Ол жасалмай, драматургияның да, драматургтердің де дәрежесі көтерілмейді. 

                                                       

Софы Сматаев: – Драматург деген шығармашылыққа қанымен, жанымен берілген адам. Еңбегіне өтеу күт­­пей-ақ, жазғанынан ләззат алып, соны қанағат етіп жүре беретін жақсы мағына­сындағы шектен шыққан жандар. Өнерді пайда көру үшін емес, елдің ертеңгі игілігі үшін деп қарап, сол жолда көзсіз­дікпен тіпті өзін де аямастан ең­бек­тенеді. Бірақ арасында ол маңдай тер­дің өтеліп тұрғаны да жақсы. Бұл шы­ғар­­машылық адамына рух, шабыт береді. 

Тынымбай Нұрмағамбетов: – Қазіргі қазақ театрларының репертуарын қарап отырып қарның ашады. Біз енді Кеңес үкіметінің тәжірибесін көрдік. Сонда жыл сайын тек іріктеуден өткен он шақты пьеса қабылданатын. Кейбір айрықша жағдайлар болмаса, көркемдік кеңес талқысына түспеген шығарма тосыннан театр репертуарына қосылыпты дегенді естіген емеспіз. Бүгінде сондай бір тәр­тіп­тің, бір орталықтан басқарылатын қадағалаудың болмауының салдарынан, әр театр өз репертуарына өзі би, өзі қожа болып кетті. Мұндай жағдай, әсіресе облыстық театрларда өршіп тұр. Сөйтіп 3-4 рет қойылып тоқтайтын спектакльдердің санын арттырады. Олардың діттегені – қойылымға бөлінетін қаламақы. Театр одан зардап шекті ме, пайда тапты ма? Оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Қазіргі Мәдениет және спорт министрлігінің, оның ішіндегі театр саласына жауапты мамандардың ең үлкен мән беретін мәселесі осы болу керек. 

                                                    

Дулат Исабеков: – Рас, қазақ театр­ла­­­­рының репертуары қазір науқан­дық та­қырыптарға, соның ішінде, әсіресе публицистиканың жүгін әзер көтеретін дүниелерді классикалық драматургиямен тең қоюға бейім. Бір күндік нәрсеге пьеса арнайтын болдық. Перзентін далаға тастайтын безбүйректер тағды­ры, дін мәселелері де жаппай сахнаға шықты. Көркем оқиға түзіліп, шынайы қақтығысқа құрылса мейлі, бірақ журналистік тілмен жазылған қарапайым ғана публицистік дүниелерді пьеса деп түсінудің өзі, меніңше, талғамсыздық. Мұндай тақырыпта эссе, трагедиялық ма­қала жазуға болады, бірақ тұтастай сах­налық шығарма арнауды әсте артық деп санаймын. Мәселен, Мұқағали Мақатаев жайында бүгінге дейін қанша шығарма жазылды? Мен білетін 4 пьеса бар. Білмейтінім одан да көп болуы мүмкін. Барлығының проблемасы не? «Мұқағалидың жыр кітабы шық­қан жоқ», «үй ала алмады» деген тұр­мыс­тық тақырып аясынан ұзамайды. Бұл – біздің драматургтеріміздің іздену әлемі­нің тарлығын, тақырып ауқымының ұсақ­­талуын көрсетеді. Қазіргі қолына қалам алған жазушы­лар­дың әлемдік драма­­тургтердің шығар­масымен шаруа­­сының жоқтығы. Оны оқы­майтын­ды­ғы, көр­мейтіндігі. Мәселен, мен Бер­нард Шоудың бір де бір пьесасын оқы­маған драматургті білемін. Әлемде драма­тургиялық шығармасы бойынша Нобель сыйлығына ие болған барлығы 8 лауреат бар. Солардың еңбегін оқыма­ған адамдар да талай қойылымның авторы атанып жүр. Ал бұл ұлттық драматургиямыздың келешегі үшін үлкен трагедия. Жалпы, драматургтің лексиконында «білмеймін» деген сөз өте сирек қолданылуы керек.

Тынымбай Нұрмағамбетов: – Театр­­дағы пьесалардан бөлек, экранда жүріп жатқан сериалдарды көре қалсаң да, кәдімгі журналистік тілден көз аш­пай­сың. «Бардың ба?», «Келдің ба?» деп был­дырлаған көп бейне. Сонда көр­кемдік өлшем деген ұғым қайда? Ол – прозаға да, поэзияға да, драматургияға да, кинематографияға тең талап. Көркем тіл, бейнелі ой, шытырман сюжет бол­маған жерде драматургия жайлы да сөз болмақ емес. Бізде шынайылық туралы ұғым жоқ. Өнерде жасандылық, көзбояушылық басым. Өйткені кез келген нәрсе: киноң болсын, театрың болсын – барлығы саудаға түсіп кетті. Жазған адам, қоятын режиссер басшылықтың жоғары жақтан қойылып отырған шартына көнсе ғана еңбегің жарыққа шығады. Керісінше жағдайда бәрі керісінше. Осыдан соң өнер жайлы қандай әңгіме болуы мүмкін?! 

