Басқосудың бірінші күні Қазақстанда жаңадан пайда болған синтетикалық есірткі түрлерін пайдалану мен оны емдеу үлгілері, наркологиялық есепке тіркеудің халықаралық инновациялық талаптары мен шешімді жолдары, нашақор-науқастың емделуге қолжетімділігі секілді мәселелер талқыға салынуы тектен-тек емес екен. Демек, жергілікті халықтың алаңдауына негіз бар. Аса қауіпті дертпен күресудің амалдары қандай? Осы орайда негізгі баяндама жасаған Чехиядан келген есірткі жөніндегі үйлестіруші-маман Йиндрих Воборил мен халықаралық CADAP бағдарламасының жетекшісі Эрнест Робеллоның, CADAP ұлттық бағдарлама стратегиясының белсендісі Джон-Питер Кулстың (Нидерланд) сөздері мәжілістің өзге спикерлері үшін де, қатысушы тыңдарман үшін де өте тартымды шықты. Қоғамды дендеген кеселмен күресудің сан қырлы жолдары мен әдіс-тәсілдері ашып айтылды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесімен күрес және есірткі айналымына бақылау жасау жөніндегі департаментінің жауапты өкілі Иван Добрышин есірткіге қарсы жүргізілетін негізгі шаралар мен мониторинг жасаудың еуропалық тәсілдері Қазақстан аумағында талаптағыдай жүзеге асып жатқанын алға тартты.
– Біздің мамандарымыз Амстердамдағы Trimbos институтында болып, нидерландтық әріптестердің ұлттық мониторинг жасау орталығының қызметімен танысты әрі оны кеңінен зерттеді, – деді И.Добрышин. – Соның игілікті нәтижесі болар, таяу мерзімде дәл сондай мониторингілеу орталығы біздің елімізде де ашылады.
Бірқатар есірткілік компоненттерге еркіндік берілген Нидерландтың бас қаласы Амстердаммен Алматы тәжірибе алмасып жатса, істің шын мәнінде ушыққаны емес пе деген ой да келеді екен осындайда. Әйтсе де, Қазақстан ғана емес, жалпы Орталық Азия елдерінде есірткі мен өзге де психотроптық заттар, наркологиялық дәмі бар дәрі-дәрмекті таратуға тосқауыл қою жөніндегі бұл бағдарламаның халықаралық салмағының барын еске алған да жөн. Өйткені CADAP қызметінің Еуроодақтың (ЕО) осы бағыттағы салалық жобасына тікелей қатысы бар. ЕО Орталық Азия мемлекеттерімен қатар, Еуропаның Нидерланд пен Чехия, Польша мен Германия сияқты елдеріне де қаржылай қолдау көрсетіп келеді.
Мәжілістің екінші күні негізгі әңгіме денсаулық сақтау мен есірткі қауіпсіздігі, оның айналаға тигізетін залалы тақырыбына арналды. Кеңейтілген отырыста елімізде пайда болған жаңа синтетикалық есірткі түрлерін пайдаланудың жаңаша жол табуы мен қазіргі таңдағы оның сандық өсімі, оны жаңаша емдеу үлгілері туралы Қазақстан дәрігерлері ойларын ортаға салды. Тәжікстан мен Түрікменстаннан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген өкілдер өз елдеріндегі есірткі саясатының ахуалы туралы салиқалы ой бөлісті. Осы күнге дейін нашақорлық пен жезөкшөліктен ада бірден-бір ел Түрікменстанның өмір салты да қызығарлық, әрине. Алайда, көршіден маза кетсе, қол қусырып ол қалай тыныш отырмақ?
Пікір білдірушілердің ойын аяқтауына уақыт жетпей, сөйлеушіге сөз жетпей қызу өткен екі күндік конференциядан бір аңғарылғаны – кеңірдекті қанша жерден созсақ та «болар іс болып, бояуы сіңіп қойған». Қазіргі Қазақстанның аумағында есірткіге тәуелді 23,5 мың адам тұрып жатыр. Мұқият есепке алынғандары. Олардың ішінде 200-дей кәмелеттік жасқа толмағандар, 2000-дай әйел бар. CADAP-тың халықаралық жиынында қазақстандық мәртебелі өкіл И.Добрышин сондай дерек келтірді. Тіпті бұл соңғы бес жыл ішінде 35 процентке кеміген көрсеткіш екен.
Дәрігер-мамандар, психологтар, мемлекеттік емес ұйым мүшелері, шетелдік меймандар бұл жиында ғасырлық-ғаламдық дертке тосқауыл қою керектігін ашынып, алқынып айтқанмен, оның алдын алудың, болдырмаудың жолын табуда мүлдем шарасыз екендігі байқалып та тұрды. Өйткені есірткі трафигінің жолы кесілген жоқ! Бірақ әдеттегідей, оған қарсы аяусыз күрес жалғаса бермек.
...Есірткіге қатысты халықаралық мәжілістің тәмамдалуына уақыт таяғанда веб-сайттар Алматыда «Амфитамин» психотроптық затын тасымалдаушының құрықталғаны туралы шұғыл хабар таратты. Экономикалық тергеу қызметінің сарбаздары Еуроодақ (ЕО) елдерінің бірінен пошта тасымалы арқылы келген 2,522 грамм есірткілік затты қабылдаған азаматтың қолына кісен салыпты.
Ендеше, бүгінгі есептік мақаланың түйінін шешуді елінің болашағы үшін жаны ауыратын әрбір азаматтың таразы талқысына, ойлау еншісіне қалдырдық.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»