Исраил Сапарбай: – Содан кейін, әрине драматургияға да кәсіби сын өте-мөте керек. Қойылып жатқан дүниенің деңгейі ең бірінші театр сынымен өлшенеді. Театр сыншысы жанашыр болып, әр қойылымға басқаша көзбен қарауы қажет. Сыншы әрбір жаңа спектакльді арнайы барып көріп, театрлардың шығармашылық тынысымен танысып, дер шағында сараптап, ой-пікірін жиі жариялап, сол арқылы сахна әлемінің бой түзеуші барометріне айналуға ұмтылғанда ғана өнер өрлейді. Өкінішке қарай, бізде дәл қазір қара қылды қақ жарғандай, шындықты мақтамен бауыздағандай етіп әділетін айтатын театр сыны жоқ. Театрға драматургтің де, сыншының да қажеттілігі шамалы болып тұр. Тіпті кейбір театрларда көркемдік кеңес жоқ. Бар болғанның өзінде, талқылау тек өз ішінде ғана өтеді. Сырттан сыншы шақырылмайды. Бұл да өнерді өсірмейтін факторлардың бірі. 

Тынымбай Нұрмағамбетов: – Әрине театр, әсіресе репертуар төңірегінде түйткіл көп. Оның бәрін айтып тауысу да мүмкін емес. Мен бір дәйек келтірейін. Былтыр мына Сұлтанәлі (Сұлтанәлі Балғабай – авт.) себеп болып, осы драматургия тақырыбында Мәдениет және спорт министрлігіне де, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне де хат жаздық. Бүгінгі театр репертуарының жай-күйі, қаламақы мәселесі жан-жақты айтылды. Одан бері де талай уақыт өтті. Сең қозғалмастан әлі орнында тұр. Ешқандай жауап келмеді. 

                                         

Сұлтанәлі Балғабай: – Иә, жасыратыны жоқ, драматургияда кезек күттірмейтін мәселе жетерлік. Оның барлығын бір жиында айтып тауысу мүмкін емес. Десек те соның ішіндегі ең үлкен проблема – репертуар­ таңдау мәселесі. Мұны Тынымбай да жақсы айтып өтті. Театр директоры немесе шенеуніктердің, жалпы кездейсоқ адамның театрға апарып пьеса қоюы, сөйтіп өзін драматург деп жариялау тәжірибесі біздің елден басқа бірде-бір мемлекетте жоқ. Бұл – қазақ театрларындағы асқынған дерттің бірі. Мысалы, Ресейде, жоғарыда сіздер айт­қан министрліктің қабылдамаған пьесасы қойылмайды. Тек келі­сілген, іріктеуден өткен туындылар ғана сахнаға шығуға құқылы. Өткен жылы біздің ұсынысымызбен, жазушылардың бас­тамасымен Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің жанынан дәл сондай репертуар бас­қар­масы ашылды. Бірақ әлі де жанды емес. Міне, енді осы басқарманы күшейтіп, жұмысын бір жүйеге түсіру қажет. 

Екінші мәселе – театрда қойылған әрбір жаңа пьесаның жауапкершілігі. Үкімет тарапынан қомақты қаржы бөлінгеннен кейін де, сол қаражаттың толықтай ақтай алатынына кепілдік беретін сапалы пьесаларды ғана қою мәселесі. Егер олай болмаған жағ­дайда келтірілген шығын үшін театр басшылығы жауап беруі керек. Сонда ғана мұндай келеңсіздіктерге жол берілмей, бір жүйеге түсетін болады. 

Одан кейінгі мәселе – қаламақы жайы. Театрда қаламақы төлеудің екі жолы бар. Біріншісі – жаңа пьесаларды сатып алу, екіншісі – авторлық қоғам арқылы әрбір қойылған спектакльден түсетін кірістің белгіленген ережеге сай белгілі бір проценттік мөлшерін алып отыру. Бізде осы мәселе толыққанды жолға қойылған жоқ. Драматургтер әлі күнге дейін сахнаға шыққан пьесасы үшін қаламақысын театр басшылығының соңынан сұрап жүруге мәжбүр. Тіпті кейбір шығармалар тегін қойылады. Мәселен, менің «Ең жақсы еркек» деген комедиям еліміздің 3 театрында қойылды. Тек бір-ақ театр қаламақы төледі. Қалған театрларда тегін жүріп жатыр. Бір-екі рет айтып, нәтиже болмаған соң, сахнаға шыққанын қанағат тұтып, қаламақысына қолды бір-ақ сілтеуге мәжбүр болдық. Тіпті кейбір облыстық театрлар бір ауыз ескертпестен, пьесаны автордың рұқсатынсыз алып та қоя беретін жайттар кездесті. Өнерге жанкештілік керек. Әйтсе де, драматург те шығармашылық иесі. Әрбір жазған дүниесіне барын беріп, жанын салып жазғаннан кейін, еңбегі өтеусіз қалуға тиіс емес. Сондықтан да осы мәселелердің барлығы министрлік тарапынан бір жүйеге қойылып, ортақ ережеге бағындырылса, мұндай келең­сіздіктерге жол берілмеген болар еді.  

Жазып алған Назерке ЖҰМАБАЙ, 

 «Егемен Қазақстан